Елді мекендерді газбен қамтамасыз ету — тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Табиғи газға қол жеткізу халықтың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық жағдайды жақсартып, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына серпін береді. Осы бағытта аудан көлемінде газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек баяндап берді.
— Ауданда елді мекендерді газдандыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Дүр Оңғар ауылына газ тарту жобасы іске асырылып, нысанды пайдалануға беру рәсімі өткізілді. Бұл жоба алдағы уақытта басқа елді мекендерді газдандыру үшін жалғасатын болады. Сонымен қатар Иіркөл және Төребай би ауылдарына газ желілерін тарту жұмыстарын бастауға бюджеттен қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары алдағы уақытта басталатын болады. Бүгінгі күні аудан халқының 75,2 пайызы табиғи газдың игілігін көруде, — деді Жандос Еркінбек.






