Жұма, 23 қаңтар, 16:26

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалар – қоғам дамуының негізі

23.01.2026

11

0

616009952 2508029982925832 6084107284914709498 n

Қызылорда қаласында өткен бесінші Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ел дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелерге тоқталып, қоғамның рухани жаңғыруы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына басымдық берді. Құрылтай барысында көтерілген бастамалар мен ұсыныстар жұртшылық тарапынан кең қолдау тауып, ел болашағына бағытталған нақты қадамдар ретінде бағаланды. Осыған орай Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Ұлттық құрылтайға қатысып, Мемлекет басшысының қолынан мемлекеттік награда алған қызылордалық азаматтар брифингке келді. Олар құрылтай барысында көтерілген негізгі мәселелерге қатысты өз ой-пікірлерін білдіріп, елдік маңызы бар жиыннан алған әсерлерімен бөлісті.

– Президентіміз мәдениет деген ұғымды тек театр мен музеймен шектемей, ең алдымен адамның дүниетанымы мен ішкі болмысына қатысты екенін атап өтті. Шынында да, кітап оқу – ой-өрісті кеңейтеді, ал мәдениетті болу – көркем мінез бен ұлттық құндылықтарды қастерлеуден басталады. Салт-дәстүрді саралап, тарих пен рухани мұраны бағалай білу – нағыз мәдениеттің көрінісі. Осы бағыттағы бастамаларды қолдап, әр азамат өз дүниетанымын кеңейтуі керек деп есептеймін. Сондай-ақ, құрылтайда халық арасында жиі сынға ұшырап жүрген Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне қатысты өзгерістер айтылды. Аталған қордың қаржы министрлігіне берілетіні – орынды әрі уақытылы қабылданған шешім деп ойлаймын. Бұл мәселе бойынша сала мамандары да оң пікір білдіруде. Құрылтай барысында мемлекеттік кеңесші лауазымына қатысты да жаңашылдық жарияланды. Бұл жайт қоғамда түрлі пікір туғызды. Ал өңірлерге келер болсақ, Мемлекет басшысы Қызылорда облысында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше тоқталып, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қызметіне жоғары баға берді. Президенттің бұл сөзі құрылтайға қатысушылар тарапынан зор қолдау тауып, залда отырғандар шынайы ықыласпен қол соқты, – деді еңбек ардагері, “Парасат” орденінің иегері Сәби Аңсат.

Ұлттық құрылтай ел ішіндегі өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды нақты заңнамалық шешімдерге айналдыруымен ерекшеленді.

– Ұлттық құрылтайдың ел үшін маңыздылығы өткен төрт құрылтайда қоғам мүшелері көтерген халық арасындағы өзекті мәселелер негізінде 26 заңның қабылдануымен айқын көрініс тапты. Бұл құрылтай отырыстарының мақсаты дұрыс айқындалғанын және оның практикалық тұрғыда тиімді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Қабылданған заңдар қатарында қоғамда кеңінен талқыланып жүрген лудомания, нашақорлық, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелер бар. Құрылтайға 100-ден аса белсенді азамат қатысып, 4 секция отырысында 200-ге жуық мәселе көтерілді. Айтылған әрбір мәселе халық арасында нақты бар, күн тәртібіндегі түйткілдер. Құрылтай аясында Мемлекет басшысының қолынан мемлекеттік награда алу – үлкен мәртебе. Бұл марапат әр салада адал еңбек етіп жүрген қоғам өкілдеріне берілген әділ баға деп есептеймін және құрметім мен ризашылығымды білдіремін. Жеке өзім үшін бұл марапат қуанышпен қатар, жауапкершілікті де арттырды, алдағы уақытта одан да нәтижелі еңбек етуге ынталандырады. Сонымен қатар, құрылтайда конституциялық реформаға қатысты ірі саяси бастамалар болатыны айтылды. Мемлекет басшысы өңір басшысының жұмысына оң бағасын берді. Бұл Сыр елінің әрбір азаматы үшін үлкен мақтаныш болды. Жол инфрақұрылымына қатысты Қызылорда – Жезқазған автожолының Қызылорда бөлігі аяқталғаны атап өтті. Медицина және әлеуметтік салада соңғы үш жылда өңірге 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылып, көптеген нысандар салынды. Президент еліміздің жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өскенін айтып, Қызылорда облысының да осы деңгейде өсім көрсеткенін атап өтті. Бұл өңірдің республикадағы әлеуеті жоғары аймақтардың қатарында екенін білдіреді. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы бірқатар өңірлердегі жылу электр орталықтарының жаңғыртылмағанын сынға алды. Ал Қызылорда облысында бұл мәселе инвесторлар есебінен шешіліп, 215 млрд теңгеге жылу электр орталығын салу жобасы жүзеге асырылуда. Бұл тек облысты ғана емес, көршілес өңірлерді де жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Тазалық мәселесіне келсек, «Таза Қазақстан» жобасы аясында атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі бар. Сондай-ақ музей ісін дамытуға қатысты Президент Қызылордадағы заманауи музей үлгісін атап өтіп, басқа өңірлерге үлгі ретінде көрсетті. Аймақ басшысына берілген жоғары баға Сыр елінің тұрғындарын қуантады деп сенемін. Өңірдегі көптеген нысандар инвесторлар тарту арқылы салынып жатыр. Ірі компаниялармен келіссөз жүргізу, жауапкершілік жүктеу – үлкен еңбектің нәтижесі. Құрылтай кеше ғана өтсе де, өңірде жұмыстар тоқтаған жоқ. Бүгіннің өзінде Қазалы ауданында жаңа спорт кешені ашылып жатыр. Қазір Сыр елінің даму қарқыны республика көлемінде үлгі боларлық деңгейде, – деді Жандос Базартай.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен жиында ұлттық бірлік, әділетті қоғам қалыптастыру, білім мен тәрбие, жастар саясаты және өңірлердің дамуы сынды басым бағыттар қамтылды.

– Шындығында да көкірегімізді қуаныш кернеп отыр. Бесінші Ұлттық құрылтайдың аймағымызда өтуі үлкен серпін болды. Құрылтайда ел болашағына қатысты маңызды мәселелер талқыланған, қоғам дамуының жаңа бағдарлары айқындалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ұлттық бірлік, әділетті қоғам құру, білім мен тәрбие, жастардың әлеуетін арттыру мәселелеріне ерекше тоқталды. Ұлттық құрылтай – халық пен билік арасындағы ашық диалогтың нақты көрінісі деп есептеймін. Президент ел болашағы үшін жауапкершілікті сезінетін, адал еңбек пен білімді басты құндылыққа айналдырған ұрпақ тәрбиелеудің маңызын атап өтті. Бұл ойлар қосымша білім беру саласында еңбек етіп жүрген біз үшін үлкен сенім әрі жауапкершілік жүктейді. Осы тарихи жиында Мемлекет басшысының қолынан мемлекеттік «Құрмет» орденін алу – мен үшін зор мәртебе. Осы марапатты жеке жетістік ретінде емес, қосымша білім беру саласында аянбай еңбек етіп жүрген барша ұстаздар мен тәлімгерлердің еңбегіне берілген жоғары баға деп қабылдаймын. Елге қызмет ету – үлкен абырой. Жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, олардың бойына ұлттық құндылықтар мен заманауи білімді ұштастыра отырып тәрбие беру – біздің басты міндетіміз. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен сенім бізді жаңа бастамаларға жетелеп, жауапкершілігімізді арттыра түседі. Осы орайда, ел дамуына бағытталған салиқалы саясатымен, білім мен тәрбие саласына әрдайым ерекше көңіл бөліп келе жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына шынайы алғыс айтамын. Сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-рухани дамуына және білім беру жүйесінің ілгерілеуіне жан-жақты қолдау көрсетіп отырған облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлына ризашылығымды білдіремін. Бесінші Ұлттық құрылтайда айтылған әрбір бастама ел болашағы үшін маңызды бағдар. Біз бұл сенімді ақтау жолында адал еңбек етіп, жас ұрпақ тәрбиесіне бар күш-жігерімізді саламыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай – елдігіміздің айқын көрінісі, бірлігіміздің берік негізі, – деді “Қосымша білім беру” КММ директоры, “Құрмет” орденінің иегері Қайрат Жәлімбетов.

Президент қолынан «Шапағат» медалін алған “Ассамблея жастары” республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Елена Пак құрылтайда көтерілген мәселелер мен марапаттың мәні жөнінде өз ойымен бөлісті.

– «Шапағат» медалімен марапатталғаныма шын жүректен қуаныштымын. Ұлттық құрылтай барысында Президентіміздің жастарға ерекше қамқорлығын сезіндік. Маған берілген медаль да соның дәлелі. Ол үшін Мемлекет басшысына зор алғыс білдіремін. Бұл марапатты жеке еңбегімнің ғана емес, Ассамблея жастары ұйымының ортақ жетістігі, бірлескен жұмыстың нәтижесі деп қабылдаймын. Ұйымымыздың басты мақсаты – жастар бастамаларын дамыту, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту. Соңғы үш жылда облыстық деңгейде 80-ге жуық іс-шара өткізіліп, 5 ірі жоба жүзеге асырылды. «Social Assembly», «Бірлік тілі», «Ел мұрасы», «Таза орта», «Қасиетті парыз», «Жастар медиа» бағыттары бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл марапат бізге жаңа жауапкершілік жүктеп, алдағы уақытта да елге қызмет етуге жігер береді. Алдағы уақытта да бірлесе отырып, елге пайдасы тиетін бастамаларды іске асырып, үлкен мақсаттарға жетеміз деп сенемін, – деді Елена Пак.

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика