Шымкент қаласында өткен «Digital Qazaqstan Battle» ұлттық стартап-батлының финалында Kyzylorda Hub резиденті — «CortexAI» жобасы жүлделі 2-орынды иеленіп, 5 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа қол жеткізді, деп хабарлады Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы.
Байқауға еліміздің барлық өңірінен іріктелген 18 үздік команда қатысып, өз жобаларын ұсынды. Қатысушылар жобаның даму динамикасы, команда біліктілігі, бизнесті масштабтау мүмкіндігі және венчурлық тартымдылығы бойынша бағаланды.

.jpeg)
«CortexAI» — медицина саласына арналған инновациялық шешім. Жоба трансплантацияланатын бүйректің ағзада қабылданбау қаупін алдын ала болжайтын жасанды интеллект жүйесі болып табылады. Алгоритм 34 түрлі параметрді, оның ішінде пациенттің генетикалық деректерін талдай отырып, операцияның сәтті өту ықтималдығын 84% дәлдікпен болжайды. Сонымен қатар, жүйе ақпаратты өңдеу уақытын 12 сағаттан небәрі 33 секундқа дейін қысқартады. Аталған жоба Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының Startup Orda бағдарламасының түлегі. Команда жетекшісі — Сырдария ауданының тұрғыны Асылжан Абдуллаев.
Сонымен қатар, «Digital Qazaqstan» халықаралық IT форумы аясындағы AI-Sana сессиясында Жасанды интеллект институтының студенттері — Нұрбол Оңалбеков пен Нұрбек Әбілдаев өздерінің «PhishGuard» жобасын таныстырып, үздік инновациялық шешімдердің қатарына енді.



«PhishGuard» — фишингтік сайттарды, жалған веб-парақшаларды және басқа да қауіпті интернет-ресурстарды анықтауға арналған жасанды интеллект элементтері бар киберқауіпсіздік жүйесі. Жоба браузерлік кеңейтім және сервистік тексеру модулі форматында жүзеге асырылған. Жүйе сайтты ашқан сәтте автоматты түрде тексеріп, URL құрылымы, домен беделі, қорғалған байланыс, контент пен скрипттерді кешенді талдау арқылы қауіп деңгейін анықтайды. Нәтижесінде қолданушыға жедел ескерту беріліп, қауіпсіздік деңгейі (төмен, орташа, жоғары) көрсетіледі.
Форум барысында жас мамандар әлеуетті серіктестермен байланыс орнатып, жобаның алғашқы қолданушыларын тартты. Бұл — отандық стартаптардың нарықта сұранысқа ие екенін айқындайды.
Kyzylorda Hub резиденттері мен жас инноваторлардың бұл жетістіктері еліміздегі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.





