Жексенбі, 13 сәуiр, 02:48

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

12 сәуір – Ғылым қызметкерлерінің күні

11.04.2025

52

0

12 сәуір – Ғылым қызметкерлерінің күні
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр. Сол себептен кез келген елде ғылым келешектің кілті іспеттес. Атаулы дата 2012 жылдан бері аталып келеді. Бұл күннің бекер таңдалмағаны белгілі. Себебі 12 сәуір — Ғылым академиясының тұңғыш Президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күні. Мереке қарсаңында Қорқыт ата атындағы ҚУ Ғылым департаментінің директоры Наргүл Сақтағанова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде профессор, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты, доцент, Қызылорда ашық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректор, экономика ғылымдарының кандидаты Айгүл Әлібекова, Қызылорда ашық университетінің Ғылым басқармасының басшысы, техника ғылымдарының кандидаты Нұржамал Сайлаубекова мерекенің маңызын айтып, ғылым туралы ой-пікірімен бөлісті.

— Университетте ғылыми жетістіктер жетерлік. Жалпы, ғылым ізіне түскен ғалымдарымызға жағдай жасалған, қолдау бар. Ғалымдарымыздың бірнеше мақалалары әлемдегі ең ірі ғылыми деректер қоры және библиографиялық мәліметтер базасы “Scopus” — қа шықты. Одан бөлек те, базаларда мақалаларымыз жарық көрді. Ғалымдардың осындай жетістіктеріне бізде қаржылай сыйақы қарастырылған. Себебі еңбек, ғылым бағалануы керек. Алдағы уақытта да ғылыми жетістіктерімізбен қуантамыз деген ниеттеміз,- деді Наргүл Аманқызы.

Онан соң Ғабит Әнешұлы қазіргі таңда жүргізіліп жатқан жоба туралы йтып берді.

— Қазіргі жүргізіп жатқан жобамыз “Шетелдегі қазақ топонимикалық аңызы. Қазақтың жер-су атауларына байланысты аңыздар. Сондықтан мұны халықаралық жоба деп те айтуға болады. Біз Ресейдегі, Моңғолиядағы топонимикалық аңыздарды жинадық. Ендігі жоспар Қытайдағы топонимикалық аңыздарды жинау. Көршілес жатқан елдерде қазаққа қатысты қандай тарих бар, қандай әдебиет бар біз соны іздеуіміз керек. Абай “үш нәрсеге тереңіне бару қиын” дейді. Біріншісі дін, екіншісі ғылым, үшіншісі су. Үшеуінің де тереңіне бару оңай емес. Сондықтан бізге де ғылымда жаңалық ашып тастадық деу қиын. Қолымыздан келгенше жұмыс жасап жатырмыз,- деді Ғабит Әнешұлы.

Қызылорда ашық университетінде экологиялық зерттеулер мен су ресурстарын қорғау және жер асты суларының қорларын толықтыру мәселелеріне ерекше назар аударылады. Бұл зерттеулер біздің өңіріміз үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін де маңызды. Себебі адам өмірінің түрлі салаларын сумен қамтамасыз ету үшін жер асты суларына ерекше рөл бөлінеді. Жер асты сулары әлемдегі тұщы су қорының шамамен 30 пайызын құрайды.

— Бүгінде біздің ғалымдарымыздың еңбектері халықаралық деңгейде мойындалып отыр. Олардың ғылыми мақалалары Scopus, Web of Science сияқты беделді шетелдік деректер базаларында жарияланып, жоғары бағаланып жатыр. Бұл – отандық ғылымның дамуы мен әлемдік ғылыми қауымдастыққа қосқан үлесінің бір айғағы. Ғылым – бұл елдің стратегиялық дамуының негізі. Ғылыми зерттеулер мен жаңалықтар арқылы ғана біз болашаққа сенімді қадам жасай аламыз,-деді Айгүл Бекқожақызы.

Спикердің айтуынша университет ғалымдары күрішті өсіру және жинау сапасын жақсарту бойынша зерттеулер жүргізуде. Себебі күріш өсірудің технологиялық тізбегінің ең күрделі және маңызды буындарының бірі-егін жинау.

— Қазақстан Республикасында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жоғары сапалы күріш өсіру жөніндегі талаптарды арттыру астық жинау техникасының жаңа буынын құруды талап етеді. Бұл маңызды міндетті күріш өсіруге арналған машиналардың заманауи технологиялары мен кешендерін енгізу жолымен шешу жоспарланып отыр, бұл өнім сапасын одан әрі жақсартуды, сондай-ақ барлық астық жинау техникасының техникалық-экономикалық көрсеткіштерін барынша орындауды қамтамасыз етеді. Біздің университет ғалымдарының ғылыми зерттеулері өңірдегі ауыл халқының әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған,- деді Нұржамал Сайлаубекқызы.

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика