Облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өткен баспасөз туры Арал ауданында жалғасты. Республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері ауданның әлеуметтік және кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты.
Арал өңірі кейінгі жылдары жаңа серпінмен дамып келеді. Мұнда әлеуметтік инфрақұрылымды, денсаулық сақтау мен білім беру нысандарын жаңарту, ауыл шаруашылығын ілгерілету бағытында ауқымды жобалар қолға алынған. Тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар өз нәтижесін беріп, ауданда жаңа нысандар бой көтеріп, халық игілігіне ұсынылуда.
Емдеу орнының қызметі ерекше
Теңіз төсіндегі мекеннің денсаулық сақтау саласында елеулі істер байқалады. Бүгінде аудандық көпбейінді орталық аурухана жанынан бой көтеріп жатқан ғимаратта 40 адамға арналған кардиология мен инсульт бөлімшелері орналасады. Емдеу орны қазіргі заман талабына сай медициналық құрал-жабдықтармен қамтылады. Осының нәтижесінде келешекте аудан халқына кешенді әрі жоғары сапалы медициналық көмек көрсетіледі.
Аудандық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Кемалованың айтуынша, алдағы уақытта жаңа ғимаратта МРТ аппараты мен ангиограф іске қосылады. Оған жергілікті тұрғындардың ұзақ жылдан бері қолы жетпей келе жатқан еді.
– Бұл емделушілердің дер кезінде сырқатын анықтауға мүмкіндік береді. Сол арқылы жоғары деңгейлі медициналық көмек көрсете аламыз. Бұрынғы жылдары пациенттерді облыс орталығына жіберуге мәжбүр болдық. Жыл басынан бері аурухана бөлімшесінде 800 науқас ишемия, инфаркт және стенокардияға байланысты тиісті ем алды. Ал инсульттік блокта 450-ден астам адамға дәрігерлік көмек көрсетілді, – деді ол.
Айта кетсек, аурухана жанынан 25 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесінің құрылысы да жүргізілуде. Бұл мәселе де бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан еді. Дәрігердің айтуынша, аурухана бөлімшесінде 670 адам дертіне дәру іздеді. Екі жаңа ғимарат та жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл құрылыстардың бас мердігері – «СМП-Қызылорда» ЖШС.

Одан кейін журналистер «Қамқорлық» оңалту орталығының құрылыс барысымен де танысты. Медициналық мекеме бұрынғы туберкулез диспансері ғимаратында орналасқан. Ішкі жабдықтау және монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Орталық тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде Арал, Қазалы және көршілес Ақтөбе облысының Шалқар аудандарында тұратын мүгедектігі бар балалар тегін емделеді. Орталық тұзды, сенсорлық, механотерапия және бальнеотерапия бөлмелерімен қамтылады. Қазір ауданда 442 мүгедектігі бар бала есепке алынған. Олардың 93-і церебральды сал ауруына шалдықса, 35-інің сөйлеу жүйесі бұзылған. Орталық жас өрендерді ерте бастан емдеуге және қалпына келтіруге жол ашады. Оған қоса физикалық және психологиялық тұрғыда көмек алады.
Жаңашыл жобалар жемісі
Баспасөз турына қатысушылар Орта Азияда алғашқы болып ашылған бірегей жоба «Geopark Aral» туристік аймағында болды. Бұл орын ЮНЕСКО-ның барлық талабына сай, ашық аспан астындағы музей ретінде бағалауға әбден болады. Геопарк ашылған күннен мұнда келушілер саны аз емес. Олардың қатарында ғалымдар, жиһанкездер және журналистер бар. Өткен жылдың қараша айында халықаралық форум өткізілді. Оған көптеген елден сарапшылар жиналды. Халықаралық Аралды құтқару қорының Арал және Қазалы аудандары бойынша өкілі Айнагүл Баймаханованың айтуынша, жобаның мақсаты – Арал теңізінің апатын әлем жұртшылығына таныстырып, аймақты қайта қалпына келтіру және болашағы жөнінде жан-жақты мағлұмат беру. Бүгінде «Geopark Aral» теңіздің тартылған табанында және көрікті жерлерде орналасқан 24 нысанды біріктіреді. Олардың қатарында «Көкарал» бөгеті, «Қамыстыбас» ауылындағы Қамбаш көлі, «Ақеспе» маңындағы термалды бұлақ, бірқатар тарихи және табиғи ескерткіш бар. Бұл – Арал өңірінің өмірінен сыр шертетін, тарихынан хабар беретін маңызды нысандар.

Сондай-ақ Аралда кір жуу ұнтағын шығаратын жаңа зауыттың іргетасы қаланды. Бұл жоба жөнінде журналистерге жергілікті кәсіпкер Жұбаныш Аманжолов баяндап берді. Ол жаңашыл істі қолға алып, қаржы салуға ниет танытқан. Шетелде білім алып, тәжірибесін толықтырды. AES Invest кәсіпорны импортты алмастыру бағытында қолға алынған маңызды жобаны жүзеге асыру үшін өткен айда құрылған. Кәсіпкердің айтуынша, еліміздегі кір жуу ұнтақтарының 97 пайызын импорттық тауарлар құрайды. Оның басым бөлігі Ресейден жеткізіледі. Бұл кәсіпкердің сапалы тұрмыстық химия өнімдерін шығару үшін жеке кәсіпорын құруына алып келді. Жоба бойынша 320 миллион теңге инвестиция салынады. Оның 150 млн теңгесі – «Даму» қоры арқылы алынған жеңілдетілген несие. Жаңа технологияны жан-жақты үйрену үшін түркиялық әріптестермен байланыс орнатылған.

Іргелі ауылдағы ілкімді істер
Аудандағы іргелі елді мекеннің бірі – «Сексеуіл» кентінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 300 орындық жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Қазір ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Бізді қарсы алған «Техоснастка Ремсервис» ЖШС учаске бастығы Болат Жылқыбаевтың айтуынша, оқушылар жаңа оқу жылын заманауи әрі жайлы жерде бастайды. Қазір ішкі жұмыстар қолға алынған. Еденге кафель төселіп, қабырғаны бояу және өзге де жұмыстар жүргізілуде.
– Құрылысты тамыз айында толықтай пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Жергілікті оқушылар жаңа оқу жылын сәнді де сәулетті ғимаратта қарсы алатын болады. Жаңа ғимаратты салу жұмыстарына барлығы 125 адам тартылған. Олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Қазір инженерлік жүйелер толықтай тартылды, – деді Б.Жылқыбаев.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова ескі мектептерді күрделі жөндеу және қайта жаңғыртуға мән беріліп отырғанын атап өтті. Бүгінде №14 мектеп-лицейде осындай жұмыстар жүргізілуде. Мектептің іргетасы берік сақталған. Онда инженерлік жүйелері толық жаңғыртылды. Шатыр, терезе, еден ауыстырылып, сыртқы әрлеуге және ауласын абаттандыруға көңіл бөлінді.

«Сексеуіл» кентінде жергілікті тұрғындар қарбыз, қауын, қызанақ және басқа да көкөніс-бақша өнімдерін еккен. Елді мекен ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге өте қолайсыз. Соған қарамастан жергілікті тұрғындар берекелі істі қолға алып отыр. Олардың айтуынша, биыл мұнда ауа райы қолайлы болған. Бұл диқандардың тынымсыз еңбек етуіне, мол өнімге жол ашты. Онға жуық отбасы 20 гектар аумаққа қарбыз-қауын, асқабақ секілді дақылдарды екті. Жиналған өнімдер жергілікті нарыққа шығарылуда. Кент әкімі Сәкен Төрешовтің айтуынша, суды үнемді пайдалану үшін алқапқа пленка пайдаланылды. Ол жердің ылғал сақтауына, судың буланып кетпеуіне әсерін тигізеді. Соған қарамастан қарбыз дәмімен және көлемімен ерекшеленеді. Бақша алқабына су «Құмсай» су қоймасы арқылы жеткізіледі. Онда жауын-шашын мол болғанда және қар ерігенде қажетті су қорын жинақтауға мүмкіндік бар. Дегенмен 1979 жылы пайдалануға берілген су қоймасы күрделі жөндеуді қажет етеді. Сол арқылы алдағы уақытта егіс алқабын ұлғайтуға, жоңышқа және өзге дақылдарды егуге болады. Бұл кент тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға негіз қалайды.
Баспасөз турында журналистер «Аманөткел» ауылдық округіндегі «Арал Рыбторг» ЖШС тоған шаруашылығының тыныс-тіршілігін көрді. 15 гектар аумақты алып жатқан шаруашылықта тұқы, сазан, ақамур және дөңмаңдай сияқты балық түрлері өсірілуде. Былтыр 7,7 млн дана шабақ тоғандарға жіберілген. Жылдық қуаттылығы 300 тонна болатын өндіріс орны болашақта өңірдегі балық өнімінің көлемін еселемек.
Біз танысқан маңызды жобалар – ауданның әлеуетін арттыруға, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты істердің көрінісі. Білім мен денсаулық, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы қатар дамыған ауданда халықтың болашағына деген сенімі де артып келеді.
Әділжан ҮМБЕТ