Арал ауданында Жеңістің 80 жылдығына орай аудан әкімдігінің жүлдесі үшін облыстық ат бәйгесі өтті.
Қала сыртындағы ипподромға таңмен таласып ағылған көлікте есеп жоқ. Барлығы да ат бәйгесін тамашалауға асық. Жылқы десе делебесі қозатын халықтың жал-құйрығы таралып, тынысы ашылған сәйгүліктерге көрсеткен қошеметі ерекше. Кіл үздіктер бұл жолы да еліміздің әр өңірінен келді.
Ат бәйгесіне барлығы 90-ға жуық аса сәйгүлік қосылды. Қатарында тай, құнан, топ және аламанның апайтөс арғымақтары бар.
Бәйге тай жарысынан басталды. Онда ауыздығымен алысқан 18 сәйгүлік жарыс жолына шықты. Нәтижесінде Қазалы ауданының шабандоздары бірінші, екінші орындарды еншіледі. Бекарыстан би ауылының тұрғыны О.Смағұловтың «Хан» күреңі бірінші келсе, Жанкент ауылының тұрғыны С.Орынбасаровтың «Ниет» торысы мәре сызығын екінші болып кесті. Ал ауданға қарасты Қызылжар ауылынан келген С.Қарауымбетовтың «Адият» қара қасқасы мәреге үшінші келді.
Көпшілік көз тіккен жүйріктер сайысы мұнан соң құнан бәйгесіне ұласты. Бұл сында 21 тұлпар сөреден серпіле ұмтылды. 10 шақырым қашықтықты ең бірінші болып Аралқұмнан келген «Шулат» торы еңсеріп өтті. Екінші орын қармақшылық Ғ.Ұзақбаевтың «Тастұяқ» торысына бұйырса, үшінші орынды Аралқұмнан келген «Жұлдызай» торы олжалады.
15 шықырымға созылған топ бәйге бойынша жарыс жолына 26 жүйрік шығып, ішінен Жалғаш ауданы, Аққыр ауылынан келген «Ханторы» алдына қара салмай келді. Екінші орынды Қазалының Құмжиек ауылынан келген «Алагөз» күреңі еншіледі. Ал жүлделі үштік ауданға қарасты Бөген ауылынан келген «Ақ желең» торысына бұйырды.
Қай бәйгеде болмасын көрермен аламаннан айрықша әсер алады емес пе?! Бұл жолы да солай болды. Дүбірлі додаға 22 сәйгүлік шықты. Үміт пен сенім ұштасқан үлкен бәйгеде арғымақтар 20 шақырымдық қашықтыққа шапты. Жарыс жолының соңына қарай кіл мықты сәйгүліктер суырылып алға ұмтыла бастады.
Бақ пен бап қатар шапқан бұл жарыста бас жүлде шөмішкөлдік Анапияевтер әулетінің «Самалтау» торысына бұйырды. Ал екінші орынды Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылынан келген «Құлагер» атты қаракер еншілесе, үшінші орын Құмбазар ауылынан қатысқан «Қозы» күреңге бұйырды.
Жүлдеге іліккен барша арғымақтарға аудан бюджеті және демеушілер есебінен тағайындалған қаржылай сыйлықтар табысталды.

