Жексенбі, 24 қараша, 00:12

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Өңдеу өнеркәсібі: Қолдау және қарқын

24.07.2024

183

0

Өңдеу өнеркәсібі: Қолдау және қарқын
Фото: Ашық дереккөзден

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Салада көңіл көншітерлік көрсеткіштер аз емес. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ісі өрге басып, өңірдің экономикалық жағдайын жақсартуға біркісідей үлес қосушылар қатары көбеюде.

Жалпы аймақта индустрияландыру іс-шараларының нәтижесінде өнеркәсіптің өңдеу саласы қарқынды дамуда. Биылғы 6 айдың қорытындысымен өңдеу өнеркәсібінің өсуі бойынша облыс өңірлер арасында 1-орынға шықты. Мемлекеттік қаржылай қолдаудың көмегімен облыста бірнеше шағын өндіріс пен қызмет көрсету орны ашылды. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Бекболат Шәріпбековтің айтуынша, мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне қарамастан, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5%-ға, өңдеу өнеркәсібі  37,5%-ға артқан. Сонымен қатар сауда мен негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі де көбейген.

Газ ресурстарының жаңа көзі

Бүгінде кәсіп бастап, экономикалық жағынан белсенді азаматтардың қатары да өсіп келеді. Демек, кәсіпкерлікті – бір істі бастаған адамның ғана емес, халықтың қамын күйттеуге бағытталған негізгі сала ретінде қарастырсақ болады.  Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер саны 64 мыңнан асқан.

Жасыратыны жоқ, облыс көп уақыттан бері мұнай өндірісіне арқа сүйеп келген болатын. Алайда кейінгі жылдары бұл өндіріс біршама қысқарды. Мәселен, былтыр мұнай өндіру көлемі шамамен 7%-ға төмендеп, 3,7 млн тоннаны құраған. Ал биыл мұнай компанияларының мәліметінше, 100 мың тоннаға төмендеуі болжануда. Мұнай-газ саласын дамыту және инвестициялар тарту бағытында қолайлы жағдайлар жасау мақсатында тиісті жұмыстар  атқарылуда.

Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында «Арал»  шөгінді бассейнінде басталған өңірлік геологиялық зерттеу жұмыстары биыл аяқталмақ. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы «Торғай-палеозой» кен орнында тереңдігі 5,5 мың метр ұңғыманы бұрғылау жұмыстарын биыл мамырда бастаған. Қолданыстағы кен орындарында өндірісті ұлғайту үшін жоғары технологиялық шетелдік компания тартылуда.

Суланған, сарқылған мұнай-газ кен орындарын игеруде «Gepetto» компаниясының тәжірибесі мол. Ол Қытайдағы 21 мұнай мен газ кен орнын қамтиды және 1500-ден астам ұңғымаларға қызмет көрсетеді. Өндіру көлемінің жыл сайынғы өсуі кемінде 30%.

Газ өндіру және қайта өңдеу көлемін ұлғайту үшін облыс әкімдігі салалық министрлікпен бірлесіп, «Қазгермұнай» серіктестігінде тауарлық газ өндірудің екінші желісін іске қосты. Шикізатпен қамтамасыз етуде басқа компаниялардың кен орындарынан газ ресурстары тартылатын болады.

Инвестиция игілігі

Кез келген аймақтың экономикалық дамуына инвестицияның ықпалы зор. Бұл тұрғыда  облыс өзге өңірлерден озық. Алдағы 5 жылда облыста жалпыұлттық инвестициялық жобалар аясында 46 жоба іске қосылады деп күтілуде.  Биылға жоспарланған 14 жобаның 3-уі іске қосылды. 

Олар – Қазалы ауданындағы «Жанкент Агро» ЖШС күріш ақтау зауыты, «Орда гласс ЛТД» ЖШС жылына 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндіру цехы  және Жаңақорған ауданындағы «Абдуллаев Аманкелді»  ЖШС 400 орындық мектеп-интернаты. 

Өңірге инвестициялар тарту және жаңа жобаларды іске асыруда өзге елдің тәжірибесіне сүйенген де артық етпейді. Сондықтан облыстық бизнес делегациялардың шет мемлекеттерге жұмыс сапарлары, сондай-ақ әлеуетті компаниялармен кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылуда.

Биыл түркиялық «Bayteks Tekstil» және «Akplas» компанияларымен жасалған меморандум  аясында құны 15 млн АҚШ долларын құрайтын тоқыма емес бұйымдар өндіру және тамшылатып суару қондырғыларын шығару жобаларын жүзеге асыру көзделуде. Мұнан бөлек, жалпы құны 16,5 млрд теңгеге «Uranus Wind» компаниясымен қуаттылығы 50 МВт жел электр станциясын салу, құны 5 млрд теңгеге кореялық «With YOU» компаниясымен қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу жобалары қолға алынуда.

Маусым айында Қытайда өткен «Қазақстан-Қытай» өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында өңірде цемент және кірпіш зауыттарын салу туралы меморандумға қол қойылды. Жалпы құны 82 млн АҚШ долларын құрайтын екі жоба бойынша облыста жылына 500 мың тонна цемент және 90 млн  дана құрылыс кірпіштерін өндіру жоспарлануда.

Шағын кәсіпкерлік – экономика тірегі

Биыл шағын және орта бизнесті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 34,5 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде бірыңғай кешенді бағдарлама аясында бюджеттен 9 млрд теңге бөлінді. Бағдарлама субсидиялауға, кепілдендіруге, гранттар беруге және жастар микрокредитіне  бағытталған. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» аясында микрокредит беруге, инфрақұрылым салуға да басымдық беріледі.

Жыл басынан бері 1,5 мыңнан аса жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. Айталық, бірыңғай кешенді бағдарлама аясында несие портфелі 16 млрд теңгені құрайтын 494 жоба субсидияланып, 339 жоба кепілдендірілді.

«Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 79 жоба 398,5 млн теңгеге, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 299 жоба 7,1 млрд теңгеге несиелендірілді. Биыл «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы несиелендіру жұмысын ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу саласын дамыту бағытында жалғастырмақ. Оған 1,5 млрд теңге сомасында қаржы бағытталады. Бұдан өзге, мемлекеттік гранттар биыл 1 млрд теңгеден астам сомада 721 жобаға берілді. Қаржылай қолдаудан бөлек, облыс кәсіпкерлеріне «бір терезе» қағидатымен әртүрлі бағытта қаржылай емес қолдау шаралары да көрсетіліп келеді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА

Дереккөз: syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика