Жаңақорған ауданының мәдениет және спорт салаларында бәсі биік. «Руханият» орталығы іске қосылған уақыттан бері онда жалпы саны 1832 мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Екпінді ауылдық клубы салынған болатын. Аталған нысан өткен жылдың желтоқсан айында ел игілігіне берілді. Спорт саласында да серпінді жұмыстар бар. Спортшылар әлем және Азия чемпионатында топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл туралы Жаңақорған ауданының әкімі Мәжит Самитов мәлімдеді.
— 2025 жыл аудан спортшылары үшін табысты әрі жетістіктерге толы жыл болды. Спортшылар әлем чемпионаттарында 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алса, жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 3 алтын, 4 күміс, 1 қола медаль иеленді. Сондай-ақ, Азия ойындарынан 3 қола жүлде еншіледі. Қазақстан Республикасы чемпионаттарында 30 алтын, 55 күміс және 30 қола медаль қоржынға салынды. Жыл көлемінде ауданда 180 спорттық іс-шара өткізілді. Оның ішінде 42 ауылдық, 106 аудандық, 20 облыстық, 2 республикалық чемпионат және 10 республикалық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып, оларға 10 336 спортшы қатысты. Тұрақты түрде дене шынықтырумен және спортпен айналысатын тұрғындар саны 36 мыңнан асып, бұл аудан халқының 44,6 пайызына тең болды. Қазіргі таңда бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауданда 394 спорт нысаны жұмыс істеп тұр,- деді Мәжит Самитұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі


