Қызылорда қаласындағы отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауылы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуге бағытталған. Мұнда балаларға сапалы білім беріліп, отбасы жылуын сезінетін жайлы орта қалыптасқан. Мекеменің құрылғанына биыл 10 жыл толып отыр. Осыған орай, балалар ауылында республикалық деңгейде екі күндік іс-шара ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Атамекен» балалар ауылының директоры Лиза Скакова айтты.
– «Атамекен» балалар ауылы 2015 жылдың 1 маусымында 80 балаға арнап ашылған болатын. Қазіргі таңда 3 жастан 18 жас аралығындағы 46 бала тәрбиеленіп, білім алып жатыр. Осы 10 жылдың ішінде балалар ауылынан 93 түлек ұшып шықты. «Атамекен» балалар ауылының ең басты міндеттерінің бірі – тәрбиеленушілерімізді отбасына орналастыру. 10 жылдың ішінде 43 баланы өздерінің әртүрлі отбасына орналасты. Балалар ауылынан түлеп шыққан 93 баланың 27-сі жоғары оқу орнымен қамтылды. Қазіргі таңда олардың көбісі оқу орындарын аяқтап, өз мамандықтары бойынша жұмыс істеуде. Сонымен бірге, «Атамекен» балалар ауылында тұратын балалардың барлығын да міндетті түрде тұрғын үймен қамтамасыз етеміз. Шыққан түлектердің 47-і кезектері бойынша мемлекеттен тұрғын үй алып отыр,- деді Лиза Ноғайқызы.

Баспасөз конференциясында Қазақстанның SOS Балалар ауылдары корпоративтік ұлттық қорының директоры Гүлжан Асанова мен Республикалық жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мекемелері директорлары кеңесінің төрайымы Майра Бейсеканова да атқарған жұмыстарымен бөлісті.
– Отбасылық қамқорлық саласындағы отыз жылдық жұмыс пен халықаралық практикаларды бейімдеу бізге едеуір тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді. Оны интернаттық мекемелердің мамандарымен бөлісу үшін 2021 жылы ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп Отбасылық үлгісіндегі балалар ауылдарының үйлестіру кеңесін құрдық. Оның жұмысы заманауи тәсілдерді, тексерілген іс-тәжірибелерді, балалар және отбасылармен өзара әрекеттесудің тиімді әдістерін таратуға бағытталған. Бүгінде Үйлестіру кеңесі «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен жұмыс істейді. Отбасылық үлгідегі 11 мемлекеттік балалар ауылы біздің әдістемелік-практикалық қолдауымызбен отбасылық қамқорлықтың халықаралық стандарттарын енгізуде, — деді Гүлжан Сатылханқызы.

Балалар ауылында республикалық деңгейде екі күндік іс-шара ұйымдастырылады.
– Мен бұл жерде өзімнің атқарған жұмыстарымды емес, «Атамекен» балалар ауылының басшысы Лиза Ноғайқызы жайлы айтқым келіп отыр. Бұл салада кез келген адам жұмыс істей алмайды. Ол үшін үлкен жүрек керек. Сен өз балаңды қалай жақсы көрсең, ол балаларды да солай жақсы көруің керек. Сол жердегі балалар үшін бар мейірімін төгіп, ыстық құшағын аямаған бірден бір адам болса, ол – Лиза Ноғайқызы. Ең бірінші күннен бастап балалар үшін өзінің кәсібилігін де, адамдығын да пайдаланып бүгінгі күнге жетіп отыр. Осы орайда баршаңызды 10 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын,- деді Майра Баймұқанқызы.
Республикалық іс-шараның екінші күні «Арман қанатындағы 10 жыл» атты қайырымдылық гала-концертпен жалғаспақ.
– «Атамекен» ауылымен танысқалы Қызылордаға қандай да бір іс-шарамен табан тіресем міндетті түрде осы балалардың түрін көріп, жағдайын біліп кетуге асығып тұрамын. Бөтен бала жоқ, бала бәрімізге ортақ. Бұл балалар – еліміздің ертеңі. «Атамекен» балалар ауылына ең алғаш барғаным, қалай қуанғаным әлі есімде. Лиза Ноғайқызы балаларға қамқор ана бола білді, оған біз де куәміз. Осы 10 жылдық мерейтойда сіздермен бірге болғаныма өте қуаныштымын. Мен жалғыз келген жоқпын, балалардың қуанышын еселеу үшін өзімнің әріптестерімді, елімізге белгілі эстрада жұлдыздарын алып келдім. Балалардың қамқорлығы, сыйластығы, бір-біріне деген сенімі – сондағы тәрбиешілердің тәрбиесі деп білемін,- деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Жеңіс Ысқақова.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі