Сәрсенбі, 01 қазан, 01:11

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«Адал еңбек – адал азамат» атты салтанатты шарада үздіктер марапатталды

27.09.2025

19

0

555671923 1096985799289330 5968282388646145068 n
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Өнер орталығында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Еңбек күніне арналған «Адал еңбек – адал азамат» атты салтанатты шара өтті. Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Н.Байқадамов пен М.Әбенов, жауапты сала басшылары, қала, аудан әкімдері, еңбек ардагерлері, зиялы қауым, шаруашылық өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы қажыр-қайратын еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсаған нағыз еңбек адамдары барлық құрметке лайық екенін атап өтті.

556032032 1096985675956009 2340808378437519398 n

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбеккеш және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек» деді.

Бұл — экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік прогрестің басты факторы ретінде жұмысшы кәсіптерінің рөлін күшейтудегі стратегиялық қадам.

Ұлтымыздың ұлы мұраты жолында, еңбек майданында ата-бабаларымыз тер төкті. Олардың арасынан 1792 Социалистік Еңбек Ері шықса, 102-сі — Сыр өңірінің еңбеккерлері.

Өз мектебін құрып, шәкірт тәрбиелеген, Сыр күрішінің даңқын асқақтатқан дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаевтың, Сәлима Жұмабекованың орны ерекше. Осындай ұлы ұстаздың тәлімін алған, бала тәрбиелеп, ұлтжандылықпен қызмет атқарған Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева бастаған Сырдың батыр аналарының қажырлы еңбегі ұрпақ жадында мәңгі сақталады.

Алдыңғы буынның өнегелі ізін жалғап, Тәуелсіз еліміздің тарихында «Қазақстанның Еңбек Ері» атанған Роза Бағланова, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Асқар Жұмаділдаев, Юрий Пя, Абзал Ералиев, Имамзада Шағыртаев сынды жерлестерімізді әрдайым мақтан етеміз.

Егемен еліміздің жарқын болашағы жолында Отанымызға адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу – біздің қастерлі міндетіміз!

Баршаңызды мерекемен тағы да құттықтап, облысымыздың дамуына қосқан орасан зор үлестеріңіз үшін Сыр жұртшылығының, Өзімнің атымнан шынайы алғысымды, зор ризашылығымды білдіремін», — деді Н.Нәлібаев.

555852581 1096985819289328 4233581201670252063 n
554988185 1096985732622670 7418775159008148711 n

Еңбек адамдарын ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған шарада әр номинация бойынша қаржылай сыйақы табысталды. Атап айтсақ, «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас маманы» номинациялары жеңімпаздарына 1-орынға 500 мың теңге, 2-орынға 300 мың теңге, 3-орынға 200 мың теңгеден берілді.

Сала үздіктеріне, яғни коммуналдық және басқа да салаларда қызмет ететін 15 маманға облыс әкімінің Алғыс хаты және 500 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.

Сонымен қатар, өз саласының үздігі деп танылған 15 еңбек майталманына облыс әкімінің Алғыс хаты, Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығының шипажайға жолдамасы ұсынылды.

Айта кетейік, шарада «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы жеңімпаздарына 19 арнайы коммуналдық техника, тірек және серіктес елді мекендер санатына кірмейтін ауылдардың абаттандыру жобаларын қаржыландыруға 15 млн.теңгенің сертификаттары берілді.

Өнер орталығының фойесінде қайтарымсыз мемлекеттік грант алушылардың өнімдер көрмесі ұйымдастырылды.

556137637 1096985825955994 6523348795588610178 n

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика