Қызылорда қаласындағы Достық үйінің концерт залында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында және «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы шеңберінде алғаш рет «Ассамблея аруы – 2025» облыстық сұлулық байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың мақсаты — этнос жастары арасындағы бірлікті нығайту, мемлекеттік тілді ұлықтау, ұлттық мәдениетті дәріптеу және шығармашыл жастарды қолдау.
Шараны облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бірлесіп өткізді.
Алғашқы құттықтау сөз алған облыстық қоғамдық даму басқармасының ҚХА Хатшылығы-этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Ерлан Сисенбиев жастардың мәдени және рухани дамуына бағытталған мұндай іс-шаралардың маңызын атап өтті.
Байқауға 17–27 жас аралығындағы түрлі этнос өкілдерінен құралған 8 ару қатысты. Олар әзірбайжан, орыс, шешен, өзбек, түрік және тәжік этностарының мәдениетін таныстырды.
Сайыстың әділ бағалануы үшін қазылар алқасы құрамына мәдениет және өнер саласындағы кәсіби мамандар енді.
• Ирина Шек – облыстық Неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы.
• Руслан Құрманов — «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары.
• Айкерім Нұрғалиева – «Сыр аруы – 2025» жеңімпазы, республикалық «Қазақ аруы – 2025» финалисті.
• Константин Луца – халықаралық байқаулар лауреаты, әнші, ҚХА белсендісі.
Сұлулық байқауы төрт бөлім бойынша өтті.
1-ші кезең — «Таныстыру»
Қатысушылар өздерін шығармашылық форматта таныстырып, ұлттық болмысын, жеке бейнесін көрерменге әсерлі жеткізді.
2-ші кезең — «Білім мен парасат сындары»
Аруларға Қазақстан халқы Ассамблеясы, ел бірлігі, дәстүр мен мәдениет, ұлттық құндылықтар туралы сұрақтар қойылып, олардың парасат деңгейі мен мемлекеттік тілдегі еркін сөйлеуі бағаланды.
3-ші кезең — «Ұлт сәні»
Ұлттық киім дефилесі барысында қатысушылар өз этносының дәстүрлі киімін таныстырып, оның мән-мағынасы мен тарихына тоқталды. Бұл кезең көрерменге этностар мәдениетінің алуан түрлілігін көрсетті.
4-ші кезең — «Шығармашылық өнер»
Қатысушылар ән айтып, би билеп, көркемсөз оқып, аспапта ойнау арқылы өз өнерін паш етті.
Шара барысында Пірмағанбет Бексұлтан, Айдос Маханбедиев және «Ассамблея жастарының» сән көрсетілімі көпшіліктің жылы ықыласына бөленді. Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен номинация иегерлері анықталды.
Байқау нәтижесінде
• Бас жүлде — 100 000 теңге ақшалай жүлдені Сырдария ауданы, славяне этносының белсендісі Лидия Мясцова жеңіп алды.
• І орын — 70 000 теңге ақшалай жүлдені Байқоңыр қаласы, әзірбайжан этносының өкілі Сабина Мурадова
• ІІ орын — 50 000 теңге ақшалай жүлдені Қызылорда қаласы, «Ассамблея жастары» ұйымының белсендісі, өзбек этносының өкілі Гульбахор Искакова
• ІІІ орын — 30 000 теңге жүлдені Қызылорда қаласы,
«Болашақ» жоғары колледжінің студенті, тәжік этносының өкілі Нұржайна Джурабаева жеңіп алды.
Сондай-ақ, қатысушыларға арнайы номинациялар — 20 000 теңге және «Қоблан наз» дүкенінің сертификаттары табысталды.
«Ассамблея аруы – 2025» байқауы этнос жастарының арасындағы мәдени байланыстарды күшейтіп қана қоймай, мемлекеттік тіл мен ұлттық құндылықтарды насихаттаудың жаңа форматын қалыптастырды.


