Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай актив отырысы өтіп, оған құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері қатысты.
Нұрлыбек Машбекұлы Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы болған Шаймерден Есенкелдиевті басқа қызметке ауысуына байланысты құрметпен шығарып салды. Ол ротация тәртібімен Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы лауазымына тағайындалды.

«Бүгін Өздеріңізбен бірге әріптесіміз Шаймерден Тәжіқұлұлы Есенкелдиевті басқа қызметке ауысуына байланысты шығарып салу үшін арнайы жиналдық. Әріптесіміз еңбек жолын қарапайым полиция қызметкерінен бастап, жоғары басшылық лауазымға дейін сатылап өскен азаматтардың бірі. Өңірімізде алты жыл нәтижелі жұмыс жасап, департамент жоғары жетістіктерге қол жеткізді.
Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қылмыстық атқару жүйесін барынша жетілдіру қажет. Негізгі мақсат – сотталған адамды қоғамнан алшақтату емес. Тиісті тәрбие жұмысын жүргізу өте маңызды. Олардың бойына заң мен тәртіп құндылығын сіңіретін және қалыпты өмірге оралуына ықпал ететін озық тәсілдерді енгізу керек», – деген болатын.
Аймағымызда атқарылған жүйелі жұмыстардың арқасында соңғы жылдары жазасын өтеушілерді еңбекке тарту үлесі 68 пайызға өсті. №60 мекемеде 18 өндірістік цех іске қосылып, 400-ден астам бас бостандығынан айырылған азамат жұмыспен қамтылып, қайта әлеуметтендірілді.
Қылмыстық-атқару жүйесі инфрақұрылымын жақсарту бағытында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ауқымды жұмыс атқарылды. № 60 мекемеге 91 млн. теңгеге 97 электрондық есік орнатылып, № 68 мекеменің емхана ғимаратына 171 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілуде. Пробация қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 39 млн. теңгеге серверлік жүйе орнатылып, 34 млн.теңгеге 176 смарт-білезік алынды. Бұл шаралар қайта қылмысқа бару деректерін 28 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік берді», – деді облыс әкімі.
Басқосуда Шаймерден Тәжіқұлұлына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі мен облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Облыс прокуроры Ризабек Ожаров құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі