Қызылорда қаласында шағын және орта өнеркәсіп өндірістерінің ауқымы кеңейіп келеді. Соның ішінде тамақ өнеркәсібінің алатын орны ерекше. Бірнеше жоба іске қосылса жаңа мамандарға тұрақты жұмыс орындары ашылып, ішкі нарықта өзіміздің өнімдер сатылымға шықпақ.
Соның негізінде, бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясының фракция мүшелері Мұрат Абенов пен Мұрат Ергешбаев нан-тоқаш өнімдерін өндіру кешенінің жұмысымен танысты. Жобаға «Бірыңғай индустрияландыру картасы» аясында оңтүстік өндіріс аймағынан 5 га жер телімі берілген. Жобаның жалпы құны 3,8 млрд. теңге. Кешенде нан-тоқаш өнімдерінен бөлек кондитерлік және макарон өнімдері өндірілмек.
Нысанның ауданы 6166 шаршы метрді құрайды. Кондитерлік цехта нан-тоқаш өнімдерінің 100-ден астам түрін, сондай-ақ жылына 2520 тонна кондитерлік өнімдерді шығару жоспарлануда. Макарон өндірісінде жыл сайын 1152 тонна шығарылатын өнімнің кем дегенде 15 түрі болады. Іске қосылса 67 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Қазіргі таңда құрылыс және абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталған.
