Дүйсенбі, 13 қазан, 21:01

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Мерейтой аясында Аралда балық өңдеу зауыты ашылды

10.10.2025

26

0

559730889 4263084737353213 5937674581243879199 n
Фото: Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Қасиетті Арал топырағында өтіп жатқан ғасырлық тойдың жалғасы «Қарашалаң балық» ЖШС зауытының салтанатты ашылуына ұласты.

Теңіз төсіндегі тағылымды шараға аудан әкімі А.Оңғарбаев, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы С.Сермағамбетов, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының әкімі Н.Қызбергенов, Халықаралық Аралды құтқару қорының өкілдері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, Астана, Алматы, Қызылорда қалаларынан, Ырғыз, Қазалы аудандарынан арнайы келген мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен еңбек ардагерлері, сондай-ақ балық шаруашылығы саласының мамандары қатысты.

Озық технологиямен жабдықталған өндіріс ошағының салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі А.Оңғарбаев сөз алып, жаңадан бой көтерген кәсіпорынның алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

561393688 4263087397352947 5480585942122426780 n

– Құрметті қонақтар, қадірлі жерлестер! Өндірістің жаңа кезеңіне қадам басқалы отырған “Қарашалаң балық” зауытының ашылуымен баршаңызды құттықтаймын! Бұл игілікті бастаманың Арал балық шаруашылығы өндірісінің құрылғанына 100 жыл толуымен тұспа-тұс келуі – ерекше символдық мәнге ие.

Себебі бұл мекен ғасырлардан жалғасып келе жатқан балықшылық кәсіптің алтын діңгегі саналатын өңір. Арал теңізі – қойнауы балыққа бай, еліміздің ғана емес, бүкіл әлемнің назарын аударған айдын.

Арал өңірі үшін балық шаруашылығын дамыту – ғасырлар бойы қалыптасқан өмірлік маңызы зор кәсіп. Қазіргі таңда теңіздің кіші бөлігі қалпына келіп, көлдер жүйесі жандана бастаған шақта бұл саланың әлеуеті бұрынғыдан да артып келеді.

“Балық іздесең – көлге бар, береке іздесең – елге бар” дейді халқымыз. Бүгінгі ашылып отырған кәсіпорын – ел еңбегінің, ынтымақ пен тірліктің жемісі.

Осы мерейлі сәтте баршаңызға мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға береке-бірлік, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін! – деді аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы.

Сондай-ақ ол Арал өңірінде өтіп жатқан ғасырлық мерейтойдың маңыздылығын атап өтіп, елге арнайы келген қонақтарға ризашылығын білдірді.

Мұнан соң Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сағитжанұлы сөз алып, аймақтағы балық шаруашылығы саласының даму бағытына тоқталып, барша қонақтарды мерейтоймен құттықтады.

Ел ағасы, Арал ауданының Құрметті азаматы Әбілбай Садықбаев ауданда ашылып жатқан жаңа өндіріс ошағының маңыздылығын атап өтіп, осындай игі істерге бастамашы болып жүрген азаматтарға алғыс білдіріп, батасын берді.

Ауданда өтіп жатқан ғасырлық мерейтой аясында өткен балық зауытының ашылу салтанатында салада айрықша еңбек етіп келе жатқан бірқатар азаматтар Арал ауданы әкімінің Құттықтау хатымен және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитеті төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.

559812046 4263094697352217 7598028264676287295 n

Кәсіпорынның ашылу салтанатына куә болған меймандар ғимарат ішін аралап көріп, онда жүріп жатқан балық өңдеу жұмыстарымен танысты. Аймақтағы өндірістің қуатын еселейтін бұл кәсіпорынның жұмысы алдағы уақытта жандана түспек.

Айта кетейік, қазіргі уақытта ауданда жылдық қуаттылығы 23 900 тонна болатын 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның ішінде 2 кәсіпорын Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еврокод» сертификатына ие. Бұдан бөлек, 15-ке жуық сұрыптау және сақтау цехтары халық игілігіне қызмет етуде. Сол қатарды толықтырған жаңа «Қарашалаң балық» зауыты өндірістік қуатты жылына 6 мың тоннаға арттырып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жоба. Зауыттың жалпы құны 500 млн теңгені құрайды. Оншақты адамды тұрақты жұмыспен қамтитын бұл табысты кәсіпорын өңір экономикасының өркендеуіне үлес қосады деп күтілуде.

563401137 4263092944019059 6753929512664319759 n
559571744 4263092607352426 6799463926739601695 n

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика