Өнер орталығында Сыр бойының талантты перзенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Кеулімжай Ботабаевтың шығармашылығына арналған Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің «Мәртебелі маэстро» атты концерті өтті.
Ұлағатты ұстаз, таңдаулы музыкант, білікті басшы Кеулімжай Шалтақбайұлы аймақтың кәсіби өнер ұжымдарының шығармашылық потенциалын қалыптастыруға, төл оркестрлеріміздің негізін қалауға атсалысқан бірегей талант иесі. Ол саз әлемінің сардары ғана емес, талай таланттың өнердегі жолына жарық түсірген ұстаз, руханият жанашыры.
Музыка мэтрі дирижерлық еткен кештің шымылдығы Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің орындауында Түркештің «Көңіл ашар» күйімен ашылды. Мұнан соң оркестрдің сүйемелдеуімен «Құрмет» орденінің иегері Самал Байсейтова, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаттары Бисенбек Төлеубаев, Мағжан Аманжолов, Жалын Жүсіпов және оркестр әртістері Дархан Мырзаханұлы (виолончель), Бағдат Құдайбергенов (шертер), Мақсат Мұхамеджан (прима), Болат Күзембаев (домбыра), Жансая Байжанова (қобыз), Тоқтар Ағыраев (қылқобыз), Ербол Мылтықбай (баян), Нүргүл Бақытқызының (домбыра) орындауындағы қазақстандық және шетелдік белгілі композиторлардың вокалдық, классикалық және аспаптық шығармаларын көрермен қауым ыстық ықыласпен тыңдады.
– Бүгінгі концертке атсалысқан барша шәкірттеріме, руханият жанашырларына алғысым шексіз. Сыр бойы – төл өнердің, төлтума өнердің қарашаңырағы. Кәсіби музыкант ретінде, музыка өнерінің де оңай емес екенін айтқым келеді. Білім беру саласынан бөлек, шығармашылықпен ұзақ жылдардан бері айналысып келемін. Қанша шәкірт тәрбиеледім. Қанша таланттың жұлдызын жағуға, өмірден де, өнерден де өз жолын табуға көмектестім. Бүгінгі концерт сол еңбектің бір көрінісаі ғана, — дейді Кеулімжай Шалтақбайұлы.