Кеше Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов жұмыс сапарымен ауданға келіп, елдегі балық шаруашылығы саласының жай-күйімен танысты.
Алдымен аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевпен бірге Балықшылар алеясында аудандағы бір топ балық шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесті.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан балық шаруашылығына жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Балық шаруашылығы кәсіпшілік балық аулау, балық өсіру (аквакультура) және балық өнімдерін өңдеу бағыты бойынша дамып келеді.
«Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы» бекітілген болатын. Бекітілген бағдарламада ауданға қатысты тауарлық балық өндірісін ұлғайту үшін 7 тауарлы көл тізімге енгізілді. Атап айтатын болсақ «Ақшатау-Сорғақ», «Домалақ», «Тұщы», «Қаракөл», «Алаша», «Ақбілек» және «Шөмішкөл» көлдері.
Бүгінгі күні, ауданда тауарлы балық өсіру дамып келуде. Қазіргі таңда тауарлы балық өсірумен 22 шаруашылық айналысуда. Оның ішінде 7 көл тауарлы балық өсіру шаруашылығы, 8 тоған және 6 тор қоршамада балық өсіру шаруашылығы мен 1 тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғылары арқылы балық өсіру шаруашылықтары жұмыс жасап келеді.
Кездесуде балық аулау мен өңдеу саласын оңтайландыру мәселесіне қатысты да ортақ пікірлер айтылды. Комитет төрағасы балық шаруашылығын дамыту мәселесі бойынша айтылған ұсыныстардың барлығы ескерілетінін жеткізіп, елдегі шаруаларға қолдау көрсету жалғаса беретінін жеткізді.
Мұнан әрі қаланың іргесінен салынған «Қарашалаң Балық» балық өңдеу зауытының жұмысымен танысты.
Жылына 6 мың тонна балық өңдеуге қауқарлы зауыттың бүгінде жұмыс кестесі қалыпты. Өндіріс ошағында негізі көксерке балығының өміндері өңделеді. Көксерке жон еті, алқым, ұрт, фарш өнімдері аталмыш зауытта терең өңделіп, өнім жергілікті жерлерде және шет елдеріне сатылады.
Келешекте басқа да балық түрлерінен кептірілген және ысталған балықтар өнім қуатын еселей түспек. Қазіргі таңда өндіріс орнында 40-50 дей адам жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш балық аулау науқанында еселеп артып, жұмыс күші 70-100 адамға жетеді.
Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы С.Сермағамбетов зауыт ішін аралап, мұнда өңделетін өнім түрлерінің барлығы талапқа сай әрі сапалы өндірілуі керектігін жеткізді.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі