Сәрсенбі, 18 наурыз, 19:49

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«Ұлт мұрасы – ұлттық киім»: дәстүр мен тағылым тоғысқан тағзымды шеру

18.03.2026

8

0

651349204 4221266798140046 7294939009156757819 n

18 наурыз – жалпыұлттық «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында атап өтілетін Ұлттық киім күні биыл да өз мәні мен маңызын айшықтай түсті. Осы айтулы күнге орай Қызылорда қаласында «Ұлт мұрасы – ұлттық киім» атты ауқымды ұлттық киімдер шеруі ұйымдастырылып, көпшілікке рухани серпіліс сыйлаған тағылымды шараға айналды. Өнер арбатында өткен бұл мерекелік іс-шара ұлт мәдениетін ұлықтаудың, тарихи жадыны жаңғыртудың жарқын көрінісі болды.

651913186 4221266844806708 8562907565443209499 n

Шеру қалалық білім бөлімі ғимараты алдынан бастау алып, ұлттық киім киген мәдениет саласының үздіктері мен руханият жанашырларының бастауымен Өнер арбатында жалғасты. Сап түзеген қатысушылар халық әндерін шырқап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Шеруді бастап келген танымал өнер иелері мен дәстүрлі орындаушылар ұлттық өнердің қадір-қасиетін айқындай түсті.

Сахна төріне жиналған көпшілік алдымен студент жастардың орындауындағы «Қаражорға» биіне куә болып, ұлттық хореографияның шынайы болмысын тамашалады. Сонымен қатар республикалық деңгейдегі жүлдегер өнерпаздың арнауы шараның мазмұнын тереңдете түсті.

Салтанатты жиын жүргізушілердің жүрекжарды лебізімен ашылып, Ұлттық киім күнінің мән-маңызы кеңінен насихатталды. Шара барысында ұлттық киімнің тек сән үлгісі ғана емес, халықтың тарихы мен дүниетанымының, эстетикалық талғамы мен рухани байлығының көрінісі екендігі ерекше атап өтілді. Қазақы нақыштағы әрбір ою мен өрнекте ұлттың өткені мен бүгіні, салт-дәстүрі мен болмыс-бітімі бейнеленгені тілге тиек етілді.

650961580 4221267034806689 3302008539033923230 n

Мерекелік жиында қала әкімдігіне қарасты мекемелер, білім беру ұйымдары, жоғары және арнаулы оқу орындары, кәсіпорындар мен ауылдық округтерден жиналған жүздеген қатысушы ұлттық киім үлгілерін паш етті. Балабақша тәрбиеленушілерінен бастап, колледж студенттері мен түрлі сала қызметкерлеріне дейін қатысқан шеру шынайы халықтық сипат алды. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылықтарға деген құрметтің артып келе жатқанын көрсетті.

Іс-шараның көркемдік бөлігі де жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әсем би, әуезді ән мен дәстүрлі өнердің үйлесімі көрерменге ерекше әсер қалдырды. Қазақтың халық әндері, заманауи туындылар мен этно-фольклорлық ансамбльдердің орындауындағы шығармалар ұлттық рухты асқақтатты. Әншілер мен өнерпаздардың орындауындағы «Текті қазақ», «Ой көк», «Қазағым ай», «Ауылым» сынды туындылар мерекенің мазмұнын байыта түсті.

654418485 4221267731473286 795461749750381928 n

Шараның қорытындысы ретінде орындалған «Наурыз» әні барша көрермен мен қатысушыларды бір арнаға тоғыстырып, көктем мерекесінің шынайы рухын сезіндірді. Бұл – бірлік пен берекенің, жаңару мен жаңғырудың символына айналған ерекше сәт болды.

Жалпы, «Ұлт мұрасы – ұлттық киім» шеруі ұлттық мәдениетті дәріптеудің, тарихи мұраны ұлықтаудың және жас ұрпаққа тағылым берудің маңызды алаңына айналды. Мұндай шаралар арқылы ұлттық болмысымыз жаңғырып, ұрпақ санасында рухани құндылықтарға деген құрмет қалыптасары сөзсіз.

Ұлттық киім – өткеннің сарқыншағы емес, бүгінгі күннің мақтанышы, келешекке жол тартқан асыл мұра. Сондықтан оны дәріптеу – әрбір азаматтың парызы. Наурыз мерекесі аясындағы бұл тағылымды шара соның айқын дәлелі болды.

653886062 4221268841473175 1354238168964317613 n
653873605 4221268648139861 3220072409267147630 n

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика