Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы Өкілдігінде Жедел басқару орталығының ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Нұртай Қайрат Ырзақұлұлы, Өкілдік басшылығы мен жеке құрамы, ардагерлер қатысты.
Қылмыстың алдын алу және жедел ашу үшін ішкі істер органдарының қызметін цифрландыру қарқынды жүзеге асырылуда. Бұл орталық – азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті тиімді қадағалау жолындағы маңызды бастама.
Салтанатты шараны Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Нұртай Қайрат Ырзақұлұлы ашып, құттықтау сөз сөйледі.
Жиын барысында Республика күні мерекесіне орай ел игілігі жолындағы адал қызметі мен Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің бастығы Оразалин Кайрат Серікұлы марапатталды.

Байқоңыр қаласының полиция органдарындағы мінсіз қызметі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің Алғыс хатымен қызметімен ерекшеленген бірқатар қызметкелер марапатталды.
Байқоңыр қаласына Жедел басқару орталығының ашылу салтанатына арнайы келген Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, Алғыс хатпен ерекше көзге түскен тәртіп сақшыларын марапаттады.
«Ұсақ құқық бұзушылықтан бастап ауыр қылмыстың «ізін суытпай» ашуға септігін тигізетін ішкі істер органдарындағы маңызды әрі қажет қызмет – Жедел басқару орталығы қызметі. Бүгінде бұл орталық алдыңғы қатарлы құрылымдардың бірі. Полиция департаментінің барлық қалалық және аудандық бөліністерінде жаңа заманауи талаптарға сай келетін шағын жедел басқару орталықтары ашылды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге әр ауданға 77 дана бейнекамералар мен жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайтын 7 кешен орнатылды.Облысымыздың барлық аудандарында тұрғындардың темекі тұқылын тастау, қоғамдық орындарды ластау, жаяу жүргіншілердің арнайы жерлерден өтпеуін және автокөліктердің жол ережелерін бұзуын енді операторлар бақылап отырады. Мұның барлығы қызметкерлерімізге тәулік бойы қылмыспен күресуге, құқық бұзушылықтардың жолын кесуге және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеспек» деді Департамент бастығы.




