Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Жалғызағым және Тастүбек елді мекеніне іс-сапармен барып, ауыл халқының тыныс-тіршілігімен танысты.
Сапар басы алдымен Сексеуіл кентіне қарасты Жалғызағым елді мекенінен басталды. Ауылдағы бастауыш мектептің ауласында тұрғындармен жүздескен аудан басшысы елге қатысты өзекті мәселелерден хабардар екенін айтып, оларды шешу жолдарын мүмкіндігінше қарастыратынын ортаға салды.
Бастауыш мектепте бүгінде 21 бала білім алады. Тұрғындар тарапынан мектептің болашағына қатысты алаңдаушылықтың бар екені сөз болды. Бастауыш мектепті негізгі мектепке айналдырса дейді. Осы жағдайлар ескеріле отырып, ауылға алдағы уақытта мектеп салу мәселесі оң шешім табуы тиіс.
Сондай-ақ Жалғызағымнан Республикалық маңызы бар транзиттік көлік дәлізіне дейінгі 1,5 шақырым жолдың жайы көтерілді. Аудан басшысы бұл мәселеге қатысты жауап беріп, жолды әзірге гридрлеп, келер жылға шебін жол төсеуге жұмыс жасалатынын жеткізді. Жарық пен көгілдір отын мәселесі де назарға алынды.
Мұнан соң аудан әкімі мектеп ішін аралап көріп, балаларға сапалы білім беруде мектеп ғимаратын күтіп ұстаудың маңыздылығын жетікізді. Артынша ауыл ішіндегі медициналық бекеттің жұмысымен танысты. Жеке қабылду өткізіп, ауыл тұрғынының жұмыссыздыққа қатысты ұсынысын назарға алды.
Іс-сапар Мергенсай ауылдық округіне қарасты, Тастүбек елді мекенінде жалғасты. Тастүбектегі №58 орта мектебінің бастауыш сыныптар филиалымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Теңіз қолтығындағы ауылдың тұрмысы қалыпты. Дені балық және мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі таңда ауылда 20-ның үстінде түтін бар. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселенің негізгісі мектептің болашағы, ауыз су және жол. Сондай-ақ ауыл сыртынан скважина қазу мәселесі де сөз болды. Аудан басшысы көтерілген мәселелердің орынды екенін айтып, Президент тапсырмасына сай 2025 жылға дейін елді мекендердің барлығы сапалы ауыз сумен қамтылатынын жеткізді. Алла сәтін салса ауылға келер жылы ауыз су тарту жұмыстары қолға алынбақ. №58 мектеп филалын өз алдына бастауыш мектеп қылу жөніндегі ұсынысты ескеріп, жауапты бөлім басшысына мәселені назарға алуды тапсырды.
Жолға қатысты ұсыныс көп қаржыны қажет ететіндіктен мәселе қиын екені айтылды. Тек жайсыз ауа-райында көлік жүруіне қиындық тудыратын жерлерді тегістеп, батпақты жерлерді дамбылауға мүмкіндік қарастыруға болатынын айтты. Бұған қатысты жауапты бөлім басшыларына тапсырма жүктеді.
Аудан әкімі сапар барсында ауылда жаңадан салынған медициналық бекеттің жай-күйімен танысты. Ғимараттың кейбір бүлінген аумақтарын қалпына келтіруді айтып, жауаптылармен тығыз байланыста жұмыс жасау керектігін жеткізді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі