Сенбі, 07 ақпан, 22:15

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Аймақ басшысы Конституциялық кеңестің кезекті отырысында баяндама жасады

07.02.2026

10

0

627483426 1201454412175801 6540376738327456181 n

Бүгін Астана қаласында Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Әзімованың төрағалығымен Конституциялық кеңестің кезекті отырысы өтті.

Онда Ата Заңға енгізілетін өзгерістер жан-жақты талқыға түсті. Кезекті отырыста Қызылорда облысының әкімі, Конституциялық комиссия мүшесі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасап, өңірлер үшін жаңа Конституция жобасының практикалық маңызы зор екенін айтты.

629972210 1201454418842467 7042285163775018660 n

«Бүгінде Қазақстан ауқымды өзгерістің, түбегейлі бетбұрыстың алдында тұр. Халқымыз ұлт жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басуда.

Президентіміздің қатысуымен Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды бесінші отырысы тарихи миссиясы айрықша мазмұнға ие алқалы жиын болды.

Құрылтайда еліміздің келешек бағдары айқындалып, қоғамдағы ең өзекті мәселелер ашық талқыланды.

Президентіміз бұған дейінгі ауқымды саяси реформаларының жалғасы ретінде Конституциялық реформаға қатысты өз ұстанымдарын жеткізді.

Ел тарихындағы маңызды шешімдерді ұсынды.

Конституциялық реформа – еліміздің саяси жаңғыруына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын күшейтуге, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған.

Өңірлер үшін жаңа Конституция жобасының практикалық маңызы зор. Құжатта әкімдіктер күнделікті жұмыс барысында бетпе-бет келетін мәселелер қамтылған.

Бұл — су мен жер ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық жағдай, әлеуметтік қорғау, білім беру, аймақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету.

Конституция жобасы біз үшін, ең алдымен, шешімдер қалай қабылданатынын, оның жүзеге асырылуына мемлекет қандай жауапкершілік алатынын айқындайды.

Сонымен қатар, мемлекеттің Егемендігін нығайтуға, азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған тың тұстарын ерекше атап өту қажет.

Маңызды құжатта әсіресе, экологиялық қауіпсіздік мәселесіне айрықша мән берілген. Қызылорда облысы үшін бұл нормалардың маңызы өте зор.

Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Арал теңізінің тағдыры – ауыр сабақ. Оның салдарын бүгінгі күнге дейін сезініп келеміз.

Мемлекеттің қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету міндетін, азаматтардың экологиялық қауіпсіздікке қатысты құқығын, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ақпарат үшін артылатын жауапкершілік туралы нормаларды біз толық әрі саналы түрде қолдаймыз.

Бұл — біздің өңір үшін тек жалпылама айтылған ұран сөз емес, болашақ үшін маңызы айрықша құқықтық кепіл.

Жаңа Конституция жобасының маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту.

Бұл құжат адам құқықтарын қорғауға, өңірлерді қолдауға, әлеуметтік теңсіздікті төмендетуге бағытталған.

Атап айтқанда, ауылдық аумақтардың дамуына, жұмыс орындарын құруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, қолжетімді әлеуметтік қызметтерді жүйелі іске асыруға, халық алдындағы міндеттемелерді толық орындауға мүмкіндік береді.

Елімізде адами капиталды дамыту үшін білім беруді стратегиялық басымдық ретінде бекітеді.

Жаңа Конституция жобасын қолдаймыз.

Себебі, бұл құжат өңірлерді дамытудың шынайы қажеттіліктерін, аймағымыздың экологиялық жағдайы мен тұрақты даму мәселелерін толық қамтиды.

Ең негізгісі, адам мен табиғат және мемлекет мүдделері біртұтас жүйе ретінде қарастырылған.

Бұл — жауапкершілік, тұрақтылық және жарқын болашаққа бағытталған таңдау!”,- деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, отырыста Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Ата Заң жобасының жекелеген ережелерінің редакцияларын қайта форматтау және нақтылау туралы пікір білдірді.

ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрағасы Ләззат Қалтаева Ата Заң мәтінін Брайль форматына бейімдеуді ұсынды.

«Еңбек адамы – экономиканың құралы емес, мемлекеттің басты құндылығы» тақырыбында депутат Максим Рожин, цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңыздылығы туралы философия, саясаттану және дінтану институтының басшысы Айгүл Сәдуақасова айтты. Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева Конституцияда некенің еріктілігі қағидатын бекіту, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Вера Ким волонтерлікті ынталандыруды бекіту туралы бастама көтерді.

Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Аида Балаева: «Ешкім медициналық көмек пен білім алу құқығынан айырылмайды»,-деп атап өтті.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика