Дүйсенбі, 29 қыркүйек, 01:24

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Балалар тасымалы: Талап тегеурінді

25.09.2025

28

0

balabaqsha sadik
Фото: Нұрболат Нұржаубай

Облыс балабақшалар саны жөнінен республикада Түркістан, Алматыдан кейін үшінші орында. Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін 577 мектепке дейінгі ұйымда 45391 бала тәрбиеленуде.  Ал 374  жекеменшік балабақшада 26 мыңнан астам бала бар.

Жасыратыны жоқ, кейінгі кезде жекеменшік балабақшалардың қызмет сапасына қатысты көп сын айтылып жүр. Мәселен, өткен жылы бала тамақтан уланды, оқу жылының басында кереуеттен құлады тәрбиеленуші бірнеше жерде тістелді, ыстық суға күйіп қалды.  Жақында «Ералаш» балабақ­шасының тасымалмен айналысатын авто­көлігінің жол-көлік оқиғасына ұшырауы қоғамдық пікір тудырған еді. Осыған байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ермахан Абдраманов БАҚ өкілдеріне брифинг берді.

– Ата-аналардың жекеменшік бала­бақшаларда көрсетілетін қызметтің сапасына қатысты көңіл толмаушылығы бар екені жасырын емес. Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес жылына бір рет мониторинг жүргізіледі. Қағида нормаларын бұзу фактілері анықталып,  акт білім бөлімдерінің ресми интернет ресурстарында жария­ланды. Заң бұзушылықтарды жоюға қосымша уақыт берілді. Дегенмен, кемшіліктер толық жойылмаған және бала өміріне қауіп төнген оқиғалар болған. Қалада 44, Жаңақорғанда 24, Шиеліде 25 мектепке дейінгі ұйым мемлекеттік тапсырыс алушылар тізбесінен шы­ғарылды. Мемлекеттік тап­сырыс тоқта­ғанымен,  бала­ларды қамтуға кері әсерін тигізбейді. Біздің мақсатымыз – балаларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Бала өмірін өзінің бас пайдасынан төмен санайтын кәсіпкерлерге шектеу қоямыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Аймақтағы 374 жекеменшік бала­бақшаның 106-да немесе 28,3 пайызында тасымал ұйымдастырылған. Оның саны бұдан да көп болуы мүмкін. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов айтты.

– Соңғы айларда екі рет жол-көлік оқиғасы болып, қоғамда резонанс тудырды. Осы ретте балалар тасымалымен айналысу үшін қойылатын қолданыстағы заңнама талаптары жөнінде айтқым келеді. Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес, кемінде екі есігі бар, техникалық жай-күйі уәкілетті орган бекіткен талаптарға сай көлікпен, жолаушыларды және жүкті тасымалдау ережелерінде белгіленген талаптарға жауап беретін автобустармен жүзеге асырылады. Автобустар сары түсті жарқылдауық маякпен жабдықталады. Оған «Балалар тасымалы» деген таным белгісі орнатылады. Жасы кемінде жиырма бесте, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі және кемінде бес жыл еңбек өтілі бар жүргізушілердің тасымалдауына рұқсат етіледі. Автобус шанағында тасымал­данатын балалардың саны орындық санынан аспауы тиіс. Қала сыртындағы жолдарда балаларды тасымалдайтын екі және одан да көп автобус легімен жол полициясының арнайы автомобильдері ілесіп жүруге тиіс. Тасымалдауға  жетi жастан кiшi емес балалар рұқсат етiледi. Жетi жасқа толмаған балалар бiлiм беру мекемесi жұмысшыларының, сондай-ақ ата-анасымен және оларды ауыстыратын адамдармен жеке алып жүруi кезiнде ғана жол жүруге рұқсат етiлуi мүмкiн. Қазіргі жеке балабақшалардың ұйымдастырып отырған тасымал қызметі ешқандай нормативті-құқықтық актімен рәсім­дел­меген. Облыстық білім басқармасы жоғарыдағы заңнама талап­тарының орындалуын алдағы уақытта да тұрақты бақылауында ұстайды, – деді басқарма басшысы. 

Облыс әкімінің тапсыр­масына сәйкес полиция депар­таментінің бас­тамасымен «Балабақша» жедел профи­лактикалық іс-ша­расы өткі­зілуде. Балаларды тасы­мал­дауды заңсыз жүзеге асырған жүр­гізушілер анықталып, оларға қатысты 265 әкімшілік құқық­бұзушылық бойынша тиісті ша­ралар қабылданса, 28 көлік айып алаңына қойылып, 23 көліктің мемлекеттік белгілері тәркіленген.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА

syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика