Бейсенбі, 23 қазан, 19:36

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«Don Вaton»: Өндірістен дастарханға дейін

23.10.2025

9

0

88ecf552 1b3e 495f 8ca2 08205b1d3642
Фото: Нұрболат Нұржаубай

Наубайхана өндірісін жүргізіп келе жатқан Бақытбек Ербошаевпен кездесудің сәті түсті. Ол 2013 жылы шағын цех ашады. Бастапқыда 8 адам еңбек етті. Сауда дүкеніне нан өнімін пісірді. Қажетті құрал-жабдығы түгел болғанымен кәсіби маман жетіспеді.

Жұмысын одан әрі дамыту үшін кәсіпкер 2020 жылы «Қызылорда» Өңірлік инвестиция­лық орталығынан» жеңілдетілген несие алды. Бұл орталық – шағын және орта бизнесті қолдап, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орнын құруды көздейді. Өңір кәсіп­керлерінің жобасын жеңілдетілген несиемен қам­тамасыз етеді. Бақытбек те орталықтың арқасында кәсібін едәуір ілгерілетті.

– Қаражатқа соңғы үлгідегі тех­ника сатып алдық. Сапалы құралдар Ресейден, Түркиядан әкелінді. Алайда алдымыздан тағы да сол кәсіби маманның жоқтығы шықты. Бар ғой. Көпшілігі өз еркімен үйреніп алған, білімі жоқ қыз-келіншектер еді. Біз олармен ауқымды жұмысты іске асыра алмайтын едік. Уақыт өте осы салада еңбек етіп жүрген мамандарды  тарта бастадық. Оларға өзіміздің тарапымыздан мүмкіндік бердік. Нәтижесінде ісіміз алға басып, шаруамыз ширады. Қазір біздің өнімдеріміз қаладан бөлек, аудандарға да тасымалданады. 100-ден аса адам еңбек етуде. Енді цех жұмысын одан әрі жандандыру үшін кең ғимарат ашуды көздеп отырмыз, – дейді ол.

Өндірістің технолог-маманы Мөлдір Құр­машова жұмыс барысын көрсетті. Қызығы, «Don Baton»-ның өніміне бір  тапсырыс бер­геннен кейін тұрақты тұтынушыға айна­латындар көп екен.

 Алып цех. Жұмыс үздіксіз жүруде. Тәтті мен нан иісі керемет. Әркім өз шаруасына мығым. Епті қолдар тәтті салынған қалыптарды пешке жылдам қойып, бір кезде қызара піскен өнімді пештен шығарды. Нан қорапқа, өзге өнімдер қапталып жатыр. Дайын өнім әп-сәтте көлікке тиеліп, дүкендерге жөнелтілуде. Міне, адал еңбектің арқасында берекелі істің шырайы осылай кіретініне куә болдық.

– Тек тапсырыспен қана жұмыс істейміз. Мұнда 6 цех бар. Алдымен нан пісіретін цехтың жұмысын көрсетейін. Бұл жерде ер азаматтар еңбек етеді. Өйткені жұмыс ауыр.  Нанның бір ғана түрі – бөлке пісіріледі. Төрт пеш бар. Бір пештен 120 нан шығады. Сонда бір салғанда 480 нан дайын болады. Бағасы 90 теңге, салмағы 450 грамм. Төрт аға қызметкер бар, олар негізгі жұмысқа жауапты. Ал көмекшілер дайын қамырды қалыпқа салады. Наубайхана үздіксіз жұмыс істейді, күндізгі және түнгі ауысым бойынша. Күнделікті 10 мың бөлке өндіріледі. Сонда 1,5-2 тонна ұн қолданамыз. Ең бірінші ұнның сапасына мән береміз. Жеткізу қызметі қарас­тырыл­ған. Әр цехтың қоймасы, өнімді дайын­дайтын орын, бәрі қамтылған, – дейді ол.

Одан кейін қатпарлы қамырмен жұмыс істейтін цехты көрдік. Мұнда круассан, печенье, бәліштер пісіреді. Тәттінің сан түрін жасайды. Бұл цехта 10 адам еңбек етеді екен.

– Барлық тәтті алдын ала дайындалып, тек уақытында пісіріледі. Осылайша тапсырыс берушіге ыстықтай жеткіземіз. Техниканың бәрі де заманауи. Қамыр илейтін, қатпарлы қамыр дайындайтын құрыл­ғының мүмкіндігі мол. Біздің күнделікті дастарқанға, қонаққа қойып жүрген тәттілер қаншама маманның еңбе­гінің арқасында дайын болады. Мәселен, бір круассанның дайындау әдісі әрі құпиясы бар. Оны кез келген адам істей алмайды. Сол себепті мамандардың еңбегі зор. Өз ісінің шеберлері. Келесі цехта нанның сан түрі жасалады. Ашытқысыз нан, қара нан, батон сынды 50-ден аса түрі дайындалады. Мұнда 8 адам жұмыс істейді, таңғы және кешкі ауысымда. Бұл өнімдерге де сұраныс өте жо­ғары. Әсіресе, оның ішінде ашытқысыз нан­ға тапсырыс беруші көп, – дейді М.Құр­машова.

Цех жұмысымен танысу барысында ол бізге қызметкерлері тәжірибе шыңдап, білік­тілігін арттыру үшін арнайы оқу курстарына жіберілетінін айтты. Тіпті Ресейге дейін ба­рып, сондағы технолог мамандардан білім алып келгендер бар. Бұл үрдіс жалғаса бер­мек.

«Don Вaton»: Өндірістен дастарханға дейін

– Мына пеш Германиядан әкелінген, – деді енді бірде технолог-маман.  – Сапасы жоғары. Өнімді жақсы пісіреді. Ал, мына цехта торт сынды тәттінің қоспасы, қамыры дайындалады. Бір сөзбен айтқанда, креммен жұмыс істейді. Бұл жерде 9 адам еңбек етеді. Торттың 5-6 түрін шығарамыз. Әрқайсысы­нан 40-50 шақ­ты дайындалады. Таңғы бесте басталатын жұ­мыс ыстық әрі балғын өнімді уақыт оз­дырмай дүкендерге жеткізумен бағалы. Мәселен, Байқоңыр және оның жолындағы ауылдарға да осы цехтың өнімі барады екен. Алдағы уақытта Жаңақорғанға жеткізу ойда бар.

«Don Baton»-ның әлеуметтік желідегі парақшасы да белсенді жүргізіледі. Онда тауар туралы ақпарат тұрақты  беріледі.

– Жаңа өнім шықса, міндетті түрде тұ­тынушыларға ұсынамыз. Ұнап жатса, тәт­тілер қатарына қосамыз. Сондай-ақ мұнда тағы екі цех бар. Бірінде ет, тауық еті және көк­өністерден самса, қатпарлы нан сынды өнімдер пісіріледі. Бұл – үлкен цехтың бірі. Себебі онда 15 адам еңбек етеді. Жалпы 30-дан аса өнім дайындалады. Бұл өнімге сұра­ныс қашанда жоғары. Екінші цехта салат да­йындайды. Салаттың 15-20 түрін шы­ға­рады. Дүкеннен бөлек жиын-тойларға да тап­сырыс қабылдаймыз. Ал, соңғы цехта жар­тылай дайын өнімдер бар. Мұнда 10-нан астам түрі ұсынылады, – дейді технолог-маман.

Мөлдірдің өзі мұнда еңбек еткеніне төрт жыл болған. Алғашқыда наубайханашы болып жұмысқа орналасып, кейін алғыр­лы­ғы­ның арқасында технолог мамандығын игер­ді. Қарағанды, Алматы қаласында және Ресейге барып, біліктілік курсынан өтіп, білім алды.

Иә, ол кәсіпті бірден ашып, табысқа жет­кен жоқ. Жобасын құрды, шаруасын бастады. Кейін «Қызылорда» Өңірлік инвес­тициялық орталығының көмегіне жүргінді. Жобасы қолдау тауып, қаражатқа қол жеткізді. Бе­рілген қаржыны мақсатты жұмсады. Нәти­жесінде ісі алға басып, кәсібі кеңейді. Жұ­мыс­шы қатары артты. Өнім түрі көбейді. Қыс­қасы,  ынта-ықылас пен еңбек еңсесін көтерді.

Сара АДАЙБАЕВА

syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика