Бүгін қала әкімі Нұржан Ахатовтың төрағалығымен 9 айдың қорытындысы бойынша аппарат мәжілісі өтті. Жиынның күн тәртібінде үш мәселе қаралды.
Алдымен орындаушылық тәртіп бойынша қала әкімінің аппарат басшысы Мұрат Тасқараев хабарлама жасап, хаттамалық тапсырмалар мен хаттардың орындалу барысы туралы баяндады.
Орындаушылық тәртіп мәселесі жергілікті әкімдіктердің жұмыс сапасының негізгі индикаторының бірі. Сондықтан, барлық мәжілістердің хаттамалық тапсырмаларын мерзімінде әрі сапалы орындау маңызды. Осы ретте, қала әкімі түскен арыз-шағымдардың мерзімінде орындалуын, сондай-ақ, «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі мен «Таза Қазақстан» телеграм бот арқылы жолданған өтінімдердің орындалуында мерзім бұзушылықтарға жол берілмеуін қатаң тапсырды.
Келесі мәселе, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Жеңіс Файзуллаевтың 9 айдың қорытындысы бойынша атқарған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндамасы тыңдалды.
Биыл құрылыс саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биылға бөлінген қаражатқа тұрғын үй құрылысы, электр желілері, ауыз су жүйесі мен кәріз желілерін қайта жаңғырту, елді мекендерді газдандыру сынды жұмыстар жүргізілуде. Жиында келер жылға жоспарланған жобалар да тиянақталды.
Айта кету керек, биыл «Газ тасымалдау жүйесін дамыту» бағдарламасы шеңберінде Сабалақ елдімекеніне газ тарту жобасы бойынша құрылыс жұмыстары жүруде. Жобаны 2025 жылы аяқтауға энергетика басқармасына бюджеттік өтінім толықтай жолданған. Сондай-ақ, қаладағы орамішілік газ құбырлары желісін салу мақсатында «Гагарин», «Титов», «СПМК-70», «Арай», «КБИ», «Сәулет», «Саяхат», «Бәйтерек», Орталық, және «Шұғыла» шағын аудандарындағы газ құбырлары жүргізілмеген көшелерге газ тартуға қаржы қаралып, мердігер анықталды. Ендігі ретте, қалаға қарасты елді мекендерден Қызылөзек ауылдық округіне газ жүйесін тартуға жобалау жұмыстары басталмақ.
Шаһар басшысы жауапты сала сапаға аса мән беріп, орындалу мерзімдерін қадағалап отыруын тапсырды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе, қаладағы жолдардың жай-күйі туралы қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тоқталып өтті.
Биылғы жылға қаламыздың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында құны 22 млрд. теңге болатын 70 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде, Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылына дейінгі жаңа жол пайдалануға берілді. Жаппасбай батыр көшесі және Е. Көшербаев көшесі кеңейтілді. Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылы бойындағы «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автомобиль көпірінің құрылысы, сондай-ақ, Қ. А. Яссауи көшесін, Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылын және «Самара-Шымкент-Қызылорда» аудандық маңызы бар автомобиль жолын кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мүлдем жол құрылысы жүргізілмеген 15 көшеде тас жол құрылысы аяқталса, 35 көшедегі жүргізілген орташа жөндеу жұмыстарынан бөлек, қосымша 11 көшеге жол жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылып отыр. Қаламыздың шет аймақтары қамтылған 107 көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жоба әзірлеу жоспарланып отыр.
Жиынды қорытындылай келе, шаһар басшысы аппараттық мәжілістің қорытындысы бойынша жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.
Дереккөз: Kyzylorda-news.kz