Қазір өндірістің бәрі цифрландыруға көшіп, автоматтандырылған қондырғыларды кеңінен қолдануда. Сол себепті жастардың басым бөлігі заманауи техника тілін меңгеруге құмар. Қазыбек Әлмаш Қызылорда қаласындағы «Orda Glass Ltd» ЖШС шыны зауытында шыныны терең өңдеу бөлімі басшысының орынбасары. Мектепті үздік бітірген жас арман қуып, шетелде білім алды. Қытайдың Ланьчжоу қаласында оқып, «Электротехника және автоматтандыру» мамандығын бітірді. Қытай тілін жетік меңгерген соң білімін жетілдіру үшін «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша магистрант атанды. Елге келгеннен кейін шыны зауыты ашылғанда алғашқылардың бірі болып, жұмысқа орналасты. Бастапқы кезде аудармашы болды. Уақыт өте келе өзіне жүктелген міндетті ұқыпты, тиянақты атқарып көзге түсті. Қазір шыныны терең өңдеу бөлімінің жұмысына жауапты.
– Зауыт толық автоматтандырылған. Мұндағы жұмыстың бәрін техника атқарады. Адамдар арнайы бағдарлама арқылы басқарады. Қол еңбегі жинау, қаптау ісіне ғана қажет. Белсенді жастар көп, жұмысты тыңғылықты атқарады. Екі тілді жетік меңгергендер де бар, – дейді ол.
Қазыбек жұмыс істейтін цех өте күрделі. Ол жұмыстың жайын былай түсіндірді.
– Бұл цехта дайын ақ шыны қайта өңделеді. Күннен, жарық сәулелерінен қорғайтын, күн энергиясын үнемдейтін қасиетке ие шыны шығарамыз. Алдымен өнім жуу кезеңінен өтеді. Үш рет қайта-қайта тазартылады. Оған сүзгіден өткен таза су қолданылады. Шыны бетінде шаң-тозаң болмауы тиіс. Өйткені сапасына әсер етеді. Тазартылғаннан кейін кептіріледі. Одан әрі вакуумдық қысымдық ауаға енеді. Бұл жерде шыны бетіне металдар себіледі. Түрлі-түсті шыны шығаратын болғандықтан, әртүрлі түске енеді. Мұның бәрі де вакуумдық ауаның ортасында болады. Металл себіліп болғаннан кейін дайын шыны сапа бақылау бөлімінде тексерістен өтеді. Талапқа келе сәйкес ме, келмей ме анықталады. Егер талапқа сай болса жиналып, қапталады. Ал сапасы дұрыс болмаса, қайта өңдеуге жіберіледі. Қапталып, тұтынушыға жіберілген кезде де аса ұқыптылықпен жиналады. Себебі сынбауы керек, – дейді ол.
Бұл шыны құрылысқа қолданылады. Сапасы да жоғары әрі сұранысқа ие. Цехта 25 адам еңбек етеді.
– Цех үздіксіз жұмыс істейді. Екі ауысым бойынша. Күндізгі және түнгі. Негізі дайын шыны вагон, көлік арқылы жеткізіледі. Бірақ бұл түріне көбіне көлікті таңдаймыз. Себебі өте нәзік. Түрлі-түсті шыны сырт елдермен қатар, өзіміздің қалаларға да саудалануда. Әсіресе Шымкент, Алматы мен Астанадан сұраныс жоғары. Жалпы құрылыс қыста бәсеңдейді. Біздің де жұмыс соған орай баяулап қалады. Бірақ көктемнен бастап қайта күшейеді, – дейді ол.
Сондай-ақ маманның айтуынша, қауіпсіздік шаралары қатаң бақыланады. Себебі шынымен жұмыс істеу оңай емес. Кесу, жылжыту кезінде арнайы белгіленген аумақтан өтіп кетуге де қатаң тыйым салынады екен.
Жас болса да ауқымды жұмыстың жүзеге асуына жауапты ол ортасына сыйлы. Іскерлігі мен білімінің арқасында жетістікке жетіп келеді. Бізге зауыт тынысын толық таныстырып, шынының қалай пайда болатынын, құрамы, кесілуі, жиналуы, қайта өңделуі, сапасының бақылануы туралы егжей-тегжейіне дейін түсіндірді. Міне, нағыз маман. Тосылып қалу жоқ. Қытай тілінде де еркін сөйлеп, ойын жеткізеді.
Иә, осындай талапты жастар барда саланың болашағына сеніммен қарауға болады.
Сара АДАЙБАЕВА,




