Сенбі, 01 қараша, 16:50

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Саз әлемінің сардары 80 жаста

01.11.2025

10

0

573858795 4285489748446045 4873551553818769681 n

Арал аудандық мәдениет үйінде Қазақстанның құрметті журналисі, ақын, күйші-сазгер, «Тұран» сыйлығының иегері, Арал ауданының «Құрметті азаматы» Жұмабай Жақыптың 80 жылдық мерейтойына арналған «Сөз бен саз әлемінің сардары» атты шығармашылық кеш өтті.

Расында, адам өз өмірінің сәулетшісі. Даралар да, қаралар да, даналар да қонақ болып өтетін мына дүниеде әркім өз өмір соқпағын өзі сомдайды. Оның мәнді де сәнді, мағыналы да мазмұнды болуы өмір иесінің қарымы мен қасиетіне байланысты. Міне, бүгінде сондай сүрлеуді бастан кешіп, журналистика мен руханияттың биік шыңына шыққан Жұмабай Жақсылықұлы тағылымды кештің басты кейіпкеріне айналды.

Аймаққа аты шыққан таланттың шығармашылық жолы мен өнер биігіндегі белесін бір арнаға тоғыстырған кешке қаламгердің шығармашылық жолдағы үлкен-кіші әріптестері, руханият пен мәдениетке қызмет етіп келе жатқан орта буын және түрлі саланың зиялы қауым өкілдері қатысты.

Тағылымды кеште алдымен қаламгер Ж.Жақыптың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін бейнебаян көрсетіліп, ақынның өлеңдері оқылды.

Кешке арнайы қатысқан аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы Оңғарбаев қалам мен күй құдіретін бойына дарытқан бірегей тұлғаны мерейлі жасымен құттықтап, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының арнайы құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар облыстың ең жоғары марапаты – «Құрмет» грамотасын табыстады.

574617268 4285489621779391 8874681558589116062 n

Кеш иесі Жұмабай Жақып пен жұбайы Мария Жақыповаға арнайы құрмет көрсетіліп, иығына шапан жапты. Сондай-ақ аудан әкімінің құттықтауын табыс етті.

Рухани кеште Ж.Жақыптың аға-інілері мен қаламдас замандастары Сырдың сырлы сәлемін ала келіп, өздерінің ізгі пейілдерін, жылы лебіздерін жеткізіп, сый-құрмет көрсетті.

Олардың қатарында Қызылорда қаласы мен Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, республикалық «Жалаңтөс Баһадүр» қоғамдық қорының президенті Н.Мұсабаев, еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы, республикалық «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы, «Парасат» орденінің иегері С.Аңсат, белгілі тележурналист, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Шиелі ауданының Құрметті азаматы Қ.Есімсейітова, «Сыр Медиа» ЖШС-нің бас директоры М.Аралбаев және журналистика саласының ардагері, «Сыр Медиа» ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Ерімбетов бар.

574043924 4285492541779099 2875560608683331826 n

Мазмұнға толы шара соңында қаламгердің тағылымды дүниелері сомдалған төл туындысы – балалар шығармашылығына арналған «Ақ самолет, самолет» және «Көк теңіздің көз жасы» атты ертегілер кітаптарының тұсауы кесілді.

573551738 4285492865112400 6085053416433863191 n

Бұл кеште мерейтой иесінің әндері мен жауһар жырлары жиналған жұртшылыққа жол тартып, рухани кештің мән-мазмұнын байыта түсті.

574065356 4285493001779053 364701511726183305 n
574976748 4285490351779318 5932148933372689391 n
573265908 4285488161779537 8079286102250896490 n

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика