Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы ұйымдастыруымен өткен «Idea Battle» стартаптар жарысы өз мәресіне жетті. 135 қатысушы бақ сынасқан тартысты бәсекеде өңірдің ең үздік жас инноваторлары анықталып, жеңімпаздар жалпы сомасы 1 000 000 теңге көлеміндегі жүлде қорын бөліске салды.
Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті қолдау көрсеткен «Idea Battle» байқауы – өңірдегі идеясы бар кез келген жасқа өз жобасын сарапшылар алдында таныстырып, оны дамытуға алғашқы қадам жасауға мүмкіндік беретін жоба. Байқау финалында денсаулық сақтау, қауіпсіздік, білім беру және маркетинг сияқты маңызды салалардағы ондаған жоба бақ сынасты. Байқаудың 1-орны мен 500 000 теңге жүлдесін Әбдіжәлелұлы Ернардың «ToiBastar» жобасы жеңіп алды. Бұл – той индустриясына арналған, мейрамхана мен әртістерді бір платформада таңдауға мүмкіндік беретін бірегей экожүйе. 2-орын мен 300 000 теңге жүлдесін жүк тасымалын жеңілдететін «MoveLink» логистикалық сервисінің авторы Дүзенов Нұрдәулет, ал 3-орын мен 200 000 теңге жүлдесін маркетингті автоматтандыруға арналған «Addwise» AI-агентінің авторы Мұқағали Жантүгел иеленді.

Байқаудың ең маңызды жүлделерінің бірі – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантын Айдарбек Ерасыл жеңіп алды. Оның «Remotion» жобасы – инсульттан кейін қолдың ұсақ моторикасын ойын арқылы қалпына келтіретін портативті құрылғы. Бұл әсіресе ауылдық жерлер үшін қолжетімді медициналық шешім ретінде сарапшылардың жоғары бағасын алды.

Жеңімпаздардан бөлек, байқауда «Qorğa» (жұмысшылар қауіпсіздігін бақылайтын AI-камера), «Pulse Diagnoser» (жүрек жағдайын диагностикалайтын құрылғы), «Kutim.kz» (бет терісін талдайтын мобильді қосымша) сияқты денсаулық сақтау саласындағы маңызды жобалар; «Stop bullying App» (балаларды буллингтен қорғайтын қосымша) сияқты әлеуметтік бастамалар; және «PrepAI» (халықаралық емтихандарға дайындайтын AI-платформа) сияқты білім беру жобалары таныстырылды.
«Бұл байқау Қызылорда өңіріндегі таланттардың қаншалықты жоғары деңгейде екенін тағы бір дәлелдеді. Біз тек идеяларды емес, денсаулықты сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты нақты мәселелерді шешуге дайын, терең ойлайтын жас буынды көрдік. Бұл – біздің аймақтың технологиялық болашағының жарқын екенінің белгісі», – деп атап өтті Kyzylorda Hub жетекшісі Тубекбаев Жанарыс.
«Idea Battle» сияқты бастамалар жастардың әлеуетін ашып, олардың кәсіпкерлік пен инновацияға деген қызығушылығын арттыруда маңызды рөл атқарады. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта мұндай жобаларды дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде аймақтағы стартап экожүйесінің дамуына серпін беріп, жаңа идеялардың өмірге келуіне жол ашады.
Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы