Ұлу жылы ел үшін табысты жыл болды. Әсіресе Қызылорда қаласы тұрғындарының арманы орындалған жыл десек артық айтқандық емес. Жыл аяқталар тұста бір жылда Сыр елінің бас шаһарында жүзеге асқан жобалар мен байыпты тірліктерге шолу жасағанды жөн көрдік.
Қызылордалықтар бірлік пен тату тірліктің үлгісін көрсетті
Қызылорда қаласы бүгінде дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, халық сұранысын қанағаттандыру жолында жасампаз жобаларды жүзеге асырды. Бұл жыл – Сыр жұртшылығы үшін берекелі де табысты жыл болды. Қаламыздың әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда белсенді жұмыстар атқарылды.
Биылғы жыл – елімізде соңғы кездері қабылданған саяси реформалардың жүзеге асырылуымен ерекшеленді. Атырау қаласында ұлт рухын көтерер Ұлттық құрылтайдың үшінші басқосуы өтті.
Жерлестеріміз тарихи шешім қабылдар референдумда өз таңдауын жасады. Маңызы зор саяси шараларда қызылордалықтар бірлік пен тату тірліктің үлгісін көрсетіп, алдыңғы қатардан көрінді.
Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының және аймақ басшысының үйлестіруінің нәтижесінде бүгінгі күні облысымыздың бюджеті 750 млрд теңгеге жетіп, өсім 206 пайызды құрады. Осыдан екі жарым жыл бұрын аймақ бюджеті 364 млрд теңге болатын. Қаламыздың бюджеті жыл басында 58,2 млрд теңгемен бекітілсе, жыл қорытындысымен 113,1 млрд теңге болды, яғни 94,3 пайызға артты.
Бүгінде айрықша серпінмен дамып келе жатқан қалада үлгі етер істер көп. Түйткілді мәселелер мұнда түбегейлі шешімін тауып, көркейген шаһар өркениетке қарышты қадам жасауда. Бүгінде облыс орталығында атқарылған жұмыстар мен қолға алынған оң бастамалар жетерлік. Қазіргі таңда Қызылорда қаласы байыпты бастамалар мен жасампаз жобалардың ордасына айналуда.
Жоспарланған қаржы толық игерілді
Сыр өңірі барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орынға шықты. 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өсім қалыптасты. Жыл сайын жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жоспар бойынша бөлінген қаржы тиімді игеріледі. Әр түрлі сала бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіліп, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттер жүзеге асырылуда.
Қызылорда қаласында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 260 млрд теңгені құрап, 111,8 пайызға артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 127 млрд теңгені құрап 171 пайыз, бөлшек сауда көлемі 390,9 млрд теңгені құрап 105,6 пайыз өсім алды.
Биылғы жылы 8 298 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, мерзімінде толық жиналды. Негізгі дақыл күріштің 3 856 гектарынан алынған өнім 51,5 центнерді құраған. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнім көлемі 14,8 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 103 пайыз болды.
Сондай-ақ құны 30 млрд теңгеге облыс орталығындағы жеке кәсіпкерліктің 1409 жобасы қаржыландырылған.
«Ауыл аманаты» алға озды
Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы аясында 142 млн теңгеге 16 жоба жүзеге асты. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуді дамытуға бағытталған пилоттық жобасы аясында 374 млн теңгеге 17 жаңа өндіріске қолдау көрсетілді.
Ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында әлеуметтің табысын арттыруға, аграрлық бизнесті түлетуге мол мүмкіндік туып тұр. Мемлекет басшысының «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында қабылданған бұл жоба халықтың әл-ауқатын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін берілген мүмкіндік. Осының нәтижесінде қалада оң өзгеріс қалыптасып, кәсібін дөңгелеткісі келген кәсіпкерлер қатары көбейген. «Ауыл аманаты» бойынша атқарылған жұмыстар алға озды. Нәтижесінде қала кәсіпкерлерінің саны 33 мыңнан, ондағы жұмыспен қамтылған адамдар саны 65 мыңнан асты. Шағын және орта кәсіпкерлікпен 300 млрд теңгеге өнім өндірілді.
Айта кетейік, Үкімет басшысы Олжас Абайұлы Сыр өңіріне ресми сапарында жүзеге асқан жобаларға оң бағасын беріп, Қызылорда облысын өзге аймақтарға үлгі етті. 2023-2024 жылдары экономиканың барлық саласында 13 361 азамат жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді.
Жұмысшы маман дайындауға көңіл бөлеміз
Ел Президенті биылғы Жолдауда 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалауды тапсырды. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясы жүзеге асады.
Мемлекет басшысының айтуынша, кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам.
Осыған орай, аймақ басшысының бастамасымен еңбек нарығына қажетті кадрлар даярлауға «Мамандықтар атласы» әзірленді. Бұл өз тиімділігін берері сөзсіз.
Ең ауқымды жоба жүзеге асуда
Халықтың сапалы өмір сүруі үшін әлеуметтік мәселелерді шешу бірінші орында екені анық. Биыл да тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, сапалы инфрақұрылым жүргізу бағытында тиісті шаралар қабылданды. Осы тұрғыда таза ауызсу, тұрғындарды ыстық сумен қамту жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Атап айтсақ, электр энергиямен қамту бағытында құны 4,8 млрд теңгеге 9 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 62 пайызға дейін төмендеді.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің тікелей қолдауымен, облыс әкімінің үйлестіруімен қалада 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығының құрылысы салынуда. Инвестор – «Акса Энерджи» түрік компаниясы. Жаңа жылу электр станциясы – мемлекетіміздегі инвестор қаржысына салынған ең ауқымды жобалардың бірі. Ол келер жылы ел игілігіне табысталады деп жоспарланған.
Ыстық сумен қамту түбегейлі шешіледі
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылдың қазан айында өңірімізге жасаған жұмыс сапарында қала дамуына оң бағасын беріп, бірқатар тапсырма жүктегені белгілі. Оның ең өзектісі – қаланы ыстық сумен қамтамасыз етуге бағытталды. Мемлекет басшысының қолдауымен тұрғын үйлерге ыстық су беру екі кезең бойынша жүзеге асады. Қазір мақсатты жоспарға сәйкес Қызылорда қаласы ыстық сумен қамтамасыз етілуде. Жоба құны – 26 млрд 200 млн теңге. Келесі жылу беру маусымында қаламыз толық ыстық сумен қамтылады.
Одан бөлек «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында құны 7,6 млрд теңгені құрайтын 29 жоба жүзеге асырылуда. Оның биылғы жылға қаралған қаражат көлемі – 3,6 млрд теңге.
Сонымен қатар ауылдарды газдандыру жұмысы жүйелі жүруде. Мәселен, Ақжарма елді мекені биылдан қалмай «көгілдір отынға» қосылады. Сонымен қатар 3,1 млрд теңгеге Сабалақ саяжайын және 631 млн теңгеге қалада газ желісі жүргізілмей қалып қойған шағын аудандарды газдандыру жүзеге асуда. Алдағы жылға Қызылөзек ауылдық округі және Бірқазан елді мекенін «көгілдір отынмен» қамту жоспарға енгізілді.
Жолдың жайын жүрген білер
Соңғы жылдары қаламызда жол инфрақұрылымын дамыту бойынша қарқынды тірлік атқарылуда. «Жолдың жайын жүрген білер» демекші, қаламызда қатынауға қиын жолдар бар екені рас. Облыс орталығында жол қатынасына байланысты мәселелер шешімін тауып, жыл өткен сайын жақсарып келеді. Қаламыздағы тақтайдай тегіс көшелер қала көркіне көрік қосары сөзсіз.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен және облыс әкімінің үйлестіруімен Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 566 шақырым жолды 1-санатқа ауыстыру бойынша жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде. 2025 жылдың наурыз айында құрылысы басталады.
Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының 140 шақырымына реконстукциялау жұмысы жүргізіліп, қалған бөлігі алдағы 2025 жылы аяқталады.
Аймақ басшысының қолдауымен қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 36 млрд теңге қаралған. Бұл қаржыға 99 көшеге жол құрылысын салу, қайта жаңғырту, күрделі және орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Облыс орталығының негізгі көшелері: Әуежайдан – Бейбарыс сұлтан көшесіне дейінгі аралық, қалаға оңтүстік аудандардан келетін кіре беріс жолы, магистралды Яссауи, Жаппасбай батыр, Көшербаев көшелері төрт жолақтыға ауыстырылса, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы да кеңейтілуде.
Келер жылы еліміздің бас қаласы – Астана бағытынан кіретін Сағымбаев көшесіне қайта жаңғырту жұмыстары бастау алады.
Жаңадан Сыр самалы көшесі салынып, пайдалануға берілгені белгілі. Осындай бастама келер жылы да жалғасады. Яғни, Сырдария жағалауының бойынан Ескі базар мен Мерей шағын ауданы аралығына жаңа жол салу жоспарға енді.
Сонымен қатар қазіргі таңда құны 5.1млрд теңгеге Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол асты автожолы, қала мен Тасбөгет кентін байланыстыратын Қызылжарма каналының үстінен өтетін автожол көпірінің құрылыстары салынуда.
Жобалардың қатарында жаяу жүргіншілер жолы мен жарықтандыру да бар. Яғни, осы жылы 2,3 млрд теңгеге 54 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып 1,4 млрд теңгеге 84 көше жарықтандырылды.
Құрылысы қарқынды қала
Жалпы құрылыс – экономиканың негізгі драйвері десек, бұл тұрғыда Сырдың бас шаһары құрылыс қарқыны бойынша республикада алдыңғы орындардан көрінді. Алып құрылыс алаңына айналған Қызылорда заманауи келбетін қалыптастырып, сәулетіне көрік қосты. Сонымен қатар ең таза қалалар көшін бастап келеді. Жыл көлемінде бюджеттің барлық қаржы көздерінен және жеке инвесторлар арқылы 355,8 млрд теңгенің жобалары сәтті басталып, 113 млрд теңгесі игерілді. Атап айтсақ, Сыр өңіріне жасаған сапарында Үкімет басшысы Олжас Абайұлы Қорқыт Ата әуежайының жаңа терминалын салтанатты түрде ашты. Жобаны іске асыруға Болат Өтемұратов қоры 16 млрд 600 млн теңге инвестиция салды.
Ал жергілікті бюджеттен 4 млр 300 млн теңгеден астам қаражат бөлініп, терминалға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілді.
Мемлекеттің теңгеріміндегі жаңа терминал Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді. «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы мен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 600 млн теңгеден астам қаржыға темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтті.
Сонымен қатар құны 975 млн теңгені құрайтын заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты салынды. Аймақ басшысының қолдауымен алынған 300 жаңа автобус бағыттарға қосылып, қоғамдық көлік мәселесі толығымен шешілді. Одан бөлек, құны 1 млрд теңгені құрайтын 100 экотакси қызылордалықтарға қызмет көрсетуде.
Қоныстой көп болды
Қала қарқынды құрылыс алаңына айналғаны белгілі. Биыл аймақ басшысының қолдауымен 2 032 пәтерлі 44 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 984 пәтерлі 18 тұрғын үй бюджет есебінен, 1048 пәтерлі 26 тұрғын үй жеке инвестициялар есебінен салынды.
Жақында ғана 7 қабатты 10 үй табысталды. Жалпы, жыл басынан бері 2 713 пәтер кілті берілген. Яғни, биыл баспаналы болғандар көп.
Қазіргі таңда қалада 68 тұрғын үй (60 көппәтерлі, 8 жеке жер үй) апаттық деп танылған. Аталған санат бойынша тұрғын үй алу кезегінде 673 отбасы тіркеуде тұр. Биыл 135 отбасыға жаңа пәтерлер сатып алынды. Келер жылы да тағы 135 отбасына жаңа пәтер сатып алу жұмыстары жүргізілетін болады.
Өткен жылы 773,8 млн теңгеге 12 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен болатын. Биылға 21 тұрғын үйді қайта жаңғырту үшін 1,9 млрд теңге қаралды. Құны 619,3 млн теңгеге 23 тұрғын үйдің аулаішілік жолдары жөнделіп, абаттандырылды.
Тұрғындардың өтініші бойынша 25 көпқабатты тұрғын үйдің ауласында орналасқан балалардың ойын алаңдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 20 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті линеарлық панельмен қапталып, демеушілік есебінен 77 көпқабатты тұрғын үй мен бірнеше әлеуметтік нысанның қасбеті заманауи үлгіде әрленді.
Жайлы мектеп балаға жайлы
Өркениет көшіне бет бұрған қыруар істің алтын арқауы болып есептелетін ғылыми-техникалық және экономикалық прогрестің негізгі қозғаушы күші білім десек қателеспейміз. Ол – қоғам дамуының кепілі. Білім беру саласында алға ұмтылмай артта қалу мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне, ұлттың келешегіне кері әсер етеді. Сондықтан да жыл сайын білім саласының сапасын көтеру бағытындағы іс-шаралар жалғасын тауып келеді. Аймақта балаларға қолдау көрсетуге, дамуына және өзін-өзі жетілдіруге барлық жағдай жасалған. Білімге салынған инвестиция – болашақ негізі. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ауқымда жұмыстар атқарылды. Мәселен, қалада 5 мектеп салынуда.
Осыдан екі ай бұрын сол жағалаудан №290 орта мектеп пайдалануға берілді. Бұл білім ордасы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша аймақта пайдалануға берілген алғашқы мемлекеттік білім беру ұясы. Осы уақытқа дейін қаланың басқа шағын аудандарына қатынап оқып жүрген 900-ден аса оқушы бүгінгі таңда жайлы мектептің игілігін көріп отыр. Үш қабатты мектеп бірнеше блоктан тұрады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды.
Сонымен қатар аймақ басшысының үйлестіруімен 8 млрд 400 млн теңге болатын дарынды балаларға арналған 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты салынуда.
Биыл «ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи үлгідегі 350 орындық Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен 4 млрд 800 млн теңгеге жаңа музыкалық колледж салынуда. Ол келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Басты міндет – халық денсаулығын жақсарту
Қаламызда денсаулық сақтау саласын дамыту барысында жүйелі іс-шаралар жасалған. Басты міндет халық денсаулығын жақсарту екендігін ұмытпағанымыз абзал. Осы бағытта ауқымды жобалар жүзеге асқан. Атап айтсақ, бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы, онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүруде.
Жаңадан облыстық «Қан орталығы» пайдалануға берілді. Ауқымды жобалардың легі – заманауи 200 төсек орынға арналған перинаталдық орталық құрылысымен жалғасуда. Ел дансаулығы бәрінен маңызды. Сондықтан да ең маңызды шаруалардың атқарылуына жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар белсенді араласып, өз үлестерін қосуда. Бұл бірлесе жұмыс істегеннің нәтижесі деуге болады.
Мәдениет – мәңгі құндылық
2024 жыл – Сыр өңірінде «Руханият жылы» деп жарияланған. Игі бастамаға орай, мәдениет саласында ауқымды істер ұйымдастырылды. Мәселен, Руханият жылында көпфункционалды 1000 орындық «Өнер» орталығы пайдалануға берілді. Сондай-ақ Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің көптен күткен тілегі – Жыраулар үйі ашылды. Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Жақында құны 2 млрд 300 млн теңгені құрайтын облыстық тарихи-өлкетану музейі бой көтерді.
Соңғы 2 жылда «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы салынып, жаңадан симфония оркестрі, инклюзив театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында құны 11 млрд теңгені құрайтын «Шығармашылық академиясының» құрылысы жүруде. Сонымен қатар халықаралық стандарттарға сай 11 мың орындық Орталық стадион бой көтеруде. Жақын күндері 19 млрд теңгеге «ҚызылордаАрена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы басталады.
«Самұрық қазына траст» қорымен бірге құны 3 млрд 400 млн теңге болатын үстел теннисі орталығы салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Елді біріктірген акция
Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қалада санитарлық тазалық, абаттандыру, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Осы бағытта аймақ басшысының қолдауымен қалаға қарасты коммуналдық мекемелерге 53 арнайы техника алынды.
Қызылорданы жасыл қала ету мақсатында сала мамандарымен бірлескен жобалар іске асуда. Мысалы, қаланың көгалдандыруымен, көшеттер егіліп, арықтардың тазалығын қамтамасыз ететін «Жасыл Қызылорда» мекемесі жұмыс істеуде. Көркейту-көгалдандыру жұмыстары аясында апта сайын облыс ортылығы әкімдіктерімен бірлесіп мемлекеттік мекеме ұжымдары, еріктілер мен волонтерлармен бірге сенбілік жүргізілуде.
Қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған Орталық алаң демеуші есебінен 1 млрд теңгеге жаңғыртудан өтті.
Қала әкімдігі «Қорқыт Ата» атындағы Қызылорда университетімен бірлесіп, «Агро-биологиялық» бағын демалыс саябағына айналдыру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күні қалалық мәдени және демалыс паркін жаңғырту жұмыстары басталса, жақын күндері дәл осындай бастама Тұңғыш Президент, Денсаулық, Батырхан Шөкенов атындағы саябақтары мен Қорқыт Ата мемориалы аллеясында жалғасын таппақ.
Сонымен қатар келер жылы Сырдария өзенінің үстінен Астана мөлтек ауданы мен Тұңғыш Президент және Денсаулық саябақтарын байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірін салуды жоспарланған.
Алдымызда айқын міндет тұр
– Алдымызда айқын міндеттеріміз бен анық жоспарларымыз бар. Келер жылы қаланың, оған қарасты кенттер мен ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған 142 жоба әзірленуде. Біздің басты мақсатымыз – басымдықтарды дұрыс белгілеп, барлық салалардың серпінді жұмыс істеуіне қол жеткізу, – деді қала әкімі Нұржан Ахатов.
«Өткен жылға өкпе жоқ» дейді қазақ. Бұл орайда қала тұрғындарының өтіп бара жатқан жылға айтар алғысы шексіз десек, артық айтқандық емес. Көшесі түзу, зәулім ғимараты көкпен таласқан, жарқын жобалар жүзеге асқан қала жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Жарқын жобалар келер жылы да жалғасын табары сөзсіз.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Дереккөз: Aqmeshit-aptalygy.kz