Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде ақпараттық және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, жылу маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Аймақтағы 223 ауылдық елді мекеннің 214-не кең жолақты интернет қосылған, 9 елді мекенде жұмыс жүргізілуде, 208-інде мобильді интернет бар. Қалған 15 ауылда 2027 жылға дейін спутник арқылы интернетке қолжетімділік қамтамасыз етіледі.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасымен 73 елді мекеннің 111 мемлекеттік органына, оның ішінде 21 әкімшілік, 44 білім беру, 45 аурухана, 1 метеостанцияға талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу, 129 ауылда интернетті әр үйге дейін жеткізу үшін «соңғы миль» субсидиялауы қарастырылған. Жыл соңына дейін 5G технологиясы бойынша Kcell, Tele2 байланыс операторлары базалық станцияларының саны Қызылорда қаласында 150-ге жеткізіледі.
Облыс аумағындағы «Қызылорда-Жезқазған», «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автомобиль жолдарының бойына 9 антенна-діңгек салу жоспарлануда. Бұл арқылы жол бойындағы ұялы байланыс сапасы артады.
Жылу беру маусымы басталғалы бері өңірде өрт, газдан улану оқиғалары тіркелген жоқ. Тиісті сала қызметкерлері ерікті жастармен бірлесіп, 14 482 тұрғын үйді аралап, профилактикалық түсіндіру жұмысын жүргізді. Бұған дейін бу қазандығы жапсарлас орналасқан 12 әлеуметтік нысанның 11-інде қазандықтар бөлек ғимаратқа шығарылып, тағы бір нысандағы жұмыс жалғасуда. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен 484 әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасының тұрғын үйіне көмірқышқыл газы мен өртке қарсы заманауи дабыл құрылғылары орнатылды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі