Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу-электр орталығының құрылысы салынуда. Осы мақсатта инвестор – «Акса Энерджи» түрік компаниясы жылу орталығының құрылысына қомақты қаржы салды. Айта кетсек, аталған жылу-электр станциясы – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынған ең ауқымды, теңдессіз жобаның бірі. Аймақ үшін айрықша маңызға ие нысан осы жылдың желтоқсан айында ел игілігіне табысталады.
Жалпы, энергетиканың экономиканы алға сүйреуші күш екені белгілі. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, қай жерде электр энергиясы үздіксіз өндірілсе, сол жерде өндіріс те жақсы дамиды.
Қазіргі кезде жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Бүгінде инвестор тарапынан жылу орталығының құрылысына 137 млрд теңгеден аса инвестиция салынып, негізгі қондырғыларды дайындауға шетелдік компанияларға тапсырыс беріліп, олар құрылыс алаңына жеткізілуде. Ал құрылысқа қажетті өзге де материалдар жергілікті өндірушілерден алынуда.
Жоба аясында қуаттылығы 180 МВт-тық 2 дана газ турбиналық қондырғылары (General Electric, АҚШ), 95 МВт-тық бу турбинасы (Doosan Skoda, Чехия), қуаттылығы 120 тн/сағ құрайтын 2 дана бу қазандығы (AC BOILERS, Италия) мен 150 Гкал/сағ құрайтын 4 дана жылу қазандығы (Mimsan, Түркия) салынатын болады. Құрылыс алаңында 1200-ден аса адам жұмыс жасауда.
Жұмысшылардың негізгі бөлігі – жергілікті тұрғындар. Жаңа станцияны биылғы жылдың 4-тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.
Стратегиялық нысан облыстың электр энергиясына деген қажеттілігін толығымен қамтамасыз етеді. Бұл жұмыстар тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға зор ықпал ететін болады.
Қызылорда – аумағы жағынан да, халық саны жағынан да қарқынды дамып келе жатыр. Бүгінде Қызылорда қаласы ыстық сумен қамтамасыз етілуде. Жоба құны – 26,2 млрд теңге. Келесі жылу беру маусымында қала толық ыстық сумен қамтылады.
Мемлекет басшысының 2023 жылғы 10 қазандағы Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде 2025 жылдың соңына дейін Қызылорда қаласын ыстық сумен қамту мәселесін шешу туралы тапсырма берілген болатын. Осыған орай, Қызылорда қаласындағы 423 көппәтерлі тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтау жүйесіне қосу үшін жоба әзірленді. Жұмысты екі кезеңде іске асыру (I кезең – 2024 жыл 187 үй, II – кезең 2025 жыл 236 үй) жоспарланды.
Өткен 2024 жылы 187 көппәтерлі тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтау желілерін салу үшін Үкімет резервінен 11 млрд теңге қаржы бөлініп, бұл жұмыс толық және сапалы аяқталды. Нәтижесінде қала тұрғындар ыстық судың игілігін көруге мүмкіндік алды. Биыл ІІ кезең бойынша құны 15,2 млрд теңгеге қалған 236 тұрғын үйді ыстық су жүйесімен қамту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Оны бастауға биыл Үкімет резервінен 5 млрд теңге қаржы бөлінді. Нақты кезеңде қаладағы «Ақмешіт» және «Мерей» шағын ауданындағы 61 көппәтерлі тұрғын үйді ыстық сумен қамту бойынша қажетті жабдықтарға тапсырыс беріліп, жұмыс жүргізілуде.
Е.Дәуір