Дүйсенбі, 13 қазан, 20:59

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Егін орағы мәреге жақындады

09.10.2025

27

0

kombani
Фото: syrboyi.kz

Сыр диқандары тағы бір маңызды науқанды аяқтауға жақын. Санаулы күннен кейін егін орағы мәресіне жетеді. Алдын ала мәлімет бойынша елдегі егіншілер межедегі өнімді қамбаға құйып алды. Биыл көптеген қиындықпен бетпе-бет келсе де оған лайықты төтеп берді.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, биыл облыс­тың егін саласы үшін күрделі жыл болды. Егісті тұрақты суару үшін лимит бойынша 3,9 млрд текше метр су қарастырылды. Соған сәйкес 189,6 мың гектар дақыл егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар 93,1 мың гектар, майлы дақылдар 6,4 мың гектар, малазықтық дақылдар 72,7 мың гектар, картоп, көкөніс, бақша 17,4 мың гектар. Күрiш 80,9 мың гектарға себілді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес суды көп қажет ететін күріш егісі көлемі азайтылды. Өткен жылмен салыс­тырғанда ол 4,7 мың гектарға қысқарды. Биыл вегетациялық кезең Сыр шаруалары үшін өте күрделі болды.

Үкімет қолдауымен Сыр­дария өзенінің жоғарғы ағы­сындағы көрші мемлекет­термен дер кезінде келіссөз жүр­гізілді. Бұл егісті өз мөлше­рінде сумен қамтамасыз етуге жол ашты. Үкімет резервінен 53 жылжымалы дизельді насос алуға 1 млрд теңге бөлінді. Бар­лық каналдағы су алу кес­тесі ұдайы бақы­ланып, егіс­ке су арнайы кесте бойынша бе­рілді. Қашыртқыдағы су екінші мәрте 324 насос қондырғысы арқылы пайдаланылды.

Айта кетерлігі, еліміздің Тө­тенше жағ­­дайлар министрлігі 139 қыз­меткерден құралған жеке құрам мен 25 жылжымалы су насосын кө­мек­ке жеткізді. Осындай қол­дау арқы­лы вегетациялық ке­зеңде ешқандай шы­ғынға жол берілген жоқ,  – дейді бас­қарма басшысы.

Т.Дүйсебаевтың айтуынша, алдын ала болжам бойын­ша келесі жылы да да­рия дең­гейі биыл­ғы­мен шамалас бо­ла­ды. Бұл күріш көлемін 77 мың гек­тар кө­лемінде сақ­тауға мүм­кіндік береді. Деген­мен суға байланысты әлі де нақ­ты­ланады. Себебі, жоға­рыдан «Шардараға» түсіп жатқан су аз.  

Кейінгі жылдары суды аз қажет ететін дақылдар көлемін арттыру, егісті әртараптандыру мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Осыған орай суды аз қажет ететін дақылдар 2242 гектарға ұлғайды. Облыста ер­те егілген дәнді дақылдарды жинау аяқталған. Қазір күріш, малазықтық, майлы, көкөніс-бақша өнімдері қоймаға жиналып жатыр.

– Жергілікті ғалымдар шы­ғарған «Сыр сұлуы» сортының тиімділігі бай­қалды. Ендігі кезекте оның тұқымы шаруа­шы­лықтар арқылы көбей­тілмек. Қазір келіссөз жүргізілуде. Алдағы уақытта бұл сортты Қазалы, Қармақшы аудан­дарында егеміз деген жоспарымыз бар. Өйткені, дарияның аяғында орналасқан бұл аудандарда жылда су­ға қатысты қиындық туындап жата­ды. Өзге сортпен салыстырғанда «Сыр сұлуының» веге­тациялық кезеңі қысқа. Мәселен, қазір егіліп жүрген сорттардың көбісі 120-125 күн­де піссе, бұл сортқа 100-105 күнде орақ салуға мүмкіндік бар. Осының өзі өнім деңгейін жоғарылатуға әсерін тигізе­ді, – деді басқарма басшысы.

Қазіргі таңда егілген 80,9 мың гектар күріштің 77 мың гектары орылып, 69 мың гек­тары бастырылды. Одан 375,3 мың тонна өнім алынып, орта өнім гектарына 54,4 цент­­нерді құрап отыр. Кү­ріш ору жұмыстарын қазан айы­ның екінші онкүнді­гінен кешіктірмей аяқтау жоспар­ланған. Қазірге дейін алдағы жылдың егісіне қажетті 19,5 мың тонна тұқымның 79 пайызы қамбаға құйылды.

Облыс бойынша 5 мың гектар күздік бидайдан 6,1 мың тонна өнім жиналды. Орта өнім гектарына 12,2 центнер­ден келді. Сондай-ақ 5,4 мың гектар жаздық бидайдан 3,5 мың тонна өнім қамбаға құ­йылды. Ал  жүгеріден 1946 тон­на өнім алынды. Оған қоса мақ­сары, күнбағыс, картоп, көк­өніс, бақша өнімдері жиналуда. Өнім деңгейі көңіл демдерліктей.  Малазықтық дақылдарды ору жалғасуда. Жоңышқаның үш орымынан 326 мың тонна шөп жиналды, – дейді басқарма басшысы. 

Су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы биыл 8,1 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде 5,8 мың гектарға тамшылатып, 2,3 мың гектарға жаңбырлатып суару әдісі қолданылды.

Бүгінде  4 мыңнан астам тех­ника егін жинауға қаты­суда. Жыл басынан бері 3,9 млрд теңгеге 133 техника сатып алынды. Негізінен «Қаз­АгроҚаржы» акционерлік қо­ға­мы арқылы жеткізілді. Егін жинауға 10,4 мың тонна ар­зан­датылған дизель отыны бөлінген еді,  ол өңірге уақы­ты­лы жеткізілді.

Жергілікті шаруалардың берекелі тір­шілігі жалғасын тауып, еселі еңбек мол табысқа жол ашты.

Әділжан ҮМБЕТ

syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика