Ағымдағы жылдың 15-22 ақпан аралығында республика көлемінде «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталған бастама отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға, құқық бұзушылыққа бейім азаматтармен жүйелі жұмыс жүргізуге және халық арасында құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған.
Осыған сәйкес қалада кешенді профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылып, оған қалалық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторлары, учаскелік полиция инспекторлары және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар жұмылдырылды.
Іс-шара аясында өмірдің түрлі қиын жағдайына душар болған азаматшалармен кездесулер өткізілді. Кездесулер қаладағы “Ана үйі” қоғамдық қорында және “Самұрық” инновациялық идеяларды дамыту орталығы қоғамдық қорында ұйымдастырылып, жәбір көрген әйелдерге құқықтық көмек пен түсіндірме берілді. Мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдарын, заңмен қорғалатын құқықтар мен қолдау тетіктерін жан-жақты түсіндірді.
Сонымен қатар, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушы ретінде есепке алынған азаматтардың тұрғылықты мекенжайлары тексеріліп, олармен профилактикалық әңгімелер жүргізілді. Заң талаптары, жауапкершілік шаралары және құқық бұзушылықтың салдары туралы нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу да назардан тыс қалған жоқ. Мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесулер өткізіліп, кәмелетке толмағандардың қылмыстық және әкімшілік жауапкершілігі туралы кеңінен ақпарат берілді.
Жалпы, «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, отбасы құндылықтарын қорғауға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесі
