«Тасбөгет» кенті қаламен қатар қарқынды дамып келеді. Мұнда 30 000 халық түтін түтетіп отыр. Қала іргесінде орналасқан кент сонау 1948 жылы алып құрылыстың басталуы негізінде бой көтерген. Сырдария өзеніне су тоспасын салу үшін шақырылған мамандар осы аумаққа қоныстанып, жаңа ауданның негізі қаланған болатын. Содан бері кент керегесі кеңейіп, өркениет көшінде қалыптасып келеді.
Кентте алғашында ашылған әлеуметтік нысандар мектеп, мамандар даярлайтын оқу орны, дәрігерлік пункт болатын. Ал су тоспасы 1956 жылы ел игілігіне беріліп, кейіннен «Тасбөгет» поселкесі Сырдария ауданының орталығы саналды. Қызылорда қаласына қосылған ширек ғасырдан астам уақыт көлемінде бұрынғы қыстақ кент статусын алып, көлемі ұлғайып, құрамына «Сабалақ» бау-бақшалық серіктестігі мен «Иіркөл» елді-мекені енді.
Бүгінде кенттің «Белкөл» беткейіне жеке тұрғын үйлер көптеп салына бастады. Жаңадан көшелер түсіп, кент келбетін айшықтай түсті. Көше саны 52-ге жетіп, асфальт пен қиыршық тас төселіп, түнгі жарықшамдар орнатылды. Жаңадан жолаушылар тасымалы бағыттары ашылып, кент орталығы мен қалаға жаңа үлгідегі автобустар үздіксіз қатынайды. Қазіргі таңда кентте бес қабатты 4 тұрғын үй бой көтеріп келеді. Бұдан басқа заман талабына сай спорт кешені, 1000 адамға арналған жаңа мешіт құрылысы салынып жатыр.
Кәсіпкерлікке қолдау бар
Кейінгі жылдары «Тасбөгетте» кәсіпті дамыту бағытында мемлекеттік бағдарламаларға қатысу қарқыны артты. Биыл да көптеген тұрғындар бағдарламалар игілігін пайдаланып, кәсіптерін кеңейту үстінде. Бүгінде мемлекеттік бағдарлама арқылы 33 тұрғын жобасын қорғап, үкіметтен қолдау тапты. Тағы бір атап өтерлігі, кент дамуына қомақты үлес қосып жүрген кәсіпкерлер де бар. Солардың бірі – орталық саябақ жанынан биометриялық зертхана салса, енді бірі Е.Бозғұлов көшесі бойынан көпқабатты қызмет көрсету кешенін тұрғызды.
Жиһаз жасайтын жігіт
Бүгінде тапсырыспен жиһаз жасау жақсы кәсіп көзіне айналды. Тасбөгет тұрғыны Бауыржан Сәрсенов «Ауыл аманаты» жобасы бойынша несие алып, жаңа технологиялар көмегімен жиһаз жасау ісін жандандырып келеді.
Айтуынша, бұрынғыдай «Ресей, Беларус жиһазы» деп ешкімді таңғалдыра алмайсыз. Керісінше тапсырыспен жиһаз жасататындар қатары жыл санап арта түсуде. Халық сапалы әрі сәнді өлшемге сай дайындалатын заманауи жиһазға көбірек мән береді.
Ол 2019 жылдан бері кәсібін жандандырып отыр. Бұл кәсіпті бастамас бұрын алдымен Алматы қаласында, кейіннен Қызылорда да арнайы цехтарда тәжірибе жетілдірген. Қазіргі таңда «Ваukіn» шағын шеберханасын ашты. Мұнда жиһаздың түр-түрі жасалады. Кәсіпкер 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жергілікті тұрғындардан бөлек Алматы, Шымкент қалаларынан тапсырыс беретіндер бар екенін айтады. Қажетті материалдардың басым бөлігі өзіміздің отандық өнімдер. Кейіпкеріміз кез келген жұмысқа тәртіп пен талап қажет екенін жақсы түсінеді. Келген тапсырысты межелі мерзімде бітіріп беруді өзіне міндет санайды.
– Адам баласына алдымен талап керек. Жасалмайтын жұмыс жоқ. Іс барысын бірден меңгеріп алдық. Жыл он екі ай тапсырыс түсіп тұрады. Сапаға жұмыс істегеннен болар деп тұжырымдаймын. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 7 млн теңге көлемінде несие рәсімдедім. Мемлекет кәсібіме қолдау көрсетіп жұмыс ауқымын кеңейтуіме үлкен мүмкіндік беріп отыр. Алған қаражатыма станок, басқа да цехқа қажетті құралдар алмақ ниеттемін. Сыр өңірінің өнімін брендке айналдыру ойым бар. Қызылорда қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңір болғандықтан өнімнің ұлттық нақышта жасалуына баса мән беріп жатады. Сондықтан ұдайы ізденіс үстінде болып, тәжірибемізді жетілдіріп отырамыз. Өйтпеске болмайды, – дейді кәсіпкер Бауыржан Сәрсенов.
Тігін цехындағы табысты тірлік
Қазір инновацияның дамыған дәуірі, жастар әртүрлі ғылыми жаңалықтар ашып, қолданысқа енгізуде. Дегенмен, ұлттық қасиеттерімізге аса мән беруіміз қажет.
«Тасбөгет» кентіндегі «Нұр» тігін тігу цехына келушілер қатары аз емес.
Кәсіпкер Ғалия Маханова қайтарымсыз грант иегері атану арқылы өз кәсібін дөңгелентіп отыр. Грант қаражатын алған соң үш түрлі тігін машинасын алып, қыз жасауына тапсырыс қабылдауды бастаған. Қазіргі заманға сай сәндік үлгіде қыздарға арналған көрпе-төсек, жабындылар жасап, көптің алғысын алып жүр. Айтуынша, қазір қазақи нақыштағы ою-өрнекпен тапсырыс берушілер көп.
– Кәсіпті шын ынта-жігермен жасасаң өз жемісін береді. Алғашқы сәттен бірден игеріп кеттім. Нағашы әжем тігінші болған деседі. Ал анам киізге басатын түрлі оюларды пішіп беретін ісмер жан. Арал ауданында осындай қазақы құндылыққа негізделген жұмыстар жоғары бағаланады. Жастайымнан көріп-өсіп бойыма сіңірген қасиет өмірлік кәсібіме айналды десем болады, – дейді ол.
Сапалы өнім жарнаманы қажет етпейді
Кенттегі пластик есік, терезе жасау шеберханасында жұмыс істейтін шебердің бірі – Бақытбек Мәдиев. Өзінің сөзінше, мұнда келгеніне көп уақыт бола қоймаған. Жұмысы жанына жақын.
– Келген тапсырыстарды дер уақытында аяқтаймыз. Материалды құрастыру жағы станок машиналарымен іске асады. Мәселен, бір жиһазды 10 күн көлемінде толығымен аяқтап, апарып құрып береміз. Қалада осындай кәсіпкерлік орталықтары көп болса, жастар жұмыссыз жүрмейді деп ойлаймын. Сұранысқа сай жасасаң сапалы өнім жарнаманы қажет етпейді, – дейді шебер.
Шебердің қолынан шыққан дүниелер көптің көңілінен де шығып, алғысына бөленуде.
Негізгі кәсіп иесі – Айгерім Тұрсын. Жас кәсіпкер қайтарымсыз грант иегері атанып, бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жасаған өнімдері облыс орталығынан бөлек аудандарға да барады.
Білімді болу – заман талабы
«Тасбөгет» кенті – көптеген дарынды шәкірттер түлеп ұшқан таланттар мекені. Мұнда жалпы білім беретін 6 мемлекеттік және 2 жеке мектеп бар. Атап айтар болсақ, кент орталығында Ә.Тыныбаев атындағы №11 мектеп-лицейі, №257-ші орта мектеп, Н.Ергешбаев атындағы №172 орта мектеп, №176-шы орта мектеп, Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-лицей-интернаты, «Tamasha School» жеке мектеп. «Сабалақ» саяжайында №285 дарынды балаларға арналған қалалық мектеп-лицей-интернаты мен «Orda School» жеке мектебі жұмыс істейді.
Жалпы кенттегі білім беру мекемелерінде 2023-2024 оқу жылында 185 оқушы мектеп бітірсе, оның ішінде 180 оқушы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Екі оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 19 оқушы «Үздік аттестатпен» марапатталды. 134 оқушы грант иегері атанды. Бұған қоса үш мемлекеттік және алты жеке балабақша мен бөбекжайда бүлдіршіндер тәлім алады.
Мәдениет – рухани өмір мәйегі
Тасбөгетте 1926 жылдан бастап клуб үйлері жұмыс істеді. 1938 жылдары халыққа 2 кітапхана, 38 қызыл мүйіс, 4 клуб қызмет көрсеткен. Уақыт өткен сайын мәдениет саласы өркен жайып, сонау соғыс жылдарының өзінде көркемөнерпаздар үйірмелері әлсіреген жоқ. Тиісінше тынысы кеңи түсті.
1997 жылдан бастап «Тасбөгет» қалаға қарасты кент ретінде өз еншісін алды. Кенттегі бой көтерген 220 орындық мәдениет үйі жас таланттарды шыңдап, өнер сахнасына қанат қақтыруда. Аталған мәдениет үйі КСРО және ҚазКСР халық артисі Сәбира Майқанованың атымен аталады.
Кенттің тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан мәдениет үйі түрлі шаралардың өткізілуіне үлес қосуда. Қазіргі таңда мұнда 8 үйірме жұмыс жасайды, үйірме мүшелері түрлі байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып жүр.
Өткен жылы аймақ басшысының қолдауымен мәдениет үйі жанынан мүгедектігі бар жандардың шығармашылығын дамыту, талантын шыңдау мақсатында «Арман» инклюзивтік театры ашылды. Қазір мұнда 8 мүгедектігі бар азамат жұмыс жасауда.
Кентте орналасқан қалалық №1 және №13 кітапханаларда барлығы 120189 дана кітап қоры, 5923 тұрақты оқырман бар.
№4 қалалық емхана қашан салынады?
Басы ауырып, балтыры сыздаған кез келген жан алдымен дәрігер қарауында болады.
«Тасбөгет» кентіндегі №4 қалалық емхана 1984 жылы пошталық қызмет көрсетуге арналып салынған ғимаратта. Мұнда күнделікті 400-ге жуық науқас қабылдайды. Жергілікті тұрғындар жаңа типтік үлгідегі емхана салу керектігін жиі айтып келеді. Алдағы уақытта заман талабына сай жаңа ғимарат салынады деп күтілуде. Мұнда кент тұрғындарымен қоса Ж.Махамбетов ауылы, «Сабалақ» және «Наурыз», «Эдельвейс» саяжай тұрғындарына медициналық көмек көрсетіледі.
Спорт кешені ашылды
Кенттегі спорт саласында да жарқын жетістіктер бар екенін айта кету керек. Мұнда жаңашыл жоспарлар жасалып, ғимараттар, арнайы мектептер, секциялар ашылып жастарды жаңа спорт түрлеріне баулуда. Өткен жылы аймақ басшысының қолдауымен кент орталығынан спорттық-сауықтыру кешені ашылды. Қазіргі таңда 700-ден астам тұрақты шәкірт тәрбиеленуде. №5 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары спорттың әр түрінен Қазақстан Республикасы, Азия және Әлем чемпионаттарынан жүлделі орындарды иеленіп жүр.
Қоғамдық кеңес – қоғамдық күш
Халық бірлігін арттырып, билікпен екіжақты әріптестік орнату бағытында қоғамдық кеңестер жұмыс істейді. Бұл ұйымдар ел бірлігін сақтап, жас ұрпаққа ұлттық-патриоттық тәрбие беруде де маңызды рөл атқарады.
Әсіресе, жастардың ұлттық сана-сезімін оятып, рухани жағынан байытып, отансүйгіштік қасиеттерге баулуда. Соның бірі – бастауыш ардагерлер ұйымы. Бұл ұйымды ұзақ жылдан бері еңбек ардагері Рамазан Молдашұлы басқарып келеді. Кенттегі соғыс және еңбек ардагерлерінің есебі алынып, әлеуметтік картасы толтырылған. Тұрғылықты жердегі 90 тыл ардагері, 25 Ауған соғысына қатысушы, 11 Семей полигоны сынақтарына қатысушы, 3 Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысушы, 80 Батыр ана тізімге алынған.
Бастауыш ұйым тарапынан тұрғындардың бірлігі мен ынтымағының артуына, жастар тәрбиесіне, ұлттық құндылықтардың сақталуына, халықтың тұрмыстық жағдайына, ардагерлердің әлеуметтік қорғалуына бағыттап іргелі істер жасалып келеді.
Ақылбек Арыстанов жетекшілік жасайтын қоғамдық кеңес – 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Кентке қарасты кез келген түйінді мәселенің оң шешілуіне атсалысуда. Олар жергілікті жұртшылықпен жиі байланыста болып, өзара іс-қимыл жоспарын оңтайлы атқаруда.
Инфрақұрылым игілігі
2024 жылы қалалық бюджеттен бөлінген 124 млн теңгеге кенттегі әлеуметтік нысандар орналасқан 6 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. 5,2 млн теңгеге Ғ.Мұратбаев, Қ.Исмайлов-1, Қ.Исмайлов-2 көшелеріне жалпы ұзындығы 2,65 шақырымды құрайтын 75 дана түнгі жарықшамдар орнатылды. Сондай-ақ кент әкімі аппаратының өзін-өзі басқару шотынан қаржы қаралып, тағы 3 көшеге жарықшамдар қойылды.
Мұнан бөлек, жалпы ұзындығы 12,7 шақырымды құрайтын 6 көшеге жарықшамдар қою жұмыстары үшін қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз мердігер мекеме анықталды. Жоба құны – 34 млн теңге. Кент әкімі аппаратының үнемделген қаржысы есебінен кенттегі Ғ.Мұратбаев, Қ.Баймағанбетов және Ә.Молдағұлова көшелеріне 9 дана аялдама орнатылды. Бұл жұмыстардың жалғасы ретінде жыл соңына дейін тағы 10 дана аялдама қою жоспарда бар.
«Наурыз» шағын ауданы, №22 үйдің шатырын қалпына келтіру жұмыстары үшін қалалық бюджеттен қаржы қаралып, мердігер мекеме тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұнан бөлек, «Наурыз» және «Тасарық» шағын ауданында 6 үйдің шатыры ауыстырылды. Жоба құны 53,0 млн теңгені құрайды. 15 млн теңгеге кенттегі Е.Ертуғанов көшесі абаттандырылған.
Сонымен қатар, кентке қарасты «Сабалақ» саяжайында 15 көшеге жарықшамдар орнатылған. Бұл жұмыс жалғасын табатын болады.
«Сабалақ» саяжайын газдандыру биылдан бастап қолға алынуда. Газдандыру жобасы 3 кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда 1-кезеңі бойынша яғни, саяжайдың ішкі газ желілері жобасына 100 млн теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталды.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Дереккөз: syrboyi.kz