Кеңестік дәуірде көркем шығармаларды көптің алдына шығару үшін арнайы сүзгіден өткізуші еді. Нарық заманы туғанда кімнің ақшасы болса сол өнер адамына айналды. Бұл – әннің де басынан кешкен хәлі. Дәл осыдан бастап талғам таяздады. Тыңдарман талғамын өсіру үшін таңдаулы, сезімге суарылған әндер таңдалу керек еді. Әйтсе де ондай әндерді уақыт өзі сұрыптап, «айқайлағанның бәрі әнші емес, ән шығарғанның бәрі Шәмші емес» екенін таныта бастайтыны анық.
Біз тума талант, дарынымен дараланған өнер адамы туралы сөз айтпақпыз. Ол – Сырдың ғана емес, күллі қазақ ән өнерінің қадірлісі Рамазан Тайманов.
Композитордың есімі сонау 1986 жылғы тоталитарлық жүйенің көбесін сөккен Желтоқсан көтерілісі кезіндегі қазақ қыздарының қайсарлығын, ұлтжандылығын паш еткен «Қазақ қызы» әнімен асқақтап шықты. Әлі күнге дейін әр жас кеуденің рухын қозғап, елін, жерін сүюге үндейтін осы әннің бойындағы өр рухты алмастыратын жауһар шығарма өмірге келген жоқ.
Композитордың «Қорқыт қобыз» әні 2000 жылы республикалық «Жас қанат» конкурсында жерлесіміз Гүлнұр Оразымбетованың «Азия дауысында» жеңіске жетуіне жол ашты. Ал 2022 жылы «Қазақстан дауысы» жобасында жас талант Құралай Мейрамбек осы әнді жаңаша бағытта орындап, жеңімпаз атанды.
Композитордың бұл әні – өте күрделі шығарма. Ол жөнінде Рамазанның өзі: «Менің жазған ән мақамым қазіргі айтылып жүргендегіден басқалау болатын. «Жас қанатта» Гүлнұр оны өз мақамына салды. Әндегі жыраулар сарыны, Қорқыт күйі ашылмады. Оны менің жазған түпнұсқадағы мақаммен әлі күнге еш әнші орындай алмай жүр», – дейді. Ал, ендеше! Гүлнұр түпнұсқаға түспей-ақ бүкіл жұртты орнынан тұрғызған болса, «Қорқыт-қобыздың» құдіреті қайда жатыр?!
Бұл ән «Азия дауысы» фестивалінің негізін қалаушы, атақты продюссер Мұрат Ерғалиевті де таңғалдырыпты. «Рамазан ән өнеріне революция жасады. Қазақтың күй мақамын эстрадаға алып келді» депті ол. Шынында, баспасөзде «Қорқыт-қобыздан» кейін эстрада қазақыланып, терме-күй мақамдарының кеңінен қолданыла бастағаны айтылып жүр.
Рамазан – керемет композиторлығына қоса ұлағатты ұстаз бола білген жан. Гүлнұр Оразымбетова, Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев, Серік Ибрагимов секілді қазіргі қазақ ән өнерінің шынарлары – ұстаз Таймановтың шыңдаған шәкірттері.
Рамазанның шын талантқа деген жанашырлығы, олардың әрқайсына туған баласындай қарап қамқор бола білген әкелік мейірбандығы – әркез шәкірттерінің аузында жүретін әңгіме. Солардың бірі талантты әнші Серік Ибрагимовке қатысты сөз.
Бір жылы әлі балаң Серік Жаңақорғаннан қалалық ән байқауына келеді, бірақ жүлде ала алмайды. Оның тереңінде бұлқынып жатқан дарынын байқаған Рамазан продюссерге: «Осы баланың республикаға баруына көмектесейік» дейді. Өйткені, орын алмаған бала республикалық сайысқа қатыса алмайтын. Сонымен, Серік Алматыға баратын болады. Алайда уақыт жақындағанда ата-анасы баланың бара алмайтынын айтады, оның себебі сахналық киімдері жоқ екен. Рамазан дереу көлігіне мініп, Жаңақорғанға қарай тартады. Баланы үйінен алып шығып базарға апарып киіндіріп, Алматыға алып кетеді. Сол жолы өзімізде бас бәйге, бірінші орын алғандар құр қалып, қатарға ілікпеген Серік екінші орынды олжалап қайтады.
Міне, нағыз жанашыр дегенің осы – Рамазанның қамқорлығы. Егер сол кезде дәл осындай қолдау көрсетілмегенде талантты Серіктің тағдыры қалай болар еді?..
Рамазан өмірде қарапайым, үлкенмен де, кішімен де «құрдас», маңғаздық, кісімшілік оған жат. Егер оны бірінші рет көрген адам болса, түр-тұлғасына қарап атақты композитор дегенге сене алмасы кәдік. Тіпті, баяғы Жансүгіров поэмасындағы «осы ма, Құлагерің, жүйріктігі қай жерінде…» деп хас тұлпардың тұрқына көп жұрттың таңғалғанындай күйге түсер еді. Ал енді ән деген құдіреттен әмір келсе, онымен иықтасып тұруың қиын, ол – асқақ. «Шабытым келген шақтарда – құмырсқаң да бір, сен де бір, Құдайың да бір, мен де бір» деп Өмірзақ ақын айтқандай, шамасы.
Рамазанның әндері әлдебір әсерден емес, әсілі түбі терең жүректен тартып шығаратын жібек тіннің бойындағы қобыз қылшегінің сиқырлы ырғағынан туады. Оны басқаша түсіндіру қолдан келмейді. Түсінгенім, ол өзінің ән көркемдігіне ұқсайды.
Біз екеуміз оншақты жыл жас айырмамызға қарамай-ақ дос адамдармыз. Оның өткірлігі өз алдына, бетің бар, жүзің бар демей ақиқатты айтатыны тұлғасына жарасып тұрады. Рекеңнің тұлабойына аса қарапайымдылық пен сол бір қайсар мінездің қалайша қатар сыйып тұрғанына қайранмын. Кереғар күшті біріктіріп ұстау рухы биік адамның ғана әлі келетін дүние болса керек.
Құдіретті де, қуатты ән тудыру үшін мұндай қасиеттердің сол болмыстың өзінде болуы міндетті. Рамазан – бұл тұрғыда мойындалған өнер тұлғасы.
1996 жылы Эстонияда өткен бүкілдүниежүзілік «Аплаус» балалар шығармашылығы фестивалінде КСРО Халық артисі, әйгілі композитор Раймонд Паульс Таймановтың «Қызылорда жастар әнін» фестивальдің ең таңдаулы әні деп бағалап, эстон өнерінің «Алтын қорына» жаздырып алған.
Сонау 1997 жылы оның «Айналайын» әні балалар фестивалінің гимні ретінде қабылданған. Әр композитор өз әнінің гимнге айналғанын армандайды, мұндай бақытқа жеткендер санаулы ғана. Мұны біз «Айналайынға» қатысты ғана айтып отырған жоқпыз. Рамазанның Құдайберген Қазыбековтің өлеңіне жазған «Қазағым», Шәкизада Әбдікәрімовтің өлеңіне жазған «Сыр-ана» әндері де гимнге айналып кетті десек, ешкім де артық айттың демейді.
21 мамыр күні мәдениет пен өнер қызметкерлерінің мерекесіне орай Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығанда» салтанатты шара өткізілген еді. Осы шарада сөз сөйлеген облыс әкімі Н.Нәлібаев композитор Тайманов әндерін орындаушылардың республикалық конкурсы өтетінін айтып, мерейтой иесінің мерекесі лайықты аталатын болады деген-ді.
Күні кеше Рамазан Таймановтың 70 жасқа толуына орай «Сыр-ана» атты республикалық ән конкурсы өткізілді. Еліміздің әр аймағынан келген талантты әншілер сынға түсті. Конкурстың мақсаты композитор Рамазан Тайманов әндерін жас ұрпаққа дәріптеу, оның әндері арқылы елдің рухын биіктетіп, қазақ эстрадасындағы жас таланттардың орындаушылық шеберлігін арттыру болды.
Композитордың мерейжасы Сыр өнеріне ортақ мерекеге айналды.
Қай саланың майталманы болса да, лайықты бағасын алғаны абзал. Атақ оған емес, оны мақтан тұтатын кейінгі ұрпақ үшін керек.
Рамазан Тайманов – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» ордені, «Шапағат» медалінің иегері, Қызылорда облысының, Қызылорда қаласының, Сырдария ауданының құрметті азаматы. Мұның бәрі – көп жылғы тер төккен еңбектің жемісі.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ