Сейсенбі, 04 қараша, 21:51

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Сырдарияның сабыны

04.11.2025

10

0

Сырдарияның сабыны
Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

«Әлемнің әміршісі – еңбек», немесе «Еңбек түбі – береке» дейді дана халқымыз. Адал еңбекке бет бұрып, нарықтық заманға сай кәсіппен ұштастырып отырған азаматтар арамызда аз емес. Шағын және орта кәсіпкерліктің кең қанат жайып, өркендеуіне мемлекет тарапынан да тиісті бағдарламалар арқылы нақты көмек-қолдаулар көрсетіліп отырғаны көңіл қуантады.

Сырдария ауданының тұрғыны Айбол Смайлов 2023 жылы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында 1 380 000 теңге кө­лемінде қайтарымсыз грант иегері атанып, жеке кәсіпке ден қой­ғандардың бірі. Ол тұрмыстық химия өнімдерін, атап айтқанда кір сабын, иіс сабын және сұйық сабын шығарумен айналысады.

– 2021 жылы жұмыстан қыс­қарып кеттім. Отбасының негізгі асыраушысы өзім, сондықтан қа­рап отыруға болмайды. Содан ғал­амтордан сабын өндіру кә­сі­бі туралы көзім шалып қал­ды. Бұ­­рын мұндай кәсіп­пен ай­на­лыспаған соң, бастап­қыда қор­­қыныш та болды. «Тұтыну­шы­лардың көңілінен шыға ма? Бәсе­келестерді қалай басып озамыз?» деп ойладық. Дегенмен са­бын шығарудың қыр-сырын мең­геріп, өзіміздің тұрақты тұ­тыну­шыларымызды таптық. Ауыл­дағы «Көркем», «Шархан», «Ли­дер», «Жазира», «Престиж» се­­кілді дүкендерде сатылады және үйден келіп алатындар да жоқ емес. Өйткені біздің өнімнің баға­сы қолжетімді әрі химиясыз жасалады, – дейді ол.

Расында кәсіптен нәсіп табу оңай шаруа емес. Ол үшін ең бі­рінші тәуекел ете білу керек.  Одан соң өнімнің сапасы мен бағасының қолжетімді болуы да маңызды. Бас­тысы, тұтынушы көңілінен шы­ғу қажет. Міне, осы қарапайым қа­ғидаларды ұстанған Айбол Са­ғындықұлы есік алдындағы ая­дай бөлмені шағын цехқа айнал­дырып, бір отбасыны асырап отыр. Көпбалалы әке қызының құр­метіне арнап өнімдерге «Ханша­йым» атауын берген.

Кәсіпкер өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы арқылы өнді­ріс көлемін ұлғайтуға және өнім ассортиментін кеңейтуге мүмкін­дік алған. Бұрын сабынның түр-түрін шығаратын болса, енді оған ыдыс жуатын сұйықтық, суса­бын  қосылды. Бұл өнімдерді шыға­рудың аса қиындығы жоқ. Тоң май, өсімдік майларын қайнатып, арнайы қоспалар пайдаланады. Ши­кізатты Алматы қаласынан алдырады.

– Алдағы уақытта кәсіпті ке­ңейтіп, тың бағыт бойынша жа­ңашылдық енгізу ойда бар, – дейді ол. Ерінбей еңбек етіп, табанды тірлік етіп отырған көпбалалы әке,  аудандағы шағын кәсіптің дамуы­на үлес қосып, өндірістің жаңа серпінін қалыптастыруға үлгі болып отыр.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА

syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика