Бүгін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өткен жылы салада атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлайды Syrboyi.kz.
Өткен жылы 1 269 мәдени-көпшілік іс-шара өткізіліп, оған 301 566 көрермен қамтылды. Жыл көлемінде жас дарынды өнерпаздарды үлкен сахнаға дайындау үшін қала орталығындағы және кент, ауылдық округтердегі клубтар мен мәдениет үйлері жанынан барлығы 99 үйірме жұмыс жасап, оған 1 235 көркемөнерпаз қатысты. Аталған үйірмелердің көркемөнерпаздары түрлі деңгейдегі 44 байқауға қатысып, жүлделі оралды. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 21 кітапхана тұрғындарға кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсетуде.
Өткен жылы «Қалалық мәдениет үйлері, клубтары және халықтық ұжымдар» КМҚК жанынан «Сырлы саз» халықтық фольклорлық ансамблі қайта құрылып, ұлттық аспаптардың үнімен мерекелердің сәнін келтіріп, ұлттық мәдениетіміздің дамуына үлес қосуда. Сондай-ақ, «Жастар театры» және «Арман» инклюзивті театры гастрольдік сапармен өнер көрсетіп, қойылымдарын көрермендерге ұсынуда. Бұдан бөлек, А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Сиқырлы айна» халықтық балалар қуыршақ театры, «Мереке-Думан» халықтық әзіл-сықақ отауы, Қызылжарма ауылдық клубында «Қожабековтер» жанұялық ансамблі халыққа мәдени қызмет көрсетуде.
– Биыл тойланатын мерейтойлар аясында түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастыру жоспарға қойылған. Күнтізбедегі айтулы мерейтойдың бірі – Қызылорда қаласының ел астанасы болғанына және ұлт атауы ресми түрде ҚАЗАҚ аталғанына, Ақмешіттің Қызылорда болғанына 100 жыл толуына орай тиісті іс-шаралар жоспары әзірленуде, – деп қорытындылады бөлім басшысы Жағыпар Айтбайұлы.
Айта кетейік, 2024 жыл өңірде «Руханият жылы» деп жарияланып, тек мәдени-көпшілік шараларға ғана емес, ауқымды жобаларға баса мән берілді. Облыс әкімінің үйлестіруімен «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығы» салынып, жаңадан симфония оркестрі, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. «Руханият жылы» аясында, Тәуелсіздік күніне орай мәдениет саласы қызметкерлеріне алғаш рет 40 қызметтік жаңа пәтердің кілті табысталды.