Сәрсенбі, 26 қараша, 07:19

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Тау-кен өндірісінің тынысы

25.11.2025

16

0

Тау кен өндірісінің тынысы
Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Таң бозара көлікке отырып, жолға шықтық. Дала тұман. Аяқ жолдан басқасы көрінбейді. Бағытымыз – Жаңақорған ауданы. Тақтайдай тегіс жол. Екі сағатта жетіп бардық.

Алғашқы нысан – Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі. Ғимарат толықтай заман талабына сай жабдықталыпты. Сыртқы қасбеті көз тартады.

Колледж түлектеріне үлкен мүмкіндік

Биыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы». Президент бастамасы жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді.  Бұл ретте елімізде бірқатар жұмыс атқарылуда. Мәселен, техникалық және кәсіби білімге басымдық берілген.

Осы орайда еңбек нарығына қажетті кәсіби мамандарды даярлауда Жаңақорған аграрлық-техни­калық колледжінің орны ерекше. Оқу ордасында атаулы жылға орай облыстық білім басқармасы оқу орталығы (әдістемелік кабинет) бірлесе отырып, «Жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлі мен маңызы» атты тақырыпта облыстық семинар ұйымдастырды.

Оған облыстық білім басқармасы, кәсіпорындар, колледждің әлеуметтік серік­тестік мекемелері, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бас­шылары, қызметкерлері, ардагер ұстаздар, сту­денттер қатысты. Басты мақсат жұмысшы маман­дықтардың беделін арт­тыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын іске асыру, оқу орнының техникалық базасымен танысу, дуальді оқыту жүйесінің жемісті жүзеге асырылуы, тәжірибе алмасу болды.

Алдымен жиналғандар спорт залдағы арнайы көрмеге қатысты. Онда колледж шеберханалары дайындаған бұйымдар қойылды, жергілікті кәсіп­орындар өндіретін өнімдерін көрсетіп, таныстырып шықты.

Мәселен, «CKU-U» ЖШС зауытының өндірістік бөлім басшысының орынбасары Талғат Жолшыбеков колледжбен тұрақты байланыста екенін жеткізді.

Тау-кен өндірісінің тынысы

– Біз колледжбен 2-3 жылдан бері бірлесіп жұмыс істейміз. Арнайы ке­лісім­шарт жасалған. Мұндағы студент­тер тәжірибеден тұрақты өтеді. Слесарь, дәнекерлеуші, токарь, электрик маман­дықтары бойынша. Диплом алғаннан кейін жұмысқа қабылданады. Зейнетке шыққан маманның орнын жастар алмастыруда. Біздегі жұмысшылардың 70 пайызы – жергілікті тұрғын. Зауыт кү­кірт қышқылын шығарады. Ол уран өндірісіне қолданылады. Ал шығару процесіне келер болсақ, күкіртті Атыраудан алдырамыз. Бірінші ерітеміз, жа­ғамыз, одан кейін сумен араластырып, 98 пайыз қышқыл аламыз. Ол өнім­ді жергілікті уран өндірушілерге жібе­реміз. Күкірт қышқылы зауыты 2007 жылы салынды. Жұмысты 2012 жылы бастадық. Жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіреміз. Қазіргі таңда 274 қызметкер еңбек етеді. Көбі жастар, оның ішінде колледж түлектері де бар, – дейді ол.

Мұнан кейін «Жас маман» жобасы аясында жабдықталған шеберханалардың жұмысын көрдік. Токарь мамандығын даярлау бойынша практика жүргізетін шеберханада болдық. Өндірістік оқыту шебері Досмахан Есбатыров бірінші курс студенттеріне темір жонатын ста­нок­ты қалай қолдану керектігін үйре­туде. Шебер олардың жұмыс істеуіне бар­лық мүмкіндік бар екенін айтты. «Ав­то­кө­лік­терге техникалық қызмет көр­сету, жөндеу және пайдалану» мен «Тігін өн­дірісі және киімдерді үлгілеу» маман­дығы бо­йынша шеберлік сыныбында болып, он­дағы оқу процесін де көріп шықтық.

Семинар колледждің акт залында жалғасты. Жиында облыстық оқу ор­талығы (әдістемелік кабинет) кәсіп­тік бі­лім бөлімінің маманы Ұлан Тан­мам­бет шараның маңыздығына кеңінен тоқта­лып, бірқатар әлеуметтік серіктес басшы­ларына облыстық білім басқар­масы басшысының орынбасары Ә.Ізім­бетовтің Алғыс хатын табыс етті. Кол­ледж директоры Тәттімбет Абдраимов білім ордасының қысқаша тарихы мен жетістігін, дуальды оқыту бағдар­лама­сының тиімді жүзеге асырылып жатқанын айтты.

– Қазір колледж заманауи техникалық бағытта 19 мамандық пен 24 біліктілік бойынша маман даярлайды. Мұнда 2 ақпараттық технологиялар кабинеті, 7 шеберхана, 4 зертхана, 27 оқу кабинеті бар. Онда студенттің сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Акт залы, асхана мен жатақхана заман талабына сай.

Сондай-ақ басым бағыттың бірі – әлеуметтік серіктестік байланыстарын нығайту. Түлектер сапалы білім алып, тәжірибелік дағдыларын шыңдау үшін аудан көлеміндегі ірі кәсіпорындар, ша­ғын және орта кәсіпкерлермен, шаруа қо­жалықтарымен өзара келісім жасалды. Олар онда тәжірибеден өтеді, жұмысқа орналасады және дуальды оқыту жүйесін жетілдіруге мүмкіндік беріледі. Кол­ледж­де білім алушы 508 студенттің 134-і дуальды оқыту бағдарламасы бойын­ша тә­жірибеден өтуде. Бүгінде оқу ғима­рат­тары талапқа сай қайта жаңғыр­тылды. «Жас маман» жобасы аясында «Дә­не­кер­леу ісі», «Автокөліктерге техни­калық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Тігін өндірісі және киімдерді үл­гілеу» мамандықтары бойынша оқу-зерт­ханалық кабинеті жабдықталды. Бұл сту­денттердің практикалық дағдыларын жетілдіруге және өндірістік технологияны меңгеруге мүмкіндік береді. Біз білікті жұмысшы мамандар даярлауда еңбек етіп келеміз, – деді директор.

Жиында әлеуметтік серіктестермен меморандумға қол қойылды. Олардың қатарында «Байкен-U», «CKU-U», «Қы­зылқұм» ЖШС және «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ бар. Сондай-ақ шарада 5 студентке жұмысқа орналасуға жолдама берілді.

Солардың бірі – ветеринария маман­дығында оқып жатқан Ерсайын Оспан. Оған «Агро Сервис-Жаңақорған» ЖШС мекемесіне жолдама берілді. Дипломын алса, жұмысы дайын.

Біз 100 метр тереңдікке түстік

Жоспар бойынша келесі нысан – Шал­қияда орналасқан шахта. Жан-жақтан жиналғандар арнайы автобусқа отырып, Қаратау беткейіне жолға шықтық. Бес-алты шақырымнан кейін шахтаның аумағына келдік. Арнайы күзет автобус­ты тексеріп, қанша адам бар екеніне көз жеткізгеннен кейін ішке кіруге рұқсат етті. Көліктің терезесіне үңіліп келемін. Айналаның бәрінде ірілі-ұсақ зауыттар. Күнделікті шаруаларын атқаруда. Ауыр көліктер тізбектеліп жүк тасып жатыр.

Бұл кезде түс ауып кеткен. Көлік алып ғимараттың алдына келіп тоқтады. Маңдайшасына «Тау-кен Самұрық «Shal­kiya ZINC» деп жазылған. Тексе­рістен өтіп, төртінші қабатта орналасқан акт залына жиналдық. Қауіпсіздікке жауапты маман бейнеролик арқылы шахта астына түскен кездегі қауіпсіздік ережелерін қатаң түрде сақтау керектігі жөнінде түсіндірді. Жиналған көптің ішінен 15 шақты адамға ғана шахтаға түсуге рұқсат берді. Аты-жөні, қызметі толық жазылып, қол қойылды. Он бестің үшеуі қыз бала едік. Жауапты маман әлі де ойлануға болатынын ескертіп, бізден жауап күтті. Тәуекел етіп, шахтаны да көруге бекіндік.

Қызық. Әрі кетсе шахтада бір сағат ғана болады екенбіз. Қорқыныш пен үрей басым. Бірақ «шешінген судан тайынбас» деген ойға келдік. Ұққаным, шахтаға түсу оңай емес екен. Қауіпсіздік ережесі түсіндірілгеннен кейін, арнайы киім кию үшін жігіттер мен қыздар екіге бөлінді. Арнайы бөлмеде үстімізге киім, аяқ киім және каска берілді. Формасы ыңғайлы болғанымен, етік кемі 2-3 келі шығар. Өз өлшеміміз жоқ болғандықтан, екі есе үлкенін киюге тура келді. Одан әрі меди­циналық тексеру кабинетіне бардық. Қан қысымын өлшеді. Бірқалып­ты екен. Ке­лесі бөлмеде жарық шам, ауа сақталған құрылғы мен тағы да бір-екі затты мойынға іліп алдық. Жүрісіміз баяу­лады. Себебі әлгі етіктің салмағына 4-5 келі аспалы құрылғылар қосылды.

Ғимараттан шығып, екі-үштен бөлі­ніп, арнайы көлікке отырдық. Зулаған көлік екі-үш минуттан кейін шахтаға түсті. Қараңғы тунель. Көліктің жары­ғына қарап келеміз. Бұрылыс, келесі бұрылыс осылай жүріп, діттеген жерге келдік. Негізі шахтаның тереңдігі 400 метр. Ал біз 100 метрге түстік. Онда көлік пен құрал-жабдықты жөндейтін түрлі цех орналасқан. Жерасты жөндеу камерасы деп аталады екен.

Қараңғылық сейіліп, жарық көрінді. Жер асты болған соң ба, суық.  Әлде қор­қыныштан ба, денем тоңғандай. Басты­сы, жарықты көргеніме қуанып қалдым.

Бұрын көрмеген техникалар. Жұмыс­шылар шаруасын істеп жатыр. Бізге таңырқай қарайды. Одан әрі төмен түсуге рұқсат жоқ дегенді жиналыс кезінде маман ескерткен болатын. Дереу ісіме кірістім. Енді ғана екпінін бәсеңдеткен алып техникадан жас жігіт секіріп түсті. Аты-жөні Мұхаммед Жұмабек. Ол 2021 жылы шахтаға жүргізуші болып қабылданыпты. Колледжді бітіргеннен кейін жұмыспен қамту бөлімі арқылы келген.

– Біз колледжді бітіргеннен кейін жұ­мыссыз жүрген жоқпыз. Арнайы бағ­дарлама арқылы алдымен практикадан өттім. Кейін жұмысқа алды. Бастысы, жұ­мысқа ұқыпты болу керек. Әр істі тың­ғылықты, жауапкершілікпен атқару маңызды. Техниканың жұмыс барысын­да жанармайы таусылса, сол тұрған ау­ма­ғына май жеткізіп беремін. Мынау – жа­нармай таситын машина. Осыған майды толтырып алып, техникаларға құя­мын. Қауіпсіздік шараларын қатаң ұстанамыз. Күнделікті таңертең медици­налық тексеруден өтеміз. Таңғы 7-де жұмысқа кі­рісеміз. Содан кешкі 6-да жердің үстіне бірақ шығамыз. Түскі асымызды жұмыс орнына әкеледі. Осы машинаны айдаған маман алғашында техниканың тілін үй­ретті. Жалпы, жастарға қолдау жақсы. Ал­дың­ғы буын ағалардың көмегі көп, бізге әркез қол ұшын созуға дайын, – дейді ол.

Жер астындағы техника тарсылынан құлақ тұнады. Тас тасымалдайтын көлік жақындап келе жатқанда даусының гүрілі күшейе береді. Осы көлікті басқаратын жігіт Жасұлан Зареровтің мұнда келгеніне 8 жыл болыпты. Ол тау-кен саласы мамандығын Кентау қаласында оқыпты. Оқуды бітіргеннен кейін осында түйіндеме тапсырып, көп ұзамай жұмысқа қабылданған. Тас тасымалдайтын 30 тонналық машинаны тізгіндейді. Жер астынан тас тасымалдап, күніне 10-12 рейс жасайды екен. Кат деген техника бар. Сол тасты көлігіне салып береді. Ал оны сыртқа жеткізеді. Машинаның салмағы ауыр болғандықтан даусы да қатты естіледі. Жұмыс вахталық әдіспен, он бес күн күндізгі уақыт болса, он бес күн түнгі ауысым бойынша ауысып еңбек етеді.

Бөлім басшысы Әзілхан Байжанов мұндағы күнделікті атқарылатын жұмысқа тоқталды.

– Бұл – негізінен жерасты техникаларын жөндеу және қызмет көрсетілетін бөлік. Шамамен 100 метр тереңдіктеміз. Техниканы жөндеу, баллон ауыстыру, құ­рылғыларды қайта қалыпқа келтіру сын­ды көптеген қызмет түрін атқарады. Бұл – басты жол, 400 метрге дейін баратын айналма жол. Мәселен, мына техника тасымалдауға арналған. Қазір ол 280 метрден тасты жеткізуде. Жөндеу жұмыстарына байланысты токарь цехы, автоэлектрик, дәнекерлеу сынды цехтар бар. Негізгі өнім – қорғасын мен мырыш. Әзірге өнім өндіруге дайындық. Рудаға дейінгі жолды жүрудеміз. Көріп тұрғандарыңыздай, жұмыс оңай емес. Қызметкерлерге барлық жағдай жасалған. Жатын орын, спортзал, бассейн, арнайы киім, ыстық тамақпен қамтылған. Жас­тар, колледж студенттері келеді. Оларға тәжірибелі мамандарымыз білген-түй­гендерін үйретеді. Ынтасы бар жас­тарды жұмысқа тартамыз. Себебі келе­шекте біздің орнымызды басатын кадрлар даярлау керек. Осы мақсатта колледж сту­денттері тұрақты практикадан өтеді. Қолы­ның икемі мен ебі барларын жұмыс­қа алып қалуға тырысамыз, – дейді ол.

Токарь цехының ішінде жұмыс қызу. Цехта 20 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Асхат Асанқұлов – тәжірибелі маман. Ол вахталық әдіспен жұмыс істейді.

– Біздің негізгі қызмет – бұзылған тех­никалар мен құрал-жабдықтарды жөн­дейміз. Жонып, тегістеп, қайта іске асырамыз. Цехта темірді жонуға, қысу­ға, кесуге арналған құрылғылар бар. Со­лар­дың көмегімен жұмыс атқарамыз. Жұмыс жүріп жатқаннан кейін, машиналар бұзылады, құрал-сайман сынады. Ал оларды уақытында қалпына келтіріп, қайта іске жарату – біздің міндет. Сол арқылы өзгелердің де ісі алға басады. Ке­йінгі кезде токарь болуға құмартатын жастар аз. Дегенмен аудандағы колледж­ден арнайы тәжірибеден өтуге келетін студенттер бар. Олар оқуда теорияны үйренсе, мұнда практика жүзінде іске асырады.

Соның бірі – Алдаберген Ерзат. Ол былтыр Жаңақорған аграрлық колледжін токарь мамандығы бойынша бітіріпті. Бізге жұмыспен қамту орталығы арқылы келді. Жалпы баланың талабы жақсы. Құрылғымен темір жонуда, – дейді ол.

Айналма жол ұзап кеткендей

Жұмысшылармен пікірлесіп бол­ған­нан кейін қайта көлікке отырдық. Қа­раң­ғы жолға түсіп, жарыққа шығуға ба­ғыт алдық. Айналма жол ұзап кеткендей. Әйтеуір бір кезде жарық көрінді. Жақын­даған сайын үлкейіп келеді.

Иә, жердің үстіне шықтық. Алғашқы ойым «Жер бетінде, жарықта еңбек еткенге не жетсін!» болды. Шахтаға түсіп бара жатқанда маңдайшадағы «Сені отбасың күтіп отыр» деген екі тілдегі жазу ойландырды.

Тау-кен өндірісінің тынысы

Жалпы «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ 2014 жылы құрылған. Негізгі қызметі – қор­ғасын-мырыш кенін өндіру және байыту. Өндіріс процесі жерас­ты тәсілімен руданы өндіру, ұсату, ба­йыту және концентрат шығару. Сон­дай-ақ ол әлемдегі ірі қорғасын-мырыш кен орындарының бірі саналады. Иннова­циялық технологиялар­ды қолдану, яғни өндіріске заманауи жаб­дықтар мен флотация технологиясы енгізілген. Өнімді өткізу нарығы не­гізі­нен экспортқа бағытталған. Міне осындай ірі кен орындарына жастарды тарту үшін аграрлы-техникалық колледж жас мамандарды даярлап, өндірісте практикадан өтіп, білімдерін шыңдап жүр. Бұл – қуанарлық жағдай. Себебі техникалық мамандар қашанда сұранысқа ие.

Міне, Жаңақорған ауданына жаса­ған сапарымыз сәтті аяқталды. Ымырт үйірілді, жеңіл көлік тегіс жолмен жү­йткіп келеді. Сапар барысында түйгеніміз –техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нары­ғының сұранысына сай бейімделуде. Колледж қабырғасында маман­дық бойынша білім алады, өндіріс орында­рында тәжіри­беден өтіп, ынталы жастар жұмысқа қабылданады. Бұл – дуальды оқыту жүйесінің жемісі әрі білім мен өндірістің өзара байланысының ай­қын көрінісі екеніне көз жеткізіп қайттық.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

Қызылорда-Жаңақорған-Қызылорда

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика