Өңірлік коммуникациялар қызметінің кезекті брифингі 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ұйымдастырылды. Баспасөз алаңына арнайы шақырылған «Абай Дәулет» ЖШС күріш ақтау зауытының зертхана жетекшісі Сәуле Шәкенова, «Қорқыт ата» шекаралық бақылау бөлімшесінің кіші бақылаушысы, кіші сержант Гүлназ Тәжібаева, ТЖ департаменті кадр және тәрбие жұмысы басқармасының бас маманы, психолог Арайлым Тілеуқабылова сынды әр салада абыройлы қызмет атқарып жүрген қыз-келіншектер жұмысының негізгі бағытын баяндап, қызықты деректерін бөлісті.
Өңірдің ауыл шаруашылығы саласында өзіндік мол тәжірибесі бар өндіріс орнының бірі – «Абай Дәулет» ЖШС көпсалалы кәсіпорны. Қазір мұнда 180-нен астам өз саласының білікті маманы жұмыс істейді. Кәсіпорынның күріш ақтау зауытында зертхана жетекшісі болып көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Сәуле Шәкенова – Сыр салысын сұрыптап, сапалы өнім дайындауды терең меңгерген маман.
– Сыр елінің брендіне айналған күріш өсіру, өңдеу саласында жұмыс істеп келе жатқаныма биыл 40 жыл болды. «Диқан», «Абзал и К» зауыттарында да жұмыс істедім. Қазіргі жұмысым «Абай Дәулет» серіктестігінде. Сырдария ауданындағы «Бесарық» ауылында орналасқан серіктестік мыңдаған гектар жерге күріш егеді. Олар шығаратын «Лидер» және «Янтарь» сорттары ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Экологиялық таза, сапалы өнім тұтынушының талабына сай келеді.
Компания өндіретін өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі ҚР СТ ИСО сапа менеджменті жүйесіне, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі менеджментіне сәйкестік сертификаттарымен расталады. Заманауи қаптамадағы «SYR DANI» сауда маркасымен дайындалған күріш ішкі нарықта сатылып, көрші мемлекеттерге де экспортталады. Менің жұмысым – зертханада халық сұранысына сай тағамдардың қауіпсіздігін бақылап, еліміздің және халықаралық стандарттарға сәйкес өнім дайындау. Жалпы осы салаға қызығушылық танытқан жастардың жаңа технологиялар арқылы жұмысты жеңілдетіп, сапаны арттыруына мүмкіндік мол, – деді Сәуле Шакенова.
Қоғамның қай саласында болсын, ерлермен қатар еңбек етіп, көптің құрметіне бөленіп жүрген қыз-келіншектердің қатары артып келеді. Осындай жауапты қызметті таңдаған «Қорқыт ата» шекаралық бақылау бөлімшесінің кіші бақылаушысы, кіші сержант Гүлназ Тәжібаева да мамандығын мақтаныш тұтады.
– Әскери қызмет – мемлекет қауіпсіздігін қорғайтын аса жауапты сала. Сондықтан онда ер азамат немесе әйел адам деген ұғым жоқ, бәріне бірдей тәртіп. Мемлекет шекарасының тұтастығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы міндетімізге сай аянбай еңбек етіп келеміз. Әсіресе, әйел адам үшін әскери салада қызмет ету төзімділік пен табандылықты қажет етеді.
Қиындығы мен жауапкершілігі мол бұл салада нәзікжанды арулар да мінсіз қызметімен жоғары шен иеленіп, құрметке бөленіп жүр. Отанға, мемлекетке адал қызмет ету – әрбір азаматтың борышы. Сондықтан өскелең жастардың да әскери салаға бет бұрып, оның ішінде шекара қызметіне келуіне мүмкіндік мол. Бұл салада тек білім мен тәртіп талап етіледі, – дейді Гүлназ Аймағамбетқызы.
Төтенше жағдайлар қызметінің қаншалықты жауапты екені баршамызға белгілі. Өйткені олар қандай қауіпті жағдай болса да тәуекелге барып, зардап шегуші адамдарды құтқарады. Өз міндетіне сай кез келген сәтте осындай қадамға баруға дайын. Өңірде жаз мезгілінде суға кету және өрт оқиғалары жиі болады. Сондай кезде департамент қызметкерлері, яғни құтқарушылар жедел әрекет етіп, бірінші кезекте адамды өлімнен арашалап қалуға ұмтылады. Кейде оқыс жағдайлар, күтпеген қиындықтар туындайды. Бұл жағдай құтқарушыға да, зардап шеккен отбасына да өте ауыр.
– Осы салада 16 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Біздің қызметіміз – мамандардың психологиялық дайындығын қамтамасыз ету, олардың моральдық-психологиялық жағдайын нығайту және төтенше жағдайлар кезінде психологиялық қолдау көрсету. Қызметкерлердің ішкі тұрақтылығын, төзімділігін арттырып, күйзелісті еңсеруіне көмектесу. Күнделікті әңгімелесу, психологиялық тренингтер өткізу, қиын жағдайларда моральдық қолдау көрсету арқылы олардың кәсіби және эмоционалды дайындығын күшейтеміз. Психолог маман ретінде әрбір қызметкердің психикалық денсаулығы мен эмоционалды тұрақтылығы – олардың кәсіби шеберлігі мен қызмет сапасына тікелей әсер ететінін ерекше атап өткім келеді, – дейді Арайлым Тілеуқабылова.
Қоғамның әр саласында қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер отбасында қарапайым ана. Балаларын мейірім мен махаббатқа бөлеп өсіріп, тәрбиелейді. Олар осы міндетін де мінсіз атқарып келеді.
ҒазизаӘБІЛДА