Бүгінде Арал ауданы халқының 72 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта Арал қаласының бергі бөлігі мен Сыр беткейінде орналасқан 15 мыңнан астам тұрғыны бар 18 елді мекенді кезең-кезеңімен табиғи газға қосу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев мәлімдеді.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында Арал өңіріне қатысты екі маңызды әрі жағымды жаңалықты атап өтті. Оның бірі – Кіші Арал теңізін сақтап қалуға бағытталған нақты шаралар болса, екіншісі – «Сексеуіл – Бейнеу» бағытындағы автомобиль жолының құрылысын жеделдету мәселесі. Қазіргі таңда бұл ауқымды жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Аталған жоба өңір экономикасына серпін беріп, Сексеуіл кенті мен Қосаман, Ақеспе, Ақбасты және Құланды елді мекендеріндегі жол қатынасын жақсартып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлікті дамытуға тың мүмкіндік береді, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, Ұлттық құрылтайда Президент көлік-логистика кешенін дамытуға қатысты бірқатар нақты міндеттер жүктегенін атап өтті. Осыған сәйкес, биыл «Қызылорда – Ақтөбе» бағытында 4 жолақты жаңа күре жолдың және «Бейнеу – Сексеуіл» автожолының құрылысы басталатын болады.
Өткен жылдың мамыр айында ауданда теміржол үстінен салынған көпір халық игілігіне пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Моно және шағын қалаларды дамыту», «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламалары аясында аудан көлемінде бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Сонымен қатар, биыл 8 инвестициялық жоба іске асырылады деп жоспарланып отыр. Бұл жобалар толық жүзеге асқанда 139 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Онымен қоса, кальцийлендірілген сода зауытының құрылысы да бастау алады деп жоспарлануда.




Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі




