Шиелі ауданында табысты жүзеге асып жатқан өндірістік жобалар баршылық. Солардың бірі – құс етін өндіруге маманданған «Шиелі құс еті» агроөнеркәсіп кешені. Бүгінде табысты жұмыс істеп тұрған кәсіпорын құрамында үш құс өсіру фермасы бар. Өндірістік қуаттылығы – жылына 15-16 тонна құс еті, бұл 5000-ға жуық құс өсіруге мүмкіндік береді. Құстар 45 күн ішінде сойысқа жарамды күйге жетеді, бұл өндірістің айналымдылығы мен тиімділігін көрсетеді. Басшысы Гүлзада Құрманбаева – өз кәсібін дөңгелентіп, ауыл шаруашылығының ет бағытын дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкер.
Кәсіпорынның басты мақсаты – аудан халқын сапалы әрі жергілікті өніммен қамтамасыз ету. Бүгінде өндіріс тұрғындарды құс етімен толықтай қамтып отыр. Фермалар заманауи, автоматтандырылған күтім жүйесімен жабдықталған. Жем-шөп Жамбыл облысынан арнайы жеткізіледі, ал құстардың денсаулығы мен өсуіне қажетті температуралық және санитарлық талаптар тұрақты бақыланады. Өндірісте 5 адам тұрақты жұмыс істейді. Алдағы уақытта өндіріс көлемі ұлғайтылмақ.

– Шымкент қаласынан бір күндік балапандарды сатып аламыз да өсіреміз. Сойысқа жарағанда етке дайындаймыз, 45 күнде бір тауық 2,5 келі таза ет береді. 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5 пайызбен несие алдық. Үш жеке кәсіпкерлікті біріктіріп, ауыл шаруашылығы кооперативін құрдық. Соның негізінде 27,6 млн теңге несие алдық. Кәсіпорынды былтыр толықтай іске қостық. Төртінші құс өсіру орнын салып жатырмыз. Алдағы уақытта қалдықсыз өнім шығаруға көшсек деп отырмыз. Сонымен қатар жұмыртқа бағытын қолға алу да ойда бар, – дейді шаруашылық жүргізушісі Сәкен Қалмырзаев.
Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, еңбек адамының мәртебесін көтеруге, техникалық және өндірістік сала мамандықтарының маңызын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл бастама – ел экономикасының нақты секторында еңбек етіп жүрген жандардың еңбегін бағалауға, жастарды жұмысшы мамандықтарын меңгеруге ынталандыруға бағытталған маңызды қадам. Осы орайда аталған жоба жұмысшы мамандықтарының тек қарапайым еңбек ғана емес, ел экономикасын алға сүйреуші күш екенін көрсетеді. Құс өсіру – үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететін сала. Мұнда әрбір жұмысшының еңбегі маңызды.
Мемлекет басшысы отандық өнімді алға шығару, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайлы үнемі айтып келеді. Осы орайда аудан және қала халқын жергілікті өніммен қамтып отырған «Шиелі құс еті» кәсіпорнының орны ерекше.
Айнұр БАТТАЛОВА