Жұма, 22 қараша, 12:13

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Astana Media Week: Цифрлық дәуірдегі дәстүрлі басылымдардың болашағы қандай

26.09.2024

201

0

Astana Media Week: Цифрлық дәуірдегі дәстүрлі басылымдардың болашағы қандай
Фото: Ботакөз Бақберген

Елорданың «Қазмедиа» орталығында Astana Media Week-2024 апталығының екінші күні өтіп жатыр. Медиа апталыққа БАҚ саласының өкілдері, сарапшылар, республикалық және аймақтық журналистер, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың баспасөз қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дәстүрлі іс-шараның біріншісі сессиясы «Өңірлік БАҚ дамуында синергияның көрінісі» тақырыбына арналды. Республикалық басылымдардың басшылары мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері газет-журналдардың, интернет басылымдардың жұмысында бірнеше жыл бойы шешімін таппай жүрген мәселелерді қозғады. 

Сессияны ашқан модератор – «24KZ» телеарнасының директоры Жасын Біркенов мінберде сөз сөйлеп, тәжірибесін бөліскен қонақтарды таныстырды.
«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы серіктестік құрылғалы бері еліміздің бас газеттері – «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» бірігіп, өзара синергияны қалыптастырғанын атап өтті. Ол сондай-ақ серіктестік құрамына жалпы 6 газет пен 5 журнал кіретінін еске салды.

«Бүгінде мерзімді басылымдар жұмысында шешілмей жатқан көптеген мәселе бар. Біз де ірі серіктестік ретінде бұл мәселелерді күнде байқап отырамыз. Мәселен, авторлық құқықты сақтау мәселесі бүгінде өте өткір қозғалып отыр. Бұл фотожурналистер мен тілшілердің жұмысында қиындық туғызады. Соттасуға дейін де жеткен оқиғаларды бастан кешірдік. Бұл журналистер мен масс-медиа өкілдерінің мәртебесін көтеру мен құқығын қорғау бойынша жұмыстар біршама тоқтап қалғанын білдіреді. Тағы бір мәселе – қаржыландыру мен жарнама. Бүгінде «Газет-журналдарды кім оқиды? Қазіргі заманда газет оқу өзекті емес» деген оғаш пікірлер қалыптасып жатыр. Десе де, газет оқитын адамдар бар, әр кез болады да. Газет саласына тек қолдау қажет. Бүгінде жарнама берушілер едәуір азайған, газет беттерінде тек некрологтарды ғана көруге болады. Иә, бұл шындық.
Келесі мәселе – газет беделі. Мәселен, 80-90 жылдары елдің бас басылымдарының беттеріне қандай да бір шенеунікке қатысты сыни материал шықса, оған дереу сөгіс жарияланып, лауазымынан да айырылып қалуы мүмкін еді. Ал аналитикалық мақалалардың деңгейі қазіргі материалдармен салыстырғанда жоғары болатын еді. Бұдан тағы бір мәселе туындайды – журналистердің сауаты, жас мамандарды оқыту сапасы», деді Дихан Қамзабекұлы.

Сондай-ақ сессия барысында өз ойын ортаға салған «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев қазіргі цифрлық дәуірде дәстүрлі баспаның орны мен мәртебесі туралы сөз қозғады.

«Қазіргі цифрлық дәуірде оқырмандар өз назарын жедел ақпаратқа салады. Бұл сайттар мен әлеуметтік желілердің беделін біршама көтергені анық. Алайда дәстүрлі БАҚ жойылып кеткен жоқ. Сұраныс бар. Газет-журналдардың үш негізгі қаржыландыру көзі бар: мемлекеттік тапсырыс, жарнама, оқырмандардың жазылуы. Айта кетейін, біз 2016 жылдан бері газеттерді өзіміз шығарамыз, жазамыз, басамыз. Басқа гезеттердің таралуына да үлес қосамыз. Бұл да өзара синергияның көрінісі. Алайда, бізге және басқа да өңірлік, республикалық басылымдарға «Қазпоштаның» қолдауы қажет. Соңғы уақытта көптеген басылым басшыларының «Қазпошта» жұмысына шағымдары көбейіп кеткен. Бұл мәселелер алдағы уақытта шешімін табады деген үміттемін», деді спикер.

Ал ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов жақында Мемлекет басшысы «Масс-медиа туралы» заңды мақұлдап, қол қойғаны, ол күшіне енгенін еске салып, Astana Media Week алаңында көтерілген барлық мәселе аталған заңмен реттелетінін айтты.

Сондай-ақ елдің түпкір-түпкірінен жиналған өңірлік БАҚ өкілдері де тақырыпқа байланысты пікір білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.

 Ботакөз Бақберген

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика