Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде еліміздің қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары, Үкімет қаулылары қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелерге орай бағыт-бағдар белгіленіп, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
«Бюджетті толық әрі уақытылы игеруіміз, өңірімізге қатысты нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштердің өсімін қамтамасыз етуіміз керек. Жұмыс тиісті деңгейде орындалмаған жағдайда бірінші басшылардың жауапкершілігі қаралатынын қатаң ескертемін.
Қазіргі өзекті мәселенің бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру. Бағаны күнделікті қатаң бақылауда ұстаңыздар. Өнімдерді тиімді өткізу үшін әлеуметтік дүкендер қызметін жетілдіруге қатысты нақты ұсыныс беріңіздер.
Одан бөлек, «Байқоңыр» ӘКК АҚ өңірлік тұрақтандыру қорына арзан бағамен өнімдер сатып алуда. Қала, аудан әкімдіктері, кестеге сәйкес әр айға бөлінген өнімді жеткізіп, тұрғындарға белгіленген бағамен сатуды ұйымдастырыңыздар», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Аймақ басшысы алдағы күндері қоғамдық-саяси маңызы бар шаралар өтетінін атап өтті. Осыған орай, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Адам көп шоғырланатын орындарда кезекшілік ұйымдастырып, қауіпсіздік шараларын күшейту керек.
Сонымен қатар, коммуналдық қызметтер үздіксіз жұмыс істеуі тиіс. Әсіресе, газ, су, электр желілері жұмысының тұрақтылығын, көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылудың толық берілуін бақылауда ұстау қажет.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі