Сенбі, 31 қаңтар, 03:35

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Аралда балық шаруашылығы мен туризм саласы қарқынды дамуда

30.01.2026

15

0

623422528 2515328612195969 8657394540319624542 n
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Өткен жылы Арал ауданында 6 726 тонна балық өңделіп, оның 3 475 тоннасы алыс және жақын шет елдерге экспортталды. Бүгінде ауданда 30 000 тоннаға жуық өнім өндіруге қауқарлы 10 балық өңдеу зауыты жұмыс істесе, 15-ке жуық балықты сұрыптау, қатыру және сақтау цехтары тұрақты қызмет атқаруда. Сонымен қатар, аудандағы 2 кәсіпорын Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін “Еврокод” белгісіне ие. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев мәлімдеді.

— Арал тағдыры Мемлекет басшысының тікелей назарында екендігі тағы бір мәрте дәлелденді. Жылдар бойы жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Кіші Арал теңізінің қалпына келе бастағанын көріп отырмыз. Сонымен қатар, Көкарал бөгетін биіктетуге қатысты нақты шаралар қолға алынып, аталған жұмыстарды осы жылдың соңына дейін бастау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, алдағы сәуір айында Арал мәселесіне арналған Халықаралық экологиялық саммит өтеді. Бұл бастама барша аралдықтар үшін үлкен қолдау. Арал теңізі мәселесіне шетелдік мемлекеттер мен халықаралық қорлардың назарын аудару, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған жобалар ел Үкіметі мен аймақ басшысының тұрақты бақылауында, — деді аудан әкімі.

Арал ауданы бүгінде Сыр өңірінде туристік әлеуеті жоғары аймақтардың бірі ретінде танылып келеді. Атап айтқанда, Орта Азияда алғаш рет ауданда «Geopark Aral» туристік орталығы ашылды. Бұл нысан тек инфрақұрылымдық жоба ғана емес, Арал өңірінің табиғи, тарихи, геологиялық, мәдени және экологиялық бай мұрасын сақтау мен кеңінен танытуға бағытталған маңызды бастама.

— «Geopark Aral» – ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер тізіміне енуге ниетті Қазақстандағы бірегей жоба. Бұл бастама экотуризмді дамытуға, халықтың экологиялық сауаттылығын арттыруға, тұрақты табыс көздерін қалыптастыруға және Аралдың бай мұрасын келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған. Қасиетті өңірдің қойнауында жатқан тарихи сыр мен табиғи құндылықтар енді геотуризм арқылы әлемге танылмақ. Егер біз осы жоба арқылы ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер қатарына қосылатын болсақ, халықаралық қорлардан қомақты қаржы тарту арқылы кемінде 5 туристік нысанды халықаралық деңгейде дамытуға мүмкіндік аламыз. Қазіргі таңда аудан аумағында ішкі және сыртқы туристерге қызмет көрсететін 40-қа жуық қоғамдық тамақтану орны жұмыс істейді. Сонымен қатар, туризм бағытында 10 негізгі нысан белгіленген. Олардың қатарында Қамбаш жағажайы, Көкарал бөгеті, Ақеспе ауылындағы «Ыстық су» бұрқағы, Шижаға аққұмы, Көкарал су плотинасы, Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы, Кердері 1–2 аймақтары, Арыстанбаб кесенесі, Аралтұз зауыты және Бегім ана кесенесі бар,- деді Аманжол Сақыпұлы.

Айта кету керек, өткен жылы ауданға келген ішкі туристер саны 14 мыңнан асса, шет елдерден келген қонақтар саны 900-ден асты.

620014809 2515328625529301 6111999268449232477 n
623284027 2515328695529294 8144856311544804982 n
622814732 2515328665529297 378935690820126131 n
622799528 2515328675529296 5214484407855022625 n

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика