Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театр труппасы 1-6 қазан аралығында Қостанай қаласында алғаш рет өткен «QITFEST» халықаралық театр фестивалінде А.Островскийдің «Найзағай» драмасын сахналап, Алтын жүлде иеленді.
Халықаралық өнер додасында топ жарған театр ұжымын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтап, алғысын білдірді.
«Қадірлі жерлестер!
Қостанайда Ресей, Армения, Қырғызстан, Иран, Түркия, Грузияның және отандық танымал театрлар қатысқан «QITFEST» халықаралық фестивалі өткен болатын. Сол фестивальде Сыр өңірінің төл театры – Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық академиялық драма театры Алтын жүлдеге ие болғаны жайлы ақжолтай жаңалық жетті.
А.Островскийдің «Найзағай» драмасын қойған сахнагерлеріміздің осынау теңдессіз жүлдесі аймақ руханиятының мерейін асырып, кәсіби шығармашылық ұжымның мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Ұлттық театрдың негізі қаланған қала Қызылордадан барған қойылымның жоғары бағаланғаны еңбектің еселеніп қайтқаны деп білеміз.
Бұған дейін де талай фестивальде ең жоғары нәтиже көрсеткен театр труппасының репертуары жыл сайын толысып, көрермендерінің қатары артып келеді. Алдағы уақытқа да жүйелі жоспар құрған облыстық театр ұжымына қанжығамызға салған қомақты жүлдесі үшін зор ризашылығымызды білдіреміз! Алтын жүлде құтты болсын!» деп жазды облыс әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, театрдың шығармашылық ұжымы орыс халқының белгілі драматургі Александр Островскийдің «Найзағай» драмасымен екінші мәрте халықаралық деңгейде бас жүлде иеленіп отыр. Осыған дейін Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының 70 жылдығына орай өткен «Сырдың Сәбирасы» атты халықаралық театр фестивалінде бас жүлде алған. Фестивальге Грузия, Румыния, Қырғызстан театрлары қатысқан еді.
Театр директоры Мұхтар Ниязовтың айтуынша, іргелі өнер ұжымының шығармашылық жетістіктері – аймақ басшысының айрықша қолдауының нәтижесі.
– Қазақстан, Ресей, Армения, Қырғызстан, Иран, Түркия, Грузия сияқты елдердің маңдайалды театрлары бақ сынаған бұл додада топ жару – біз үшін үлкен жетістік. Айта кету керек, «Найзағай» қойылымы екінші мәрте халықаралық фестивальде өзін дәлелдеп, жүлделі жоғары орыннан көрініп отыр.
Қойылымның режиссері халықаралық, республикалық фестивальдердің лауреаты Дина Жұмабаеваға да айтар алғысымыз шексіз. Бір жылда екі бірдей халықаралық фестивальде бас жүлдеге ие болу – жай ғана кездейсоқтық емес. Бұл – біздің аймақтағы театрға деген дұрыс көзқарас пен лайықты қолдаудың нәтижесі.
Ал театр шығармашылығы толассыз ізденіс үстінде. Атап айтар болсақ, өткен жылы Алматыға, Астанаға бірнеше мәрте гастрольдік сапарға шықтық. «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының шақыруымен Анкара қаласына барып, өнер көрсетіп қайттық. Көктемде театрдың 70 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде атап өттік.
Тағы бір үлкен жаңалығымыз – 2007 жылдан бері Бішкекте өтетін «ART-ORDO» деген Орта Азиядағы ең белгілі, беделді фестиваль бар. Театр саласындағы кісілерге жақсы таныс. Жылда осы жаққа мойын созып, қолымыз жетіңкіремей жүрген. Кеше Қырғыз елінің тиісті министрлігі біздің театрдың биыл барлық іріктеуден өтіп, осы фестивальге қатысатынын жеткізді. Бұйырса бауырлас елдің өнер көгінде де Сырдың «Найзағайын» жарқылдатамыз. Сәті болсын, – дейді театр басшысы.
Иә, аймақ басшысы мәдениет, өнер, руханият саласын тұрақты назарда ұстап, уақыт талабына сай сала мамандарының кәсіби жетілуіне, әлеуметтік жағдайының дұрыс болуына барынша қолдау білдіріп келеді. Нәтижесінде мәдениет саласының мамандары шет елдерге шығып, білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасуда. Өткен жылы мәдениет саласы мамандарына 40 пәтер табысталып, оның он шақтысын театр артистері иеленді.