Балық – дәруменді, жеңіл тағам. Буын саулығы мен көздің жақсы көруіне септеседі. Жас та, жасамыс та жей беру керек. Биыл елімізде халықтың жан басына шаққандағы балық тұтыну көрсеткіші 4 келіден 5 келіге өскен. Бірақ сала мамандары әр адам жылына 14 келі балық өнімдерін жеу керектігін айтып жүр.
Екіншіден, облыстарда балықты қолдан өсіру қарқын алды. Тауарлы көл шаруашылықтары Алматы, Түркістан, Жетісу өңірінде көбейген. Ал кәсіптік балық аулау негізінен Атырау, Қызылорда, Алматы және Шығыс Қазақстан облысында жүреді. Балық аулаумен 700-ден астам шаруашылық айналысса, онда шамамен 12 мың балықшы еңбек етуде.
Бізде 120 мың тонна балық өңдей алатын 72 кәсіпорын бар. Олардың 20-сы Еуропа елдеріне өнімдерін экспорттап жүр. Балықтың 50 түрі әлемнің 21 еліне (Германия, Латвия, Литва, Нидерланды, Ресей, Қытай және т.б.) кетеді. Жалпы осы жылдың 10 айында балық өңдеу кәсіпорындары 45 мың тоннаға жуық ысталған, мұздатылған дайын өнім өндірген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 мың тоннаға артық.
Экспорт демекші, біздің Сыр өңірі де осы салада маңызды рөл атқарады. Әсіресе, Арал ауданы балық шаруашылығында көп жобаны іске асырып отыр.
– Біздегі балық аулау саласында Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 17 көл тіркелген. Теңізде балықтың 19 түрі мекендесе, кәсіпшілікте оның 16 түрі ауланады. Ауданда жылдық қуаты 24 мың тоннаға жуықтайтын 9 зауыт бар. Ал кешегі күзде бір жылда 6 мың тонна балық өңдейтін «Қарашалаң балық» зауытын іске қостық. Айта кетейін, биылғы балық аулау маусымындағы белгіленген лимит – 6 мың тонна шамалас, – дейді Арал аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Жәнібек Жұбанов.
Оның айтуынша, қазір Аралда алты зауыт («Agrofish 2020», «Арал СДО», «Камбала – Балық» балықшылар өндірістік орталығы», «СДО Қарашалаң», «Aral Sea food», «Қарашалаң балық» ЖШС балық өңдеу зауыттары) балықты терең өңдеумен айналысып келеді. Қалған төртеуі («Ар-М-Кон», «Бөген СДО», «Қуаныш», «Zhalgasbay» шағын балық өңдеу зауыттары) балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдейді.
– Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін еурокод белгісі тек екі кәсіпорында бар. Олар – «Арал балық өңдеу зауыты» және «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС балық өңдеу зауыты. Бұдан бөлек, 15-ке жуық балықты сұрыптап қатыру және сақтау цехы жұмыс істейді. Биыл 4190 тонна балық ауланды. Былтыр 2847, ал осы жылы 4731 тонна балық өңделді. Өткен жылы 1823, биыл жыл басынан бері 2080 тонна балық өнімдері шет мемлекеттерге экспортталды, – дейді ол.
Ауданға қарасты Қосжар ауылында «Қамыстыбас балық питомнигі» кәсіпорны орналасқан. Аталған мекеме мен оған қарасты «Тастақ» бөлімшесі Кіші Арал теңізі мен теңізге жақын су айдындарына балық шабақтарын өсіріп, жібереді. Мемлекеттік тапсырыс есебінен онда жыл сайын 15 млн 220 мың балық шабағы өсірілсе, оның ішінде 14 млн 800 мың бір жылғы және 420 мың екі жылғы шабақ күтімге алынған.

– Бұдан басқа, Ақшатау елді мекеніндегі «Жамбыл» өндірістік кооперативінде балық дернәсілдерін шығаратын инкубациялық цех жұмыс істейді. Цехтан шыққан дернәсілдер арқылы қазір жергілікті су қоймаларын балықтандыру жұмысы жүргізіледі. Сондай-ақ «Арал Рыбторг» ЖШС Аманөткел ауылынан қуаттылығы жылына 15-20 миллион шабаққа арналған инкубациялық цех құру бағытында жұмысын бастап кетті, – дейді бөлім басшысының орынбасары Айбек Дәрібаев.
Аудандағы ауқымды жобаның бірі – тоған шаруашылығы. Ақбай ауылы маңындағы Ақирек тауының етегінде орналасқан 380 гектар жер осы мақсатпен игерілген. Құны 685 млн теңге болатын жобаны жүзеге асыруға «Байқоңыр» ӘКК» АҚ арқылы 513 млн теңге несие алынған. Қазір тоған аумағын қазу жұмыстары бітті. Жобаның гидроқұрылысы да аяқталды. Биыл 200 мың майда балық шабағын жіберу керек болса, қазір 50 мың ақ амур, дөңмаңдай, сазан шабақтары тоғандарға жіберіліп жатыр.
– Бұл балық шабақтары өзіміздің «Қамыстыбас» балық питомнигінде өсірілген. Жылдық қуаттылығы 300 тоннадай болатын тоған шаруашылығында алдағы уақытта сазан тұқымдас балықтар өсіріледі.
Қазір балық шаруашылығы 3 бағытқа бөлінген. Олар – кәсіпшілік балық аулау, өсіру, яғни аквакультура және балықты өңдеу. Бұған дейін Үкіметте «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы» бекітілген болатын. Бағдарламада ауданға қатысты тауарлық балық өндірісін ұлғайту үшін 7 тауарлы көл тізімге енді. Атап айтатын болсақ, «Ақшатау-Сорғақ», «Домалақ», «Тұщы», «Қаракөл», «Алаша», «Ақбілек» және «Шөмішкөл» көлі. Ауданда тауарлы балық өсіру дамып келеді. Осы салада 16 шаруашылық бар, – дейді басшы орынбасары.
Ержан ҚОЖАС,
Арал ауданы



