Сейсенбі, 03 желтоқсан, 21:45

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылордада «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы ашылды

12.11.2024

125

0

Қызылордада «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы ашылды
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылорда қаласындағы «Қорқыт Ата» әуежайында жаңа терминалдың ашылуына қатысты.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде іске асырылған жоба өңірдің сауда-экономикалық, туристік әлеуетін дамытуға және халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін көлік қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Жаңа терминалды іске қосу әуе айлағының өткізу мүмкіндігін 7 есеге – жылына 300 мыңнан 2 млн жолаушыға дейін арттырады. Жаңартылған «Қорқыт Ата» терминалы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді.

«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында көлік-логистикалық секторды дамытуды стратегиялық басымдық деп атады. «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы – өңір үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды инфрақұрылымдық жоба. Оны іске асыру қосымша әуе бағыттарды, оның ішінде халықаралық бағыттарды ашуға, транзиттік әлеуетті, жолаушылар мен жүк ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді, бұл ішкі туризмнің, сауданың және тұтастай экономиканың дамуына оң әсер етеді. Үкімет бизнестің заманауи, сапалы көлік-логистикалық инфрақұрылымды салу жөніндегі әлеуметтік бағдарланған бастамаларын толық қолдайтын болады – бұл біздің еліміздің болашағына қосылған үлес», – деп атап өтті Олжас Бектенов және жобаның іске қосылуын қысқа мерзімде қамтамасыз еткендердің барлығына алғысын білдірді.

Үкімет басшысы ішкі және халықаралық рейстердің жолаушыларына қызмет көрсету үдерісімен танысты. Ауданы 7 500 шаршы метр терминал телескопиялық баспалдақтар, қол жүгін тексерудің автоматтандырылған жүйесі және басқа да озық технологиялармен жабдықталған. Жобаны іске асыруға Болат Өтемұратов қоры әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде 20,9 млрд теңге инвестиция салды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға, автожол салуға, әуежай аумағын абаттандыруға және жарықтандыруға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

«Қорқыт Ата» Әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Баян Ажмолдаев өңірдегі жыл сайын өсіп келе жатқан жолаушылар ағынын ескере отырып, терминалдың уақтылы іске қосылғаны туралы хабарлады. Мәселен, биылғы 9 айда әуежайда 265 мың жолаушыға қызмет көрсетілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға артық. Аптасына 26 ішкі рейс жүзеге асырылады (17-сі Астанаға, 9-ы Алматыға). Осы жылдың маусым айында Анталья (Түркия) қаласына халықаралық чартерлік рейс іске қосылды.

Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов Ақтау және Атырау қалаларында қосымша рейстер ашу, сондай-ақ «Қызылорда–Көкшетау», «Қызылорда–Ақтөбе», «Қызылорда-Қарағанды» сияқты әуе бағыттарды әлеуметтік маңызы бар рейстер тізбесіне енгізу жоспары туралы баяндады.
Өңір жұртшылығы атынан сөз сөйлеген Қызылорда облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев жаңартылған әуежайда жолаушылардың барлық санаттары үшін жасалған қызмет сапасы мен қолайлы жағдайларды жақсартудың маңызына тоқталды.
«Қызылорда облысы арқылы біз өңірлерді мемлекет тарапынан қолдау шараларының оң нәтижелерін көріп отырмыз. Бүгін біздің жерлестеріміздің арманы орындалды – жаңа әуежай терминалы ашылды. Мемлекет басшысына өңірге ерекше көңіл бөлгені үшін алғыс білдіргім келеді, бұл барлық салада өсуге ықпал етеді», – деді Серік Дүйсенбаев.

465974898_862702019384377_3509799416193048691_n.jpg
терминал.jpg
466133582_862702249384354_2523117573270424739_n.jpg
465915028_862702409384338_5341127707288740222_n.jpg

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика