Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Болат Өтемұратов Қорының өкілдері – Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман, бас директоры Айнұр Кәрібозова, «Верный Капитал» компаниялар тобының басшысы Айдан Ақанов, сондай-ақ Берклидегі Калифорния университетінің ғалымдары, E-seed технологиясының авторлары Семина Йи және Марко Фрескимен кездесті. Онда Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен іске асырылуы қарастырылған «Арал теңізі түбінің экожүйесін жақсарту» халықаралық жобасының бастамасы талқыланды, деп хабарлады Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бұл жоба Қызылорда облысы үшін ғана емес, халықаралық деңгейде де маңызды. Оның басты ерекшелігі – Берклидегі (АҚШ) Калифорния университетінде әзірленген E-seed инновациялық технологиясын қолдану. Жоба аясында технологияны жергілікті табиғи жағдайларға бейімдеу жұмыстары Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті және Халықаралық Аралды құтқару қорының қатысуымен жүргізіледі.
«Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіру өңіріміз үшін стратегиялық маңызға ие. Біз экологиялық жағдайды жақсартуға және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайынбыз», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Айта кетейік, технология дрондар арқылы жүзеге асырылатын аэросебу әдісіне негізделген. Биологиялық ыдырайтын арнайы материалға орналастырылған галофит өсімдіктерінің тұқымдары жерге себілгеннен кейін ылғалдың әсерімен топыраққа өздігінен тереңдей енеді. Мұндай тәсіл өсімдіктердің жерсіну деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл технология қысқа мерзімде үлкен аумақты қамтып, отырғызу жұмыстарын аз еңбек шығынымен жүргізуге жол ашады.
Қордың пилоттық жобасы Арал теңізінің құрғаған табанындағы тұз бен зиянды шаңның таралуын азайтуға және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған. Алғашқы кезеңде 1 гектар аумақта сынамалық отырғызу жұмыстары жүргізіледі. Егер өсімдіктердің жерсіну деңгейі 20 пайыздан жоғары болса, жобаның келесі кезеңінде отырғызу аумағын 50 гектарға дейін кеңейту жоспарланған.
Болат Өтемұратов Қоры Қызылорда облысына жылдар бойы жүйелі қолдау көрсетіп келеді. 2016 жылы «Асыл Мирас» аутизм орталығы ашылып, 2024 жылы 16 млрд теңгеге «Қорқыт ата халықаралық әуежайының» жаңа терминалы салынды. Сондай-ақ облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына, перинаталдық орталыққа және мүгедектігі бар балаларға арналған №2 облыстық оңалту орталығына заманауи медициналық жабдықтар берілді. «Баламекен» жобасы аясында Қызылорда қаласында әлеуметтік осал санаттағы 50 отбасы, Арал қаласында тағы 40 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді, жалпы көмек көлемі 750 млн теңгені құрады. 2021 жылғы қуаңшылық кезінде Арал ауданы тұрғындарын қолдау үшін 280 млн теңге бөлді.
Арал теңізі түбінің экожүйесін жақсартуға бағытталған жоба Қазақстанның Халықаралық Аралды құтқару қорындағы (ХАҚҚ) төрағалығы аясында жүзеге асырылып жатқан бастамалармен сабақтас. 2024-2026 жылдары бұл ұйымға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етеді.


