Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы құрылыс нысандарын аралап шықты.
Алдымен «Bi Global» серіктестігі қолға алған шығармашылық-инновациялық орталыққа барды. Бүгінде нысанның қасбеті әрленіп, абаттандыру, ішкі әрлеу және витраж орнату жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа 260 адам, 10 техника жұмылдырылған. Орталық қолданысқа берілгеннен кейін балаларға спорттық-сауықтыру, көркем-эстетикалық, ғылыми-техникалық, тарихи-өлкетану бағытта қызмет көрсетеді. Волейбол, баскетбол, футбол, воркаут алаңдарында, соңғы үлгідегі бассейнде жаттығу мүмкіндігі жасалады.
Аймақ басшысы заманауи кірпіш зауытының құрылыс барысымен де танысты. Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен зауыт салу үшін Қызылорда қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағынан 7 гектар жер телімі табысталған. Құны 2,5 млрд теңге болатын зауытта жылына 90 млн дана кірпіш шығарылады деген жоспар бар. Бүгінде іргетасы құйылып бітті, металл конструкциялар орнатылуда.
Одан кейін облыс әкімі Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылын қайта жаңғырту барысын көріп шықты. Өткен жылдан бері Бейбарыс сұлтан көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеті нығайтылып, даңғылдың 6,7 шақырымы қайта жаңғыртылуда. «УАД» ЖШС қолға алған жоба құны 6 млрд 656 млн.теңге. Қазір 1,2 шақырым кеңейтілетін аумақта жол негізінің құрылысы жүргізіліп, асфальт төселді. Сонымен қатар, Сырдария өзенінің жиегіндегі қорғаныс бөгеті тазаланып, 2,6 шақырымға жуық дамба нығайтылды, 1,4 шақырым тіреу қабырғасы, 820 метр жиек тұрғызылды.
Сол жағалаудағы жаңа стадионның шығыс және батыс трибуналарының металл конструкцияларын монтаждау аяқталып, қабырғасы мен ішкі бөлімдері, сыртқы витраждары қалануда. Сыртқы инженерлік желілер жеткізілген. Жылу, су құбырлары, электр, желдеткіштің ішкі желілері орнатылуда. Ғимараттың сыртқы қабырғасы, ішкі инженерлік желілерін жүргізу аяқталып, футбол алаңын монтаждау және абаттандыру басталады.






Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі