200 жылдан астам тарихы бар Сырдың бас шаһары – Қызылорданың дамуы қазір бұрынғыдан өзгерек. Бір ғасыр бұрын республикаға астана атанған қаланың келбеті жаңарған. Әсіресе, кейінгі үш-төрт жылда облыс орталығындағы жаңашылдық халыққа қажетті әлеуметтік ғимараттардың бой көтеруімен ерекшеленіп отыр. Білім ордалары, емхана мен медициналық орталықтар, мәдени ошақтар, алып стадион мен демалыс орындары, қысқасы, сан түрлі нысандар көзге бірден көрінер. Ал осының ішінде өзен іргесін өзектеп бой көтеріп келетін жаңа тұрпатты құрылыс айрықша сәулеттенбек.
Бір нысанда үш жоба
Президент саябағы расымен басқа кейіпке ене бастады. Бір жыл көлемінде қайта жаңғырту жүріп жатқан осы аумақ несімен ерекшеленбек? Мұндай сұрақ барлық тұрғынның ойында тұрған болар. Журналистік мақсатпен шолу жүргіздік. Бірнеше гектар жерді әп-сәтте құрылыс алаңына айналдырған жергілікті билік өкілдері саябақ пен оның маңайы адам танымастай өзгеретінін айтады.
Алдымен саябақтың өзін аралағанбыз. Көргеніміздей, құрылыс қазір тым қарқынды. Жоба үш бөліктен тұрады. Саябақты қайта жаңғыртудан бөлек, оранжерия, яғни ботаникалық бақ пен балаларға арналған лагерь салынуда.
– Саябаққа тиесілі құрылыс жұмыстарының 95%-ы бітіп тұр. Мұнда кафе, фудкорт, санитарлық тораптар мен бақылау пункттерін орнату жұмыстары толықтай аяқталды. Биіктігі 50 метрлік шолу дөңгелегі іске қосылды. Оның бір айналым уақыты 7 минутты құрайды.
Сондай-ақ аттракцион құру жұмыстарының 95%-ы бітіп, техникалық аймағын әрлеу жұмыстары қалды. Саябақтағы көгалдандыру жұмыстары да аяқталуға жақын. 3 үлкен субұрқақ, жекелей айтсақ, жаяу жүргіншілер субұрқағы, «Сырдария – фонтандар» кешені және «Өмір ағашы» тұманды субұрқағы бар. Бір фонтан дайын, қалған екеуі әрленіп жатыр. Өзге де құрылыс жұмыстары аз уақытта аяқталмақ, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дархан Бақтияров.
Құрылыс учаскесінің басшысы Еламан Қазекештің сөзінше, қазір саябақ ішіндегі барлық жасыл желекке суару жүйесін жүргізу жұмысы бітуге таяу.
– Аумағы 36,82 гектар болатын саябақ ішінде жасыл желек, көшеттерді автоматты суару жүйесінің құрылысын аз күнде аяқтаймыз. Сондай-ақ мұнда дария арнасынан тартылатын үш арнайы су қоймасы дайындалады. Әрқайсысы 500 текше метр болатын қоймадағы су тек саябақ ішіндегі барлық өсімдік пен тал-теректерді суаруға арналған. Екіншіден, түнгі жарықтандыру жұмысы да 100 пайыз бітіп тұр. Ал тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты 100 бейнебақылау камерасы орнатылады, – дейді ол.
Лагерь жыл бойы жұмыс істейді
Құрылыс прорабы Асхат Болатұлы аумақтағы ботаникалық бақтың жер жағдайы әбден зерттелгенін айтады. Қазір жылыжайдың негізгі іргетасы мен колонналары құйылған.
– Жылыжай екі бөліктен тұрады. Құрылыс өз уақытымен жүріп жатыр. 70-ке жуық адам жұмыс істеуде. Аз күнде осы жылыжайға қажетті, яғни тропикалық өсімдіктерге арналған топырақ шетелден келеді. Соны орналастырамыз. Өйткені, көлемі 2,41 гектар болатын ботаникалық бақта Оңтүстік Африка, Оңтүстік және Орталық Америка, Қытай, Жапония, Мадагаскар елдерінен келген өсімдік көшеттері егіледі, – дейді жауапты маман.
Ал саябақ ішіндегі балалар лагері тек жаз айларында қызмет көрсетуге арналмаған. Біз құрылыс сызбасына үңілгенімізде, лагерьдің негізгі ғимараттарынан басқа 5 киіз үй, бассейн, стадион, футбол алаңы, сахна және өзге де демалыс пен техникалық нысандар салынатынын білдік.

– Саябақтағы балалар лагері 6 гектар жерге орналасқан. 6 блок, яғни төрт жатақхана, әкімшілік-спорттық және Event Space – іс-шаралар ғимараты болады. Барлық ғимарат бойынша темір-бетонды конструкция жұмысы жүруде. Айта кетейін, 4 жатақхананың жалпы сыйымдылығы 300 адамға арналған. Құрылыс әр деңгейде жүріп жатыр. Бірінде ғимарат қабатының плитасы құйылып жатса, енді бірінде колонналарын арматуралау жұмыстары жүруде, – дейді құрылыс учаскесінің басшысы Мирас Иманов.
Білгеніміздей, Президент саябағын қайта жаңғырту жұмыстарын Alem Qurylys AQ серіктестігі жүргізуде. Бір жақсысы, енді демалыс орнында қала тұрғындары мен келуші қонақтарға ұнамды дүние көп. Көбісі іске қосуға дайын тұр. Аллеялар, субұрқақтар, амфитеатр, спорт және би алаңдары, балалар ойын алаңдары, workout және демалыс аймақтары ерекше дизайнмен өрілген. Сондай-ақ фудкорт, теннис үстелдері, аттракциондар, велосипед және жүгіру жолақтары бар. Бұдан бөлек, сарқырама каналдары мен олардың үстінен өтетін көпірлер, шахмат, баскетбол және футбол алаңдары салыныпты.
Кітапхана, театр және …
Биыл қаңтар айында өткен Ұлттық Құрылтайдың V отырысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен екі ірі жобаның құрылысы айтылды. Ол – облыс орталығында тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана мен жаңа драма театр салу. Екі ғимарат та Президент саябағы аумағында тұрғызылмақ.
– Жаңа драма театр құрылысын салу үшін жобаны байланыстыру тәсілімен әзірлеуге Түркістан қаласындағы 2019 жылы салынған драма театрының жобасы таңдалды. Қазір нысанның тиісті жер телімі анықталып, алдын ала жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Кітапхана құрылысына да жер телімі белгіленді. 600 мың сақтау бірлігіне арналған кітапхана құрылысының жобасы бекітіліп, алдын ала жобалау жұмыстары басталып кетті, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Қуандық Іскендір.
Облыс әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазылғандай, кітапхана құрылысына жеке инвестор есебінен 20 млрд теңге қаралған. Ғимараттың жалпы аумағы 13 мың шаршы метр болмақ. Пайдалануға берілген соң бір жылда 300 мың оқырманға дейін қызмет көрсетеді.
«Кітапханада ашық форматтағы оқу залдары, заманауи каталог жүйесі, 50 адамға арналған цифрлық ресурстармен жұмыс істеу бөлмесі ашылады. Сонымен қатар медиа-лаборатория мен подкаст студиясы жұмыс істейді. Өңірде бой көтеретін жаңа театр мәдениет саласының дамуына тың серпін береді. Жаңа ғимарат кең әрі заманауи талаптарға сай жабдықталады. Бұл артистердің дайындығына, күрделі декорациялар мен тың режиссерлік шешімдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Заманауи дыбыс және жарық жүйелері қойылымдардың мазмұны мен көркемдік деңгейін арттыра түседі» деп жазады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айтпақшы, кешегі аптада саябақ жанынан перинаталдық орталықтың құрылысы басталды. Газетіміздің өткен нөмірінде жазылғандай, аталған құрылысты бастау рәсіміне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да қатысқан болатын.

Аймақ басшысы айтқандай, құрылысына 48 млрд 500 млн теңге бөлінген 200 орындық жаңа перинаталдық орталықтың аумағы – 38 мың шаршы метр. Ғимаратта ана мен балаға мамандандырылған заманауи медициналық көмек көрсетіледі. Қабылдау-қарау, стационарлық, диагностикалық, операциялық, реанимациялық және әкімшілік бөлімдер жоспарланған. Сонымен қатар, жерасты өткелі арқылы байланысқан жеке зертхана мен ас блогы болады. Бұл – ана мен бала өмірін сақтауға, денсаулығын жақсартуға, демографиялық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған мемлекет қолдауы.
Сонымен қатар, саябақ аумағынан 8,2 гектар жерге 9 қабатты 15 тұрғын үй басталған болатын. Мұндағы әр баспана 63 пәтерден тұрады. Барлығы – 945 пәтер. Қалалық құрылыс бөлімінің мәліметінше, жоба құны 20 млрд 886 млн теңгеден астам қаржыны құрайды. Көпқабатты үйлердің құрылысын «Мелиоратор» ЖШС жүргізуде.
Ержан ҚОЖАС,

