Қызылорда – қазақылықтың қаймағы сақталған аймақ. Таудай тұлғалардың түлеген алтын тұғыры. Өңір сонысымен де бағалы, осынысымен де қадірлі өлке саналады.
Сыр өңірінің салтанатты көші жыл өткен сайын жарқын жетістіктермен жалғасып келеді. Соңғы жылдары салынған заманауи әлеуметтік нысандар шаһар шырайын аша түскендей. Бір ғана «Өнер» орталығы республикадағы үздік мәдени нысандардың қатарында тұр. «Анаға тағзым» орталығының бүгінгі қоғам үшін берері көп. Қаншама қыз-келіншектің бас құрайтын берекелі шаңырағы іспетті. Әйел-ананың тарихтағы орнын айшықтап тұрған нысан. «Отбасы орталығының» да маңызы өте зор. Сыр елінде мерейлі отбасылар саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Бұл да – облыс көлемінде отбасы құндылығының артып келе жатқанының айғағы. Сонымен қатар, сол жағалауда жаңадан бой көтерген «Теннис» орталығы, Оқушылар сарайы, облыстық тарихи-өлкетану музейі, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі, «Қайсар арена» стадионы, бәрі-бәрі – ел игілігі жолындағы жарқын жетістіктер.

Әлқисса, өңір келбетінің даму қарқынын осы жерден аяқтап, облыс тарихына тоқталып өтейік.
«Сыр – Алаштың анасы». Тарихқа көз жүгіртсек, бұл жерде қазақтың үш астанасы болғаны тарихтан белгілі. Ол – Жент, Сығанақ, Қызылорда. Сыр өңірі Қорқыт бабаның, Жанқожа мен Бұқарбай сынды батырлардың, Мұстафа Шоқайдың, Сыр сүлейлері Кердері мен ғұлама Тұрмағамбеттің, ақын Әбділда мен Нартайдың, Әбдіжәміл мен Қалтайдың және көптеген аруақты, дарынды перзенттердің туған өлкесі. Сонан да Қызылорда – күллі қазақ үшін қасиетті ортақ жер.
Алашқа ана болған Сырдың бас қаласы – әрбір қазақ баласы үшін сан ғасырлық тағылымды тарихи атамекен. Тарихы Қамысқаладан басталып, кейіннен Ақмешіт, Перовский атанғаны әмбеге аян. Бұл – тарих қойнауындағы қастерлі жадынама. Елі шырайлы, жері шұрайлы Сырдың бас қаласы бүгінде дамудың даңғыл жолына бет бұрды. Бұл – болашақтың бойтұмары. Туған жер – түгесілмес тақырып. Туған ел – тұғырың, туған жер – ғұмырың. Отанды сүюдің іргетасы алдымен туған жерге деген сүйіспеншіліктен бастау алары анық. Тұран дала төрінде тұғыр тепкен туған өлкенің бүгінгі бақытты бейнесі барша отандасымызды өзіне баурап тұрады.

Қызылорда күн сайын көркейіп, ай сайын ажарланып, жыл сайын жаңарып жатыр. Бұл атқарылған істердің артында қаншама еңбектің өтеуі бар. Қаншама азаматтың қолының табы бар. Бүгінде қаламызда заманауи зәулім ғимараттар бой көтеріп, шаңырақтар шаттығы көбейді. Ат тұяғы дүбірлеген дарқан дала татулық бесігі тербелген әсем қалаға айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындайтын толымды тірліктердің тіні тарқатылып келеді. Қаланың көркіне көз сүйсініп, көңіл тояттайтыны көңіл құсын көкке шарлатады. Көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетіне салынған қазақы ою-өрнектер мен дария беткейіндегі жол жиекке бейнеленген ұлттық құндылықтар – ел тарихына деген құрметтің зор белгісі. Сәулеті әспеттеле түскен алғашқы астанамыздың көрікті кейпін жаңадан бой көтерген көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар айшықтай түскендей. Сонымен қатар, әсем гүлзарлар мен архитектуралық мүсіндер де шаһарымызды одан әрі шырайландырып келеді. Ал түнгі қаланың қызыл-жасылды дидары даңқымызды Алашқа асқақтата түскендей. Жол бойын жағалай орналасқан самаладай жарық шамдар ақын елдің кеудесіне рух беріп, өлең болып төгіліп тұрғандай. Сырдарияның сол жағалауынан салынып жатқан жаңа қаланың құрылысы Сыр елінің салтанатына сән қосып келеді. «Жастар ресурстық» орталығы, «Келешек» мектебі, «Қан» орталығы» мен «Автовокзал», «Теннис» орталығы, Оқушылар сарайы, облыстық тарихи-өлкетану музейі, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі алыстан мен мұндалайды. «Болашақ» университетінің өзі не тұрады? Жаңа да жайлы, білім ордасында саналы тәрбие, сапалы білім алған жалынды жастар – ертеңгі ел тұтқасы.

Қаламыздың бүгінгі бейнесі көз тартарлық келбетке ие болып, заманауи тұрғыда абаттандырылуда. Биылғы қала күні мерекесінің де қала тұрғындарына тартуы аз емес. Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына және қала күніне арналған іс-шаралар аталып өтуде. «Қызылорда – Алаштың жүрегі» кітабының тұсаукесері, «Сыр шеберлерінің жұлдызды құрағы» көрмесі көпшілік көңіліне керемет әсер сыйлады. «Қарттарға құрмет – ұрпаққа міндет» мәдени көпшілік іс-шара мен қаламгерлер аллеясында өткен «Қызылорда – жастар қаласы» фото көрме ел назарына ұсынылды. «Qyzylorda-OPEN» шахматтан республикалық турнир, «Сыр сазгерлерінің сазды сәлемі» атты ән кеші, «Жастар театры» ұсынған алаштанушы ғалым Е.Тоқтарбайдың «Жас Алаш, шындық шырағы» тарихи драмасы қала күніндегі мерейлі мезіреттердің бірі болғаны анық. «Сәтті 100 қадам» танымдық квест сайысы, «Тарихы терең Сыр елі» интеллектуалды сайысы, «Бақ байрақты – Қызылордам!» салтанатты гала-концертіне ұласады.

Бұған дейін қаланың кіреберіс беткейінде дария бойынан бой көтерген «Сыр ана» монументі маңайынан балалар ойын алаңы мен спорттық алаңдар салынды. Облыстық көпбейінді аурухана алдынан «Дәрігерлер аллеясы» салынуы – ақ халатты абзал жандарға жасалған құрметтің белгісі. Облыс орталығындағы тарихи орындардың бірі саналатын «Теміржол» саябағы жаңа көркем кейіпке енгізіліп, тұрғындардың алаңсыз демалуына барынша мол мүмкіндік жасап отыр. Бұл жұмыстардың барлығын байыппен бағамдасаң, қала әлеуетінің артқанын аңғару қиын емес. Бұл – нағыз еңбек пен маңдай тердің жемісі. Қаламызда салынған әрбір ғимарат пен тұрғын үйдің кірпішін қалауға құрыш қолды құрылысшылар бар күш-қайратын, ынта-жігерін жұмсады. Жүрек мейірімін, жан жылуын, жанашырлық сезімін сыйлады. Бұл әр перзентке ерекше әсер етеді. Қазір қала нағыз қайнаған тіршілік тайқазанына айналды. Сән-салтанаты келіскен таңғажайып ғимараттар шаһар ажарын айшықтай түсті. Бұл – қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі үлгісі.
Дария бойын жайлаған дарқан даласы мен береке, ынтымақта ұйысқан ел ішін көріп таңырқап, тамсанасың. Бейне бір жерұйық дерсің. Көненің көзі болған көрікті қаланың көркем келбетіне көз сүйсінеді. Сырдың даңқын асырып, мәртебесін тасытқан текті топырақ. Арнасы кең, ағысы жылдам дарияға көз салсаң, саф ауасымен терең тыныс аласың. Талай тарпаң тарихтың куәсі болған Қызылорданың бүгінгі бейнесі, міне, осындай. Бұл жер – бар Алаштың мақтанышы. Қызылордаға келген адам қайтып кеткісі келмейді. Себебі Сырдың бас қаласының өзіне баурап тұратын тылсым сыры бар. Мұны мұқым ел мойындайды.
Иә, халқымызда ай ортақ, күн ортақ, ел үшін туған ер ортақ, ерлер шыққан жер ортақ деген даналық өсиет бар. Ендеше ортақ қазыналарымыз ортаймасын. Ордалы шаңырағымыздың шаттығы шалқи түссін. Мереке қарсаңындағы межелі ой осыған саяды.