Қызылорда облысында қазірде қай салада да айтарлықтай өсім бар. Аймақ бюджеті өсті, инвестиция тарту жөнінде де өңір көп облыстан көш ілгері тұр. Осыдан екі жарым жыл бұрын 364 млрд теңге болатын облыс бюджеті қазір 750 млрд теңгеден асты. Қазына қаражаты аймақтағы өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.
Өңдеу өнеркәсібінің өрісі кеңейді
Облыс экономикасының негізін құрайтын мұнай қоры жылдан-жылға сарқылып, өндіріс көрсеткіші 15 жылдан бері төмендеп келеді. Сондықтан мұнай-газ саласын дамыту қолға алынды, өңдеу өнеркәсібі мен аграрлық сала өнімін жедел арттыру шаралары да қатар жүргізіліп жатыр.
Сарқылған кеніштер орнына жаңа кен орындарын ашу мақсатында геологиялық зерттеу, мұнайдың төменгі қабаттарын игеру жұмыстары басталды. Кен орындарын тереңдігі 5,5 мың метрге дейін бұрғылап, дәстүрлі емес тақтатас мұнайын алу қадамдары жасалып жатыр. Осы күні бұрғылау тереңдігі 5 300 метрден асты.
Кейінгі жылдары өнеркәсіптің өңдеуші секторын дамыту арқылы экономиканы әртараптандырудың нәтижесі көріне бастады. Облыстың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 2021 жылы 23% болса, былтыр 33,3%-ға жетті. Былтыр бұл көрсеткіш инфрақұрылымдық, инвестициялық жобалар есебінен 640 млрд теңге болды. Оның 70,5%-ы – жеке инвестиция. Жалпы, соңғы төрт жыл ішінде өңірге 1,8 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды.
Өткен жылдың үлесіндегі қомақты табыс ретінде 37 млрд теңгенің 21 жобасы іске қосылып, 411 жаңа жұмыс орны құрылғанын ерекше атап өткен жөн. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында құны 10,8 млрд болатын 13 жоба пайда болды.
Биыл 275,3 млрд теңге болатын 24 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Алдағы бес жылда Сыр өңірінде 1,9 трлн теңге болатын 65 инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Нәтижесінде, 8 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Қытай елінің инвесторлары Қызылордадағы шыны зауыты маңынан өндірісті дамыта түсетін жобаны жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Үш жыл ішінде, екі кезең бойынша жүзеге асатын жоба құны – 27,1 млрд теңге. Тағы бір инвестор – «Комфорт-1 KZ» серіктестігі шыңдалған шыны өндірісін кеңейтумен қатар, автомобиль әйнегін өндіру жобасын жүзеге асыру мақсатында аумағы 4 гектар жер алды. Бес жарым миллиард теңгелік жоба келер жылы іске қосылады.
Шыны зауыты іске қосылғанда оның маңайында қосымша өндірістер пайда болады. Жоғарыдағы екі инвестордан бөлек, «Seven Rivers Technologies» серіктестігі Германияның «Horn glass» технологиясы бойынша жылына 220 миллион бөтелке шығаратын жобаны іске асырады. Құны 31 млрд теңге болатын бастамаға мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 38 гектар жер телімі берілді. Шикізат ретінде 50% шыны қалдығы қолданылатын зауыт құрылысы биыл басталып, 2027 жылы іске қосылмақ. «Оңтүстік Корея технологиясы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және өңдеу зауыты» жобасын қолға алған «With You E&C Kyzylorda» ЖШС биыл 19 млрд теңге болатын өндіріс орнының құрылысын бастайды.
Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру тапсырмасын орындау бағытындағы бастаманың бірі – облыста іске қосылатын 5 күн, 1 жел электрстансалары. Қуаттылығы 201 МВт болатын, 62 млрд теңгенің жобасы – облыста жаңартылған энергия көздерін өндірудің алғашқы қадамы. Сонымен қатар биыл өңірде екі ірі инвестициялық жобаның құрылысын бастау көзделіп отыр. Олардың алғашқысы – жылына 300 мың тонна өнім беретін кальциленген сода зауыты. Жоба арқылы өңірге 147 млрд теңге инвестиция тартылып, 700 жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ құны 215 млрд теңгені құрайтын «Шалқия» кенішіндегі тау-кен байыту комбинаты аймақ өндірісінің өрісін кеңейте түседі. Жылына 6 млн тонна кен өңдейтін комбинатта 1540 адам жұмыспен қамтылады.
Қаржы көбейіп, мүмкіндік молайды
Сырдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін саралағанда ең алдымен 2022 жылдан бері қарқыны бәсеңдемеген құрылыс саласы айрықша көзге түседі. Осыдан төрт жыл бұрын салаға 18 млрд теңге қаржы қаралса, 2022 жылы құрылысшыларға бұйырғаны 24,2 млрд болды. Саланың былтырғы бюджеті 127,5 млрд теңгеге жетіп, 197 нысанның құрылысы қарқынды жүргізілді. Облыста өткен жылы орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 291 млрд теңге болып, республикада бірінші орыннан көрінді.
Салаға жеке инвесторлар да қаржы аударып, өңір дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр. «Болат Өтемұратов қоры» бөлген 16,6 млрд теңгеге «Қорқыт ата әуежайының» жаңа терминалы салынды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартуға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген нысанды өткен жыл соңына қарай Премьер-министр Олжас Бектенов салтанатты түрде ашты.
Облыстағы ірі инвесторлардың бірі – түріктің «Aksa Energy» компаниясы Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылуэлектр орталығын салып жатыр. Биыл қолданысқа берілетін ЖЭО облыс орталығындағы коммуналдық қызмет сапасын жаңа сапаға көтеретін нысан болмақ. Жаңа станса облыс орталығын жылумен, өңірді электр энергиямен толық қамтамасыз етіп, 60 МВт электр энергиясын өзге аймақтарға сатуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік нысандар бой көтерді
Бөлінген қаржыны тиімді жоспарлаудың нәтижесінде жүздеген әлеуметтік нысан бой көтерді. Бұл тарапта әсіресе білім саласына баса мән берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде облыста 21 мектеп салу жоспарланған. Сол арқылы аймағымыздағы 4 апатты, 3 бейімделген мектептің мәселесін түбегейлі шешуге болады. Ұлттық жоба аясында салынатын мектептердің бесеуі пайдалануға берілді, келесі оқу жылына дейін тағы бес білім ошағы табысталады. Сонымен қатар облыс орталығында балалар мен жасөспірімдерге қосымша білім беретін «Оқушылар сарайы» ел игілігіне беріледі. 8 млрд 400 млн теңгеге дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының, 11 млрд теңгеге «Шығармашылық академиясының», 4 млрд 200 млн теңгеге музыкалық колледж ғимараты бой көтеріп келеді.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жылда 29 нысан салынып, халыққа қызмет көрсете бастады. Жоба аясында құны 9,2 млрд теңгеге Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы көпбейінді орталық ауруханалар жанынан қосымша құрылыстар салынып жатыр.
Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан «Қан орталығы» – саладағы тың бастама, тыңғылықты жұмыстардың нәтижесі. Құны 2,9 млрд теңге болатын жаңа орталықта жылына 10 мыңнан астам донор қан тапсырып, қан компоненттерінің шамамен 17 мың дозасы дайындалады. Қазір облыс орталығында 36,4 млрд теңгеге емханасы, онкологиялық бөлімшесі бар, 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізіліп жатыр.
Осыдан 2 жыл бұрын 1,8 млрд теңгеге 8 медициналық нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, былтыр 2,2 млрд теңгеге 9 медициналық мекеме жаңартылды. Соңғы жылдары саланы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші де өсіп келеді. Осы мақсатқа 4,6 млрд теңге бөлініп, жабдықтау деңгейі 87,1 пайызға жетті. Екі жыл ішінде аймақтағы денсаулық сақтау ұйымдары 245 жаңа санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етілді.
Бюджет қаржысынан бөлек «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 4 млрд теңге қаржы бағыттады. Жергілікті әкімдік пен қор арасындағы әріптестік нәтижесінде облыстық онкология орталығына құны 1,1 млрд теңге болатын скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешен жеткізілді. Еліміздің үш облысында ғана бар бұл кешен бүгінде өңірдегі шалғай елді мекендер тұрғындарына тұрақты қызмет көрсетеді.
«Руханият жылының» жаңалығы
Өткен жылы халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы Қызылорда өңірін «Үздік мәдени өңір» номинациясына лайық деп танып, ұйымның бас хатшысы Сұлтан Раев халықтың асыл мұрасы сақталған алтын көмбелі мекенде аз уақыт ішінде бой көтерген «Өнер орталығының» ашылуында марапатты облыс әкіміне табыстаған болатын. Жырдың қоңыраулы көшіне талай дарын қосқан Қызылордада осы орталықтың ашылуына орай «Руханият жылы» жарияланып, мәдениет пен өнердің өрісін кеңейте түсетін бастамалар қолға алынды. Ең бастысы – әр ауданда құрылысы басталған «Руханият» орталықтары. Жалпы құны 11 млрд 500 млн теңге болатын осы орталықтардың екеуі қазір ел игілігіне табысталды. Қалған орталықтар да көп ұзамай қолданысқа беріледі.
Арғы-бергі тарихта төрт бірдей астана бой көтерген топырақтағы құнды жәдігердің бәрі тарихи-өлкетану музейлерінің байлығы. Бүгінде 2,3 млрд теңгеге облыстық музейдің жаңа ғимараты салынып жатыр. Атаулы жыл аясында мәдениет саласы қызметкерлеріне 40 жаңа қызметтік пәтер кілті табысталды.
Облыс орталығында халықаралық стандарттарға сәйкес 11 мың орындық орталық стадион, жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Жақын арада «Қызылорда-Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы басталады. Қызылорда қаласынан бөлек, аудандарда да 11 спорт кешені бой көтереді.
Бір жылда – 2,5 мың пәтер
Облыста тұрғын үй-құрылысының да қарқыны жоғары. Былтыр барлық қаражат көзінен 866,8 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. 2022–2023 жылдары баспана кезегін күткен 17 мың тұрғынға 4 мыңға жуық пәтер табысталды. Өткен жылы бюджеттен 40 млрд 300 млн теңге қаралып, 2500-ден астам пәтер үй кезегіндегі азаматтарға берілді. Қазір Қызылорда, Байқоңыр қалаларында жеке және бюджеттік қаражат есебінен 33 көпқабатты тұрғын үй-құрылысы жүріп жатыр.
Биыл ел астанасы атанғанына 100 жыл толатын Қызылорда қаласын көркейту бастамасы осыдан екі жыл бұрын орталық алаңды абаттандырудан басталған еді. Алаңға субұрқақтар орнатылып, қиыршық және жолжиек тас төселді, жарық диодты шамдар қойылып, газон, көпжылдық жасыл көшеттер отырғызылды. Шағын архитектуралық пішімдемелер де алаңның сәнін кіргізіп тұр. Ы.Жақаев пен Қорқыт ата көшелерінің қиылысынан бастап орталық алаңға дейінгі аралыққа жаңа үлгідегі орындықтар, жарық бағаналары мен балалардың ойын алаңы орналастырылып, ғасыр бұрын ел байтағы атанған шаһар жаңғыра түсті. Облыс орталығындағы барлық саябақтар мен парктерді жаңарту әлі де жалғасып жатыр.
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ